"Тарих. Таным. Тағылым."

Архив құжатындағы ақиқат

Written by Aray2005

немесе Ленинград заң институты Жамбыл қаласына қалай эвакуацияланды?

Облыстық архивтің құжаттары арасынан тың дерекке кезіктік. Ол – Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинград заң институтының Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына эвакуацияланғаны туралы ақпарат. 1941 жылы 8 қыркүйектен 1944 жылы 27 ақпанға дейін Ленинград қаласының жау қоршауында қалғаны мәлім. Бұл қыспақ 872 күнге созылған.

Соғыс жылдары ірі зауыт, фабрика, өнер, білім орындарының шалғайдағы Қазақстанға эвакуацияланғанын білеміз. Солардың арасында Ресейдің ең байырғы оқу орнының бірі саналатын – Ленинград заң институты Жамбылға көшірілгені туралы енді белгілі болуда.
Облыстық архивтегі құжатта облыстық партия комитетінің хатшысы М.Ткаченкоға Ленинград заң институтының директоры Петрофтың қатынас хаты сақталған. Онда 1944-1945 жаңа оқу жылына әзірлік мәселесі сөз болған. Аталмыш институттың бұл жылы Ленинградқа оралмайтындықтарын, жаңа оқу жылындағы жоспар бойынша 200 студентті қабылдау жұмыстарын жүргізетіндігін хабардар етеді. Осыған орай жергілікті атқарушы билік тарапынан институт орналасқан Жамбыл қаласы Ленин көшесі, № 30 , (бұрынғы Октябрь революциясы атындағы) мектеп ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруді өтінген .
Институтта 30 орындық жатақхананың толық екендігін осыған орай жергілікті билік қосымша тұрғын-жай орындарымен қамтамасыз еткен ретте институт әр орынға ай сайын 20 рубль қаржы бөлетіндіктерін алға тартқан.
Институт қыс маусымына әзірлік барысында 70 тонна сексеуіл отыны қажет екендігі бұл жұмыстар үшін оқу орны тарапынан жұмыс күшімен көмектесе алатындықтарын айта отырып, партия комитеті тарапынан көңіл бөлулерін өтінген.

Әділбек Баққараұлы,
облыстық мемлекеттік архивтің архивисі

ПІКІР