Арқадағы ауыл Немесе сайрамбай дөненбаев ашқан «Шәушен» серіктестігі

0 4

Алдымда сонау жер ортасы Қарағандының Бұқар жырау ауданының Қаражар ауылдық округінен кеше ғана Құланға келген, өзіміз күн құрғатпай көріп жүретін көкдөнендік Тәліпбек Шақбаев отыр. Орда бұзар отыз жасында үш аяқты мотоциклімен Луговойдан шығып, Алматы – Талдықорған, Қабанбай, Аягөз, Жалғызтөбе, Семей, Павлодар, Екібастұз, Ерейментау асып, қайтадан Құланға келген Тәкең бүгінде жетпіс бес жаста. Бірақ әлі де бойынан қайраты таймаған. Белі бүгілмеген, жігері жасымаған. Өзі: «Мен он бес жасымда еңбекке араласыппын, содан бері де 60 жыл өтті», дейді.

 

Тәкең Құлан жеріне жағымды жаңалық әкеліпті. «Мен өзі Арқа жұртымен, онда да ерейментаулықтармен он бес жылдай бірге жұмыс істеген едім. Марқұм Сайрамбай былтыр қоярда-қоймай: «Сіз ол жақты менен жақсы білесіз ғой, маған жолдас болыңыз», деп өзімен бірге ала кеткен. Сол кеткеннен мол кеттік. Сөйтіп, Мәнжі батыр елінен бір-ақ шықтық. Табиғатын таңға айтып тауыса алмайтын Нұра, Соқыр өзендерінің бойынан қоныс тепкен Шахан, Шахтинск, Теміртау елді мекендері де жаңағы Қаражардан алыс емес. Осы ауылда қазір жасы 83-ке келген Халел Байбақыттыұлы Досмұханов қария тұрып жатыр. Ол кісі Сара Алпысқызының туған жері екенін, Бұқар жыраудың атын алып отырған аудан халқының меймандостығын айтып, құлақтың құрышын қандыратын әңгімесімен Сайрамбайдың мейірін қандырған. Сонымен, шешен әйел Алеулова басқарған «Мәнжі батыр» шаруа қожалығынан Сайрамбай он бес мың гектар жер сатып алды. Жеті қора-жайы мен жеті тұрғын үйі, асханасы мен дүкені, клубы бар шағын ауыл сонымен Алатаудан келген арқалы жігіт Сайрамбай Әліқұлұлының иелігіне көшкен. Шіркін, сонда Сәкеңнің қуанғанын айтпаңыз, «Бұл менің көптен көкейде жүрген арманым еді», деп ас берген. Міне, сол Арқадағы ауылға Сайрамбай 800 қылқұйрықтыны, тәулігіне 20 литрден сүт беретін жүз бас ресейлік қара төбел сиырларды әкеліп, «Шәушен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашты. Осы серіктестік өткен жылдың алтыншы маусымында Әділет басқармасында заңды тіркеуден өтті», дейді Тәкең Арқа жұртына барғалы тындырған тірліктерін жіпке тізіп.

Иә, осындай алпауыт шаруа тек Сайрамбайдың қолынан келетін еді. Өкінішке қарай, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алғаннан кейін арамызда көп жүрген жоқ. Елу бес жасында кенеттен көз жұмды. Бірақ артында айдан-айға, жылдан-жылға айтып тауыса алмайтын іс қалдырып кетті. Көзі тірісінде үлкен ұлы Абайдың атына осы Арқадағы серіктестікті тіркетіп кетті. Осы ұлдың атын Абай деп те Сайрамбай тектен-текке атамаған-ау. «Осы Арқадан ауыл алсам, Абайды соған басие етемін» деп те ойлаған  шығар. Не десеңіз де енді «Сұмқайтыдағы» «Шәушен» шаруа қожалығының Арқада да аттас серігі бар, ағайын.

Сонымен, Тәкең қалтасынан әбден ақжем боп сүрленіп кеткен ұялы телефонын қолына алды.

– Әлеу?! Сержан сенбісің? Мен қазір Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінің редакциясында отырмын. Аман-есенсіңдер ме? Ауылыңның жағдайын осы кісіге толық баяндап берші, – деді де, мені серіктестіктің қазіргі таңдағы атқарушы директоры Сержан Какимовпен байланыстырды.

Сержан Арқадағы ауылдың көктемгі тірлігін тегіс баяндап: «Аға, есенсіздер ме? Сайрамбай ағаға ас берейін деп жатқан көрінесіздер, қабыл болсын! Ал бізде қазір жағдай қарбалас. Сәкең сатып алып берген 15 мың гектар егістік алқаптың он мың гектары Шахтинск маңында. Қазіргі таңда қолда бар жеті «Кировец» және жеті «Беларусь» тракторымен көктемгі шаруаны аяқтап та қалдық. Дәлірек айтқанда, 2500 гектарға бидай, 1500 гектар алқапқа арпа, 1 гектарға картоп ектік. Қуатты тракторларды сол Жарлысудан келген ағайынды Қанат пен Санат Құрманалиевтер, Айбол Нұрманалы, қарағандылық Михаил Рыбаков пен Косовский жүргізуде. Иә, жылқылар да сенімді қолда. Оған ағайынды Аман мен Ұлан Батырбековтер көз қырын салып, тіпті 50 биені сауып, жақын қалаларға өткізуде», дейді.

Серіктестікте барлығы 50 адам жұмыс істейді екен. Онда егінді дәрілейтін, шөпті шабатын, оратын техника да жеткілікті көрінеді. Ал Тәліпбек Шақбаев ағамыз осында қырман әрі қойма меңгерушісі міндетін атқарады. Өзі мал дәрігері әрі зоотехник болса да тұқым жөніндегі агрономдардың міндетін олардан кем білмейтін болып алыпты. «Арқада Қазақстанның Еңбек Ері Христенко атындағы Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы бар. Тыңдағы өңір диқандары мұнда кеңінен тараған бидайдың «Карагандинская», «Степная» деген элиталы, суперэлиталы сорттарын себеді. Біз де өнімді көп беретін осы тұқымды септік. Әзірге жер жырту жұмыстары кеңінен қанат жаюда. Өйткені он бес мың гектар аз жер емес. Оны толығымен игеру үшін механизаторларымыз күн демей, түн демей жұмыс істеуі тиіс», деп әңгімесін аяқтады Т.Шақбаев.

«Орнында бар оңалар» дейді ата-бабаларымыз. Ендеше, еңбегімен ерлеген Сайрамбай Әліқұлұлының даңқты жолын жалғастырып жүрген Абай Сайрамбайұлына іске сәт дейміз!

 

Сейсен ҚОЖЕКЕ,

Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.