Мәдениет

Архив саласының ардагері 70 жаста

Written by Aray2005

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен архив саласының ардагері, республикалық «Қарахан» тарихи-танымдық әдеби-көпшілік журналының директор-Бас редакторы Сатыбалды Досымбековтың 70 жасқа толу құрметіне орай Тараз қалалық мемлекеттік архивінде «Өнегелі өмір» атты «дөңгелек үстел» өтті.

Шараны басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев ашып, алғашқы сөзді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке берді. Бекболат Серікбекұлы мерейтой иесінің мемлекеттік қызметтегі сіңірген еңбектерін ерекше атап өтіп, облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті. Ақжарма тілегін арнап, сый-құрмет көрсетті.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев «Сатыбалды Досымбеков архив саласына келген уақыттан бастап туған жердің тарихын зерделеуге зейін қойып, құнды деректерді жарыққа шығарып, ғылыми мақалалар жазды. Ол бұл бағытта әлі де тынбай ізденіп, еңбектену үстінде. Сондықтан да көзі қарақты оқырман үшін олжа саларлықтай үлкен дүниелер ұсынатынына сенімдіміз» деп, оның шығармашылық ізденісі мен еңбегіне кеңінен тоқталды. Ал Тараз қаласының Құрметті азаматы, Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов С.Досымбековтің мәдени мұраларымызды насихаттауда бірнеше еңбектер жинақтап, нәтижесінде Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарының тарихына байланысты тың дүниелердің, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Тараздағы тарихи той» атты кітаптың авторы болғандығын әңгімеледі. Бұдан кейін де облысымыздың бірқатар ардақты азаматтары мерейтой иесіне ізгі лебіздерін арнады.
Жетпістің жайлауына ат шалдырған Сатыбалды Досымбеков бүгінде 4 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отырған ардақты азамат. «Дөңгелек үстел» соңында шараның басты кейпікері игі іске ұйытқы болып отырған ұйымдастырушылар мен келген қонақтарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Е.ХАНЖАНҰЛЫ

ПІКІР