Әрі арзан, әрі жайлы

0 1

«Fly Arystan»-ның ұшағы тұңғыш рет «Әулие-Ата» әуежайына келіп қонды

Бұрындары, тіпті күні бүгінге дейін шұғыл шаруасымен жолға шыққан бұқараның бейнетпен тапқаны билетке жетпейтін еді. Себебі діттеген жеріңе дереу жеткізіп, қырандай қалықтаған ұшақтардың бағасы өздерінен де биік шарықтайтыны жасырын емес. Салдарынан соңғы екі жылда қазақстандықтардың тоқсан пайызға жуығы ұшаққа емес, басқа транспорт түрлеріне жиі жүгінетін болған. Басты себеп – сол баяғы қалта көтермейтін билет құны. Енді бұл мәселенің де шешімі табылған сыңайлы. Апта басында арзан бағада халыққа қызмет көрсетуге ниет білдірген «Fly Arystan» бюджеттік әуе компаниясының «Airbus A320» ұшағы тұңғыш рет «Әулие-Ата» әуежайына келіп қонды.

Жаңа әуе компания лайнерінің дизайны, ішкі құрылымы, кәсіби пилоттардың тәжірибелік шеберлігімен қоса, арзан бағасы көпшіліктің көңілін қуантты.
– Бүгін бізде техникалық рейс. Яғни жолаушылар болған жоқ. Жолаушылар 1 мамыр күні Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып барады, ал кешкісін Алматыдан Тараз қаласына келеді. Алла жазса, мамырдың 1-нен Нұр-Сұлтан – Тараз, 2-сінен бастап Қарағанды – Орал және 30 мамырдан бастап Алматыдан Павлодар мен Шымкентке қатынаймыз. Біздің ұшақтардың орта жасы 6 жаста. 180 орындық. Салоны реканфигурациядан өткен, орындықтары түгелімен ауысты­рылып, германиялық зауыттың өнім­дері пайдаланылған. Жолаушы­лар­ға барынша жайлы орналастырылған. Мәселен, бұрындары газет-журнал салатын орын жолаушының аяқ тұсында орналасып, салдарынан емін-еркін отыруға қолайсыздау болса, қазір оны жоғары жаққа орнатып, жолаушыға кең орын ыңғайластырылған.
Бұл-Таразға келіп қонған бірінші ұшағымыз. Алдағы бір айда екінші ұшақ келеді. Жыл соңына дейін тағы да екі ұшақпен толығамыз. Ал, 2022 жылға дейін 15 ұшаққа көбейеді деп жоспарлап отырмыз. Таразға билет 4 мың теңгеден бастап сатылады. Бұл «Лоукостер» атты дүниежүзілік бюджеттік компанияның жүйесі. Әлемде бұрыннан бар болғанымен, біздің еліміздегі бірінші әуе компаниясы. Енді жолаушылар ең арзан бағаға ұшып баратын билет алып, 5 келіге дейін қол жүгін тегін алып жүре алады. Қосымша жол жүгін алып барамын десе тағы да ақша төленеді. Мәселен отыз келі жол жүгі 6 мың теңге болады. Былайша айтқанда ол да аса қымбат емес.
1 кісі жол жүгін қосымша ақша төлеп 60 келіге дейін алып бара алады. Және де бордтық тағамға тапсырыс беру бойынша алдын ала сайттан немесе ұшақта төлем картасымен жүзеге асыруға болады. Орынды таңдау, алғаш рет ұшаққа отырғандарға қажетті кеңестер беру секілді қызмет түрлері де қарастырылған. «Эйр Астана» әуе компаниясының департаменті болғандықтан, барлық инженерлік флот, ұшақ командирлері, борд серіктестері тәжірибесі мол мамандар. Қауіпсіздік жағы толық қамтамасыз етілген, – дейді «Fly Arystan» бюджеттік әуе компаниясының пиар менеджері Ләззат Набиева.
Жолаушыларды тасымалдауға сақадай сай ұшақтың қолжетімді билет бағасы жөнінде бізге аталмыш компанияның сату және маркетинг жөніндегі директоры Жанар Жайлауова әңгімелеп берді.
– Билет құны белгілі бір бағадан бастап жоғары көтеріледі. Түрлі тарифтер бар. Арзандары бітсе, қымбат орындары саудаға шығады. Сондықтан, жолаушыларға билеттерді алдын ала, ертерек брондауға кеңес береміз. Сол кезде билет әлдеқайда арзан болады. Мәселен, күзге жоспар құрып жатса, билетті осы бастан брондап қойса, оны ең арзан бағамен ала алады. Ал, демалыс, мейрам күндері сұраныс көп болғандықтан, арзан билеттер тез алынып қояды да, қымбатына кезігеді. Бағалардың құбылып отыруы бұрыннан бар. 1 мамырға халықтан сұраныстың көп болуы көңіл қуантады.
Қазір қоғамда ең қымбат құндылық адамның уақыты ғой. Кәдімгі пойызбен немесе автокөлікпен баратын жол шығынымен ұшақтарымыз да теңесіп отыр. Бірақ жеңіл көлікпен 6-7 сағатта баратын Алматыға 1 сағатта ұшып бару арқылы көп уақытыңыз басқа да шаруаларыңызды сәтті тындыруға мүмкіндік береді. Бұйырса осы жылдың соңында немесе келер жылдың бірінші жартысында шетелге де шығатын боламыз, – дейді ол.
Қолжетімді бағасына қызығып, тапсырыс берген жолаушылардың қарасы қалың. Олардың басым көпшілігі Flyarystan.com сайтынан брондағандар. Әуе компаниясының ұшағындағы сапалы қызмет пен ұтымды баға саясаты әрбір жолаушының көңілінен шығады деген сенімдеміз. Осылайша жарты сағаттан астам уақыт Таразда аялдаған «Fly Arystan» компаниясының ұшағы қайтадан көкке көтерілді.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.