"Тарих. Таным. Тағылым."

Архив – халық тарихының қазынасы

Written by Aray2005

Өмір әлманахындағы әрбір сәт тамшыдай болса да теңіздей тарихты қалыптастыратыны анық. Адамның адам болып қалыптасу кезеңінен бастап, ел, қоғам, мемлекет болып мақсатқа жетуі, жеңіс биігін бағындыруы, уақыттың энциклопедиясына қолтаңбасын қалдыруы, осының бәрі – тарих. Әр адамның басқан қадамы, қалдырған ізі, тіршілігі мен тұлғалық қасиеттері, сіңірген еңбегі де осы тарихнаманың ажырамас бөлігі. Ал тарихтың қарашаңырағы – архив. Дәлелдер қоры, деректер қоймасы, өткеннің өлмес өнегесін өшірмей, өміршеңдіктің өңін беріп, өскелең ұрпаққа аманаттайтын ақиқат айнасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасын қолға алуды тапсыруы барымызды бағамдап, бағалап һәм бағымызға айналдырудың бірден-бір бағдары болып отыр.

«Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдар­ламасы табысты іске асырылды. Бірақ бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек», деп Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұнды мақаласында архив деректерін цифрлық форматқа көшіруді тапсырған болатын. Оның үстіне бұл төрден қойылған уақыт талабы.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз, – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, өткеннің өнегесін іздеп, жоқтаушысы болған жанашыр ұрпақтың «іздегенін алдынан тілемей-ақ тауып, шамнан шырақ жағатын» шаңырақтың бірі де осы мұрағат екені белгілі. Осы тұста 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарындағы бүгінде 108 қор, 32 мыңға жуық сақтау бірлігі бар, сонау 1923 жылдан бергі талай құжатты көздің қарашығындай сақтап отырған Тараз қаласының мемлекеттік архивіне арнайы ат басын бұрған едік. Ұлы далада екі ғасырдан астам уақыт бұрын пайда болған, ал ХХ ғасырдың 20-30-жылдары Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш ардақтылары қызғыштай қорыған архив саласының бүгінгі бет-бейнесі, тыныс-тіршілігіне қанық болдық.
– «Архив – 2025» бағдарламасы – тарихымызды түгендеуге берілген үлкен мүмкіндік. Еліміздегі архив ісінің қалыптасуы мен даму жолын үш кезеңге бөліп қарауға болады. Біріншісі – XVIII ғасырдың аяғы мен 1917 жылдар аралығындағы кеңестік кезеңге дейінгі уақыттар. Екіншісі – 1917-1991 жылдардағы кеңестер кезеңі. Үшіншісі деп 1991 жылдан бергі уақыттағы тәуелсіздік жылдарды айта аламыз. Әр кезеңнің өз алдына көптеген жауапкершілік жұмыстары болғаны бәрімізге белгілі. Мәселен, қазақ жерінде архив саласы алғаш рет 1794 жылы пайда болып, оның негізін салушы Әбілхайыр ханның тікелей ұрпағы Бөкей сұлтан болса, ізін жалғастырушы Жәңгір хан да архив ісінің сақталуына аса мән берген болатын. Сол уақыттың өзінде Бөкей ордасында архивтік құжаттармен айналысатын арнайы жұмысшылар қызметке алынып, отқа төзімді ғимараттар салынды. Мұның өзі сол кездегі қағаздың құндылығы мен сақталуына зер салған бабалар парасаттылығын көрсетеді. Бөкей ордасындағы «Хан ордасы архивінің» тағы бір ерекшелігі – еліміздегі алғашқы мемлекеттік архивті сақтап қалуында. Бұл хан ордасының архиві 1917 жылғы Октябрь революциясына дейін жұмыс істеп, кейін 1927 жылы Алматыға көшіріліп, қазіргі уақытта еліміздің Ұлттық архив қорының маңызды бір бөлігін құрап отыр.
Ал ХХ ғасырдың 20-30-жылдары ұлттық архив ісінің бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Молдағали Жолдыбаев сынды мәдениет қайраткерлері тұрды. Сол кездері архив саласы Қазақ АКСР-і Халық ағарту халкоматының, кейін келе 1938-1958 жылдары Қазақ КСР-і Ішкі Істер халкоматының қарамағында, 1958 жылдары Министрлер кеңесіне бағындырылып, облыс, аудан архивтері жергілікті әкімшіліктерге қарады. Архив қызметінің басты бағыттары – қор жинақтау, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, қор құрамын зерттеп, жүйелеу, ғылыми анықтамалар мен көрсеткіштер жасау, құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру және жария ету. Архивте сақталатын мемлекеттік, экономикалық, саяси-идеологиялық құжаттар ұлттық байлығымыздың бір бөлігі болып табылады. Еліміздегі архив қызметіне халықаралық байланыстардың артуы да оң ықпалын тигізіп отыр. Тәуелсіздік жылдары әлемдегі көптеген мемлекеттерден қазақ тарихына қатысты мыңдаған тарихи деректерге қол жеткіздік, – деп бастады өз сөзін Тараз қалалық мемлекеттік архивінің басшысы Нұрхат Серікбаев.
Әрине, тарихтан Тараздың һәм Тараздан тарихтың ешқашан ажырамайтыны әмбеге аян ақиқат. Ал көне шаһардың шежірелі ғұмырына байланысты көптеген құжаттар да осы қалалық архивтің алтын қорында сақтаулы.
– Тараз қаласының мемлекеттік архиві Жамбыл облысы әкімдігінің 2007 жылғы №160 қаулысы негізінде Тараз қаласының мемлекеттік мұрағаты мемлекеттік мекемесі болып құрылған. Архив қорында сақталған көне құжаттар 1923 жылдан басталады. Қалалық мемлекеттік архивтің құрылымдық бөлім­ше­лері іс-әрекеттің негізгі бағыттары бойынша төрт бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, олар ұлттық архив қорының сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік есебін жүргізу бөлімі, ұлттық архив қорын толықтыру, мекемелердің құжаттамалық қызметінің жұмысын қалыптастыру, үйлестіру бөлімі, әлеуметтік-құқықтық сұранысты орындау бөлімі және ғылыми-анықтамалық аппарат, құжаттарды жариялау және ақпараттық технология бөлімдері. Бүгінде архив есебінде 108 қор, 31 657 сақтау бірлігі сақтаулы тұр. Ұлттық архив қорындағы құжаттарды толықтыру аясында «Тараз қаласының Құрметті азаматтары», «Ұлы Отан соғысының ардагерлері», «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран», «Тараз қаласының спорт тарландары» және тағы басқа жеке тектік құжаттар топтамасынан құралған қор ашылып, біршама жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «Электрондық архив» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қазіргі заманға сай жылдамдығы жоғары сканерлер орнатылған. Яғни жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін жылдам және тиімді қамтамасыз ету жұмыстары жолға қойылған. Мекеменің ұлттық архив қорын толықтыру көздерінің тізіміне өкілетті органдар, атқарушы және сот биліктері, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мемлекеттік заңды тұлғалар, мемлекеттік емес құрылымдар және қоғамдық бірлестіктер енгізілген. Аталған мекемелерге құжаттардың сақталуы туралы әрбір тоқсан сайын әдістемелік көмек көрсетіліп, семинар сабақтары өткізіліп тұрады. Сондай-ақ мемлекеттік сақтаудағы құжаттардың жағдайын тексеру, өңдеу, тігу, өңі кеткен мәтіндерді қалпына келтіру, аса құнды құжаттарды анықтау сияқты жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. Қоймадағы құнды құжаттарға жоғары жауапкершілікпен қарау барлық архившілерге тән ортақ міндет, – дейді Нұрхат Тірібосынұлы.
Көзімізбен көргендей, тыныштықтың тұңғиығына тұнған қорлар қоймасындағы сарғайған құжаттарда сан мыңдаған адамның, ғасырға жуық уақыттың сыры сайрап жатыр. Бүгінде деректерді әлі де ғасырлар бойы мұртын бұзбай сақтауға арналған технологиялық құрылғылар орнатылыпты. Оларды цифрлық форматқа көшіріп немесе ешқандай компьютерлік вирус түспейтін арнайы қатқыл дисктің жадына сақтау арқылы кешегі мен бүгіннің құжаттарын келешекке аманат­тау ісі де ауыз толтырып айтарлықтай. Сонымен қатар қала­лық архив отандық және шетелдік әріптес­тері­мен де тығыз байланыста жұмыс жасауда.
– Мекеме қызметкерлері отандық архивтермен өзара ықпалдастықта болып, зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізуге баса мән береді. Мысалы, Әулиеата кезеңіне қатысты Шымкент қаласының мемлекеттік архивінің қорында сақталған құжаттар зерделеніп, Әулие-Ата уездік атқару комитетінің азаматтық хал актілерін жазу бөлімінің 1923-1935, 1936 жылдардағы латын тілінде жазылған құжаттарының көшірмелері алынды. Осы сынды құнды құжаттар Түркістан облыстық мемлекеттік архивінің қорында да бар. Себебі 1865 жылы Әулиеата мен айналасындағы аймақ Орынбор генерал-губернаторлығының Түркістан облысына кірді, сосын 1867 жылы орталығы Ташкент қаласы болып құрылған Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысына енген болатын. Қазан төңкерісінен кейін Әулиеата уезінде 1917 жылы Кеңес билігі орнады. 1928 жылы уезд орталығы Әулиеата қаласы Әулиеата ауданы болды. Кейіннен, яғни 1939 жылы Жамбыл облысы құрылғаны белгілі.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Шу-Талас өңірі Қазақ хандығының ажырамас бөлігі ретінде маңызды рөл атқарды. Бертін келе, 1815-1858 жылдар аралығында Талас алқабын Қоқан хандығы жаулап алып, өз құрамына кіргізді. Сөйтіп, қоқан билеушілері көне Мерке, Тараз қирандыларында бірқатар қамалдар мен бекіністер салды. Тараз қирандылары орнында Наманган-Көше қамалы мен мекені салынды, кейіннен ол Әулиеата атауын алды. Қала цитадель, қамал мен мекеннен тұрды. Қоқан кезеңі, ең алдымен, бекіністер салумен байланысты. Сол кездегі ең ірі бекініс Әулиеата қаласы болды. 1856 жылы Әулиеата қала болып есептеліп, оның тұрғындарының саны көшпелі қазақтардың отырықшылыққа өтуі арқылы көбейді. Осындай тарихи оқиғаларға дәлел болатын құжаттарды жинақтау, зерттеп-зерделеу алда тұрған басты міндетіміздің бірі. Елбасы «Архив– 2025» бағдарламасы аясында тарихшылардан, деректанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек» деген болатын. Осы мақсатта 2018 жылы Ташкент қаласына арнайы барып, «Әулиеата» кезеңіне қатысты құжаттарға зерделеу жұмыстарын жүргізіп келдік. Нәтижесінде Орталық Азия туралы Василий Бартольд және тағы да басқа көптеген археолог, тарихшылардың ортағасырлық қалалар, архитектуралық ғимараттар, керуен-сарайлары жайында орталық архив пен орталық кітапхананың сирек кездесетін кітаптар қорындағы «Түркістан әуесқойлар үйірмесінің» хаттамалары, ғылыми есептері бар екендігі анықталды, – дейді қалалық архив директоры.
Дәл осы бағытта Түркістан облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының Түлкібас аудандық мемлекеттік архивінің басшысы А.Маматаева мен Төле би ауданы мемлекеттік архивінің басшысы Е.Адилбеков Тараз қалалық мемлекеттік архивіне іссапармен келіп, жұмысымен танысып, өзара тәжірибе алмасып кетіпті. Сондай-ақ Тараздағы «тарихты сақтаушылар» архивтік құжаттардың жылжымалы заманауи сөрелерге орналасуы, құжаттарды электрондық нұсқаға көшіру, мекемелерден құжат қабылдау секілді іс-тәжірибелерімен бөліссе, биылғы Жастар жылы аясында «Ел ертеңі – білімді жастар архивте» атты көрме, экскурсия ұйымдастырылған. Көрмеге өңір тарихына қатысты құжаттар, мәдениет, білім, денсаулық, өнеркәсіп саласына үлес қосқан жеке тектік құжаттар мен тарихи деректер қойылып, насихатталыпты. Бұған қоса күні кеше ғана «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметі жөнінде ашық есік күні өткен. Аталған шараға халыққа қызмет көрсету орталығы, емханалар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қала тұрғындары қатысып, өздеріне қажет сауалдарына жауап алған. Міне, осы секілді игі істер әлі де жалғасын табуда.
– 1864 жылы қазақ жеріндегі ғасырлардан жеткен тарихи жәдігерлерге зерттеу жұмыстарын жүргізу басталып кетті. «Түркістан әуесқойлар үйірмесі» құрамындағы зерттеушілер тапқан жәдігерлердің санында есеп жоқ. Кейіннен біздің облыста да осындай ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында «Жамбыл археологиялық пункті» құрылғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Оның құрамында Александр Бернштам, Героним Пацевич, Лазарь Ремпель сынды белгілі археолог, тарихшылар болды. Зерттеуші ғалымдардың жұмыс жоспары, ғылыми есебі жайында жазылған құнды құжаттарды архив қорынан кездестіруге болады. Өңір тарихын зерттеуге зейін қойып, қызығушылық танытқан азаматтарға архивтегі құжаттар шын тарихты айғақтауға септігін тигізетіні анық. Архив қорының көлемі жылдан-жылға өсіп, тарихи оқиғалар мен айтулы дата құжаттары негізінде толығып тұрады. Оның ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, Тараз қаласының Құрметті азаматтарының, Халық қаһармандарының, Тараз қаласының спорт тарландарының жеке тектік құжаттары да бар. Бұл мақсатта «Тарихты бірге сақтайық!» атты науқанымыз да өткізіледі. Мысалы, жергілікті халықтың үй архивтерінде суреттер, майдан хаттары, марапаттаулар, қала, ауылдардың бұрынғы көріністері, ғимараттардың суреті, жұмыс барысы сақталады. Мұндай естеліктер жеке өмірдің ғана емес, туған өлкеміздің, Тараз тарихының қызықты куәгері және маңызды мұралары. Ал архивке сақтауға тапсырылған құжаттар тұрақты түрде мәңгілік сақталады, – дейді Нұрхат Тірібосынұлы.
Өткенді білмей, келешектің өркендемейтіні белгілі. Қалай дегенмен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының осы бір бағыты арқылы да талай тарихи шындыққа томаға сыпырып тура қарайтынымыз анық. Лайым, ақиқатты аңға, құндылықты құсқа жем қылмай һәм шындыққа шаң жуытпай сақтап отырған мұрағатшылардың еңбегі еш кетпей, еселеніп һәм қарашаңырақтағы сарғайған сайын алтыннан бағалы бола беретін деректерге көкжиектен асып түсетін көңіл көзімен қарайтындар көп болғай!

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР