Сұхбат

«Архивке қызметке ертерек келуім керек еді»

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – Қазақстан Журналистер одағы­ның Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты, бірнеше республикалық, одақтық байқаулардың жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Талас, Жуалы аудандарының Құрметті азаматы Мақұлбек Рысдәулет.

– Балалық шағыңыз Жуалы өңірінде өткені белгілі. Онжылдықты тәмамдар тұста ауыл мен Алматы арасын жалғайтын күрежолдың бойына өз қолыңызбен шыбық қадап, оның шынарға айналғанын осыдан оншақты жыл бұрын бір әріптесіміз «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған еді. Жапан түзге тал егудегі бала Мақұлбектің ойы неде? Жалпы, балалық шағыңыз қалай өтті?
– Менің балалық шағым бақытсыз болды деп айта алмаймын. Қайта біздің балғын кезіміздегі дүние мейірімді, кішіпейіл, бауырмал адамдардың көптігімен нұрланып тұрды. Жуалы ауданының Бақанас деген ауылында туып-өскен мен де өзім қатарлы балалармен ойын құмарын қандырып, мектеп табалдырығын аттадым. Есейіп, ер жеттім. Тегінде балалық шақ адам өміріндегі ең қызық, әрі ең бақытты ұмытылмас сәт. Сондықтан да болар, жасы ұлғайған әрбір адам балдәурен – балғын шағын сағынбай тұра алмайды. Өйткені, ол кезде адамның жүрегі таза, пәк болады. Онда арамдық, қызғаншақтық, көреалмаушылық деген ұғым атымен жоқ. Тек, кіршіксіз таза өмір. Айналаңның барлығын шынайылық пен тазалық қоршап тұрғаннан кейін, көз алдыңда тек кіршіксіз дүние көрініс тапқаннан кейін, соған еліктеп, соған лайықталып өсесің. Тәрбиелі, көргенді болып ер жетуіңе де үлкендерден алған өнеге, қоңыр тіршілік, періште көңілді бала күнгі достарың мен араласқан ортаң әсер етпей қоймайды. Бұл әр адамға белгілі жайт.
Ал, әңгімеге арқау болған әлгі талдың егілу тарихына тоқталсақ, 1956 жылы біздің ауданның аумағынан Алматы–Ташкент бағытында үлкен тас жол салынды. Ол қазіргі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі. Сол кездері КСРО-ны басқарған Н.Хрушевтің талабы бойынша, әр отбасы 5 қой, бір жылқы, бір сиырдан артық мал ұстамауы керек болатын. Біз Тындықыз есімді апамның қолында өстік. Ол Құдай қосқан қосағынан Ұлы Отан соғысы жылдарында айырылып, одан кейін тұрмысқа шықпаған майдангердің жесірі. Сол кездері Рахманбек деген ағам қой бағатын. Ал, біздің үйде жеке малымыздың саны он бастан асып кетті. Мұны сөз етіп отырған себебім, соның жартысын апам екеуміз жаяу, әлгі жолды жағалап, Айша бибі ауылында тұратын нағашымның үйіне айдап әкеле жаттық. Мезгіл көктем. Жер лайсаң. Қолымда мал айдап келе жатқан бір шыбық бар болатын. Бір кезде жол бойына тал егіп жүрген бір топ адамға кезіктік. Апам оларға жолығып, мені шақырып алып, қолымдағы теректің жас шыбығын сол жерге ектірді. Кейін сол терек өніп, мәуелі талға айналды.
Алматыда оқып жүргенімде де, кейін жұмысқа орналасқанымда да ауылға келген сайын қаптаған қара ағаштың арасында жеке-дара қылқиып өсіп тұрған жас терекке қарап өтетінмін. Бүгінде бұл оқиғаға 60 жылдан астам уақыт өтті. Алайда, мұнда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі салынғаннан кейін әлгі теректің бұтақтары жолға кедергі келтіретін болған соң, түбінен шабылды. Бір айта кетерлігі, қазір сол шабылған теректің діңгегінен қайтадан он шақты бұтақтар өсіп келеді. Ол қазір Айша бибі ауылынан кейінгі үлкен жолдың бойымен Қызылтаң ауылына бұрылатын тұста жайқалып тұр.
Тындықыз апам кейін ауылға келгеннен соң да бізге жыл сайын тал ектіруді үрдіске айналдырды. Себебі, ол кезде ауыл қазақтарының ауласында тал-дарақ болмайтын. Ал, неміс ұлты өкілдерінің үйінің аумағында қара тал тұрмақ, жеміс ағаштарына дейін жайқалып тұратын. Бала күнімізде солардың алма-алмұртына ұрлыққа баратынбыз. Апамның бас болуымен жылда жерге шыбық шаншып жүріп, талдардың қатары көбейді. Кейіннен мектеп директоры болған Болатбек ағам да ауыл сыртынан бас-аяғы 5-6 гектар орын дайындап, жұртшылықты терек отырғызу ісіне жұмылдырды. Соның арқасында қазір, Бақанас ауылы теректен көрінбей тұр. Қарап отырсам, бұл табиғатты сақтау, қорғау, аялау тұрғысында үлкендердің жастарға берген тәлімі екен.
– Кең байтақ Қазақ елінің кез келген өңірі қастерлі. Десе де, Арқа өңірі десе сіздің көз алдыңызға жалынды жастық шағыңыз, табаны күректей 20 жыл еңбек сіңірген «Сарыарқа» газетіндегі жалынды жылдарыңыз елестейтіні анық. Жастық шағыңыздан қандай естеліктер айта аласыз?
– 1973 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген түлектердің барлығын орталық партия комитетінің жолдамасымен жан-жаққа жұмысқа жіберетін. Өйткені, ол кезде журналист кадрлар өте аз еді. Сол жылы аталған партия комитеті түлектердің денін жаңадан ашылған Маңғыстау, Жезқазған облыстарына жіберді. Осылайша менің еңбек жолым облыстық «Жезқазған туы» (қазіргі «Сарыарқа») газетінде басталды. Сол басылымда 20 жылға жуық еңбек еттім. Өмірлік жарым Дәметкен Ахметова екеуміз сол жерде бірге қызмет атқардық. Дегенмен, бір отбасы адамдарының бір ұжымда жұмыс істеуге болмайтыны жөніндегі нұсқау бойынша ол қалалық партия комитетіне ауысты. Ол бір керемет кезең болатын. Ұжымның ауызбіршілігі айрықша еді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған журналистер бір үйдің баласындай тер төктік. Апта сайын өтетін лездеме барысында жазған мақалаларымызды талдап, кейбірін сынап тастайтынбыз. Бірақ, лездеме аяқталған соң, құшағымыз қайтадан айқаса кететін. Ешкім де кек сақтамайтын, бірін-бірі жау тұтпайтын. Ал, қазір бізге анық байқалып жүрген кемшілік, әріптестер бір-бірінің мақаласын сынаса, олар қайтып бет көріспей кетеді. Қызмет барысына қатысты айтылатын сын-ескертпені өмірмен шатастыру – үлкен қателік. Біз сондай ұжымда шыңдалып, осындай газетте тәжірибе жинадық. Бір-бірімізбен жарыса очерк, фельетон секілді журналистиканың кез келген жанрында қалам тербеуге дағдыландық.
– Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып жүргеніңізде «Амангелді» газ кенішін игеру туралы алғашқылардың бірі болып қадау-қадау мақалалар жаздыңыз. Бүгінде «көгілдір отынның» қызығын ел көріп отыр. Жалпы, бұл ой сізге қайдан келді? Журналист ретінде сол жылдары ел газетінде тағы қандай мәселелер көтердіңіз?
– 1991 жылы республикалық «Халық кеңесі» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болдым. Бұл басылым жабылып қалғаннан кейін, «Заң» газетінің Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы меншікті тілшісі болып еңбек еттім. Одан кейін он жылға жуық «Егемен Қазақстан» газетінің осы облыстағы тілшісі болдым. Бұл кездері мен өте бай тәжірибе жинақтап, журналист ретінде әбден ысылдым.
Нақты айтқанда, елдің болашағы мен мүддесін көздейтін тақырыптарды қаузауға қаламымның қауқары жете бастаған еді. Жалпы, кез келген журналист өлмейтін тақырыптарды, ескірмейтін дүниені таңдап жазуды өзіне ұстаным етіп алуы керек. Бұл сені түптің түбінде бір биікке шығарады. Мәселен, мен Ұлы Отан соғысы тақырыбында көптеген материалдар жаздым. Қазір де бірнеше кітаптарым жарық көруде. Сондай өшпес тақырыптың бірі «Амангелді» газ кеніші жайында болды. 1996-1997 жылдары еліміздің экономикасы аса ауыр жағдайда еді. Елде газ, электр энергиясы өте тапшы болатын. Ал, топырағы қазынаға бай Талас ауданының жерінде газ кенішінің бар екені дәлелденгенімен, ол аумақ игерусіз жатты. Жеке меншіктегі жердің қожайыны сырттан инвестор іздегенімен, таба қоймады. Мен осы аумақты мемлекет өз қолына алса деген ниетпен ел газеті «Егеменде» көлемді мақала жарияладым. Екі-үш күннен кейін сол кездегі Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, актив жиналысын өткізді. Басқосуда Талас ауданындағы елім деген азаматтың бірі Әбдірахман Әбдірәсілов газетке газ кеніші туралы сараптамалық мақала шыққанын тілге тиек еткенде Премьер-министр материалмен оқып танысқанын, алдағы уақытта бұл аумақтың игерілетінін айтты. Артынша бұл игі іс қолға алынып, мен оның жүзеге асырылу барысы туралы күн сайын мақала жазып отырдым. Осылайша, газ кеніші 1997 жылы пайдалануға берілді. Бір жылдан кейін маған ел ағалары осы еңбегім үшін «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Мұны халықтың, қоғамның журналиске берген шын бағасы деп түсінемін.
– Облыстың бас басылымы «Ақ жол» газетін ұзақ жыл басқарған редактордың бірісіз. Ойлаған мақсаттарыңызды толық жүзеге асыра алдыңыз ба?
– 2004 жылдары сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембин маған облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы болуым жөнінде ұсыныс жасады. Мен басында бас тарттым. Өйткені, бұл газетте тәжірибеден өткенім болмаса, еңбек еткен жоқпын. Тіпті, облыстағы аудандық газеттерде де жұмыс істемегенмін. Дегенмен, сенім артылып тұрған соң, оны ақтау керектігін түсіндім. Өңірдің бас басылымын алты жарым жыл жемісті басқардым. Көптеген игі шаралар атқарылды. Газеттің 85 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті. Арасында айына бір мәрте 12 беттік «Атпал – Ақжол» атты арнайы номер шығарып отырдық. Сол арқылы осы өңірдің тарихы, мәдениеті, әдебиеті, тұлғаларын қамтуға тырыстық. Танымдық дүниелер әр жыл сайын кітап болып оқырманға жол тартты. Аудандар бойынша да экспедициялар ұйымдастырылып, барлық тақырыптарды мүмкіндігінше қамтыдық. Ел ертеңі – жастар дейміз. Жастар өміріне қатысты да барлық аудан бойынша арнаулы беттер дайындадық. Мектеп оқушыларына арналған «Алтын шырақ» атты журнал да шығардық. Сонымен қатар, сол жылдары редакцияға жас журналистердің қызметке қабылдануына жағдай жасап, танылуына жол аштық. Шығармашылық ізденіс пен жемісті жұмыстың нәтижесінде республика көлемінде айтулы жүлделерге қол жеткіздік. Мұның бәрі де оқырманның көз алдында деп ойлаймын.
– Кешегі кеңестік кезеңді көрдіңіз. Тәуелсіздік жылдарында да тынбай еңбек етіп келесіз. Қос дәуірдегі журналистиканың даму үдерісінде қандай ерекшеліктер бар? Қазіргі жас әріптестеріңізге көңіліңіз тола ма? Жасы үлкен ағалар «Бүгінгі журналистикада жанр жоқ» деп жатады. Осы қаншалықты дұрыс?
– Бүгінгі журналистикада жанр жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Мысалы, «Егемен Қазақстан» секілді ірі басылымдар мәнді мәселелерге байланысты сараптамалық мақалалар беруде. Жекелеген азаматтар туралы да суреттемелер жарияланады. Тарихи-танымдық дүниелер де жетерлік. Десе де, Кеңес дәуіріне қарағанда журналистикамен қатар, жанрдың да өзгергені, басқаша сипат алғаны байқалады. Бұған қазіргідей заманда жарнаманың өзі жанрға айналғаны дәлел бола алады. Әдемілеп, көркемдеп, тігісін жатқызып басылымда жариялаған жарнама да өзінше бір жанр болып қалыптасуда. Әрине, бұрынғыдай «Эссе», «Очерк», «Суреттеме» деп айдар тақпағанымен, жекелеген адамдардың өмір жолы туралы жазылған мақалалар жарық көруде. Корреспенденция да табылады. Жанрлардың ішінде фельетон өте аз. Бірақ, «Айқын» газетінде «Ара» қосым­шасынан фельетон, скетч, сын-сықақ секілді жанрларды табуға болады.
Кей кездері қамығып қаламын. Себебі, біздің кезімізде журналистердің этикасы бөлек болатын. Ілгерідегі журналистер барған жерінде алақан жайып, бірдеңе дәметпейтін. Қазіргі кейбір ізбасарлардың ақша сұрауға келгенде арланбай, тіпті қорқытып-үркітіп бопсалайтынын сырттай естіп жүрміз. Бұл жақсы үрдіс емес.
– Абырой-атақтан кенде емессіз. Десе де, саналы ғұмырыңыздың «әттеген-ай» дейтін тұстары болды ма? Өмірден қандай сабақ алдыңыз?
– Кезінде облыс, республика ғана емес, бүкілодақтық деңгейдегі байқауларға қатысып, талай жүлдегер атандық. Бірқатар марапаттарға ие болдық. Оның бәрі көптің көз алдында. Сондықтан, оның бәрін тәптіштеп отыру қажет емес деп ойлаймын. Ал, өмірден сабақ алу жайын сөз етсем, тек адал болу керек. Мен «Ақ жол» газетін басқарған жылдары Бекнұр Сатыбалдиев, Тұрсынбек Сұлтанбеков, Асхат Райқұл, Маржан Рақай, Фариза Әбдікерімова, Эльвира Жарылқасынова секілді жастарды жұмысқа қабылдадым. Өзіңіз білесіз, журналистикада «пара» деген жүрмейді. Қабілеті болса қатарға ілесер, шамасы жетпесе кері қайтады. Біздің саланың қоғамда айрықша құрметтелуі де осындай тазалығында. Үлкен үмітпен жұмысқа алған сол қарлығаштар бүгінде сенімді ақтады. Олардың осалы жоқ. Қай-қайсысы болмасын, «ағалап» тұрады. Мен сол кезде қолымды былғап, «бірдеңе» алғанымда, қазір мұндай құрметке, олардың ұстаз тұтуына жарамас едім. Сондықтан, өмірдегі ең үлкен ұстанымым – адалдық. Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық».
– Бас басылымнан кейін облыс­тық архивтің директоры болып тағайындал­дыңыз. Мұрағат сізге не берді?
– Бүгінде мені архивке қызметке ертерек келуім керек еді деген ой мазалап жүр. Себебі, мұнда жергілікті ғалымдар да, журналистер де ақтарып көрмеген тың мәліметтер өте көп. 1917 жылдан бергі құжаттар жатыр мұнда. Жазамын деген адамға сан түрлі тақырып бар. Осы жерге келгелі 15 шақты кітабым жарық көрді. Тек Ұлы Отан соғысындағы сұрапыл жылдар туралы «Ерлік ұмытылмайды», «Мәңгілік ерлік», «Майдан хаттары», «Жамбыл батырлары», «Солдат жары» секілді 5 кітабым шықты. Бұдан бөлек, ашаршылық, қуғын-сүргін кезеңдеріндегі оқиғаларға қатысты да бірнеше кітаптарым оқырманға жол тартты. Әлі де жазатын дүниелер жетерлік.
– Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғырып, «Ерлік» мемориалды кешеніне айналды. Осындағы «Даңқ» аллеясына майдан даласына аттанған барша жамбылдық жауынгерлердің тізімі айшықталып жазылды. Әрине, бұл істе мұрағатшылардың да еңбегі зор. Сіздің ойыңызша, майдангерлер тізімі толық қамтылды ма?
– Осынау игілікті іске архив саласында қызмет етуім арқау болды деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені, маған дейін облыстан шыққан Кеңес Одағының батырларының тізімін ешкім бір ізге түсірмеген екен. Біз облыстан шыққан батырларымызды түгендедік. Негізінен, облыстан шыққан Кеңес Одағының Батырларының саны – 20. Қалған 28 Батыр соғыстан кейін осында басқа өңірден келіп еңбек еткендер. Біздің өңірдің тумасы саналатын «Даңқ» орденінің иегерлерінің саны – жетеу. Негізінен, тәртіп бойынша жауынгер қай әскери комиссариаттан майданға алынса, сол жердің өкілі болып есептеледі. Облыс аумағынан майданға аттанды делінген жауынгерлердің де шындап келгенде саны 105 мыңнан аз. Соғыс басталғанда облыста небәры 325 мың адам тұрған. Соның ішінде әрбір үшінші адамның майданға алынуы қисынға келмейді. Ал, демография заңдылығына сүйенсек, сол кездердегі тұрғындардың бесінші немесе алтыншы адамы майданға аттануы тиіс болатын. Десе де, сырттан келген майдангерлерді бөліп-жармай, түгел қамтыдық. Бұл жерде облыс әкімінің көрегенділік танытқанын айта кетуіміз керек. Негізінен, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың тізімін дайындау әскери комиссариаттарға тиесілі жұмыс. Бұл біздің міндетімізге жатпаса да, үлкен іс тындырдық. Өйткені, бұл өзіміз үшін, ұрпақ үшін, тарих үшін қажетті дүние. Бұрын біздің облыстың кейбір аудандары Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарына қараған. Осы өңірлерден көптеген мәліметтер алдық. Қазір облыс басшысының қолдауымен Өзбекстанның астанасы – Ташкентке баруға бел буып отырмыз. Мақсат – Қазақ хандығы мен Қоқан хандығына қатысты құжаттар, деректер жинастыру. Батыр Баукең кезінде «Ақиқатты көкте Құдай, жерде архив қана айғақтайды» деп айтқан, сол рас. Бұл мекеме өте киелі, қасиетті саналады. Мұнда еңбек еткеніме өкінбеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР