Sport

«Арландар» абыройымызды асқақтатты

Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында Тараз төрінде өткен «Астана арландары» мен «Қытай айдаһарлары» арасындағы жекпе-жекте отандастарымыз қарсыластарын ойсырата жеңді. Топтық кезеңді түйіндеген былғары қолғап шеберлеріміз бес кездесуде де басым болып, Аспан асты елінің боксшыларын бұрыштан-бұрышқа қуып жүріп сабады.

Жалпы, жекпе-жек алдындағы баспасөз мәслихатында Қытай құрамасының бас бапкері бұл кездесуге бәсекелесу үшін емес, тәжірибелерін шыңдау үшін келгенін жасырмап еді. Бапкер шәкірттерінің шамасын біліп айтқан екен. Олай дейтініміз, Қытайдың боксшылары біздің жігіттерге қарсы тым қауқарсыз болды.

Ең алдымен 52 келіде шаршы алаңға көтерілген отандасымыз Сәкен Бибосынов қытайлық Гуо Чжанды қалпақпен қағып алды. Ә дегеннен шабуылға көшкен боксшымыз бірінші раундта-ақ өз басымдығын көрсетті. Чжанды бұрыштан-бұрышқа тықсыртқан Сәкен сәті келгенде сериялық соққыларын да дарытып отырды. Осылайша бірінші раундты өз пайдасына жазған былғары қолғап шебері екінші үш минуттықта шабуылдарын сәл бәсеңдетті. Осыны аңғарған қытайлық ұпай олжалау үшін алға ұмтылды. Тіпті, бір-екі шабуылын сәтті де ұйымдастырды. Десе де, қалған үш раундта қайтадан бірінші нөмірмен бокстасуға көшкен отандасымыз қарсыласының адымын аштырмады. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті біздің батырымызға берді.

60 келіде шаршы алаңға жамбылдық жампоз Әлімжан Бескемпір беттегенде жанкүйерлердің қиқуынан құлақ тұнды. Жерлестерінің қолдауынан қанаттанған Әлімжан қарсыласы Ву Юфенді алғашқы минуттан қыспаққа алды. Джеб әдісін сәтті қолдана жүріп, жойқын соққыларымен қытайлықты екі мәрте есеңгіретті. Алайда, Юфен де мықты екен, құлай қоймады. Десе де, бес раундты да бір деммен өткізген жерлесіміз «Астана арландарының» қоржынына екінші жеңісті салды.

Үшінші болып шаршы алаңға 69 келіде Жамбыл боксының тағы бір мақтанышы, тараздық Асланбек Шымбергенов пен қытайлық Таксымаймайти Хайшаер шақырылды. Асланбек өз таланты мен шеберлігін әлемдік ареналарда танытып жүрген боксшы болғандықтан, бірінші раундта аңдысып жүрмей, қарсыласын бірден төмпештеуге көшті. Екі қолын да еркін пайдаланып, соққыларын үсті-үстіне үдеткен жерлесіміз Таксымаймайтидің қорғанысын сетінетіп, сәт сайын басымдығын айқындай түсті. Бүйір мен бастан тиген ауыр соққылардан қытайлық «бесінші бұрышты» іздеп кеткен сәттер де болды. Десе де, Хайшаер бес раунд түгесілгенше шыдас берді. Осының өзі қытайлық боксшыға ерлік болғаны сөзсіз. Ал, Асланбек төрешілердің ортақ шешімімен кездесу жеңімпазы атанып, мерейімізді үстем етті.
Төртінші жекпе-жекте жас боксшы Бек Нұрмағамбет Бүкіләлемдік бокс сериясындағы дебюттық кездесуін өткізді. Алайда, батырымыз «China Dragons» командасының бапкері мақтаған, кезінде Қанат Исламмен бірге жаттыққан деген Гегарибу Цзенді бұйым құрлы көрмеді. Бірінші раундта қарсыласының адымын аңдып көрген боксшымыз екінші раундта бір соққымен Цзенді еденге етпетінен түсірді. Жанкүйерлердің де күткені осы екен. Қиқуға басып, орындарынан тұрып кетті. Есінен танған қытайлық өз-өзіне әрең келіп, жекпе-жекті жалғастыра алмайтындығын мойындады. Осылайша Бек «Астана арландарының» жеңісін 4:0-ге жеткізді.

Бұл күнгі бокс кешін аса ауыр салмақта тараздық Нұрсұлтан Аманжолов пен қытайлық Эвандер Сервут қорытындылады. Нұрсұлтанның бұған дейінгі жекпе-жектерін көріп жүрген жанкүйерлер жерлесіміздің жеңіске жететініне бек сенімді болды. Оның ауыр соққылары тағы бір нокаутты көрсетеді деп үміттенгенбіз. Бірақ, Эвандер барын салып, бес раундқа шыдады. Дегенмен, Нұрсұлтанның басымдығына төрешілер шүбә келтірмей, жеңісті бірауыздан берді.

Осылайша бір жеті бұрын сырт алаңда «Қытай айдаһарларын» 0:5 есебімен тізе бүктіріп келген отандастарымыз, өз төрінде де білгенінен жаңылмады. Жекпе-жектен кейін «Астана арландары» боксшыларының қолғаптары аукционға шығарылды. Айта кету керек, 81 келіде өнер көрсеткен Бек Нұрмағамбеттің былғары қолғабының өзі 900 мың теңгеге сатылды. Ал, аукционнан түскен қаражат толықтай қайырымдылық мақсатқа жұмсалатын болады.

Бокс кеші аяқталғаннан соң жанкүйерлер «Alfa fighting championship» промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен өткен аралас жекпе-жек шеберлерінің айқасын тамашалады. Кештің басты кездесуінде тараздық Ермек Тлауов украиналық Дмитрий Власюкпен кездесіп, жерлесіміз қарсыласын бірінші раунда-ақ тұншықтыру әдісімен тізе бүктірді. Бүгінге дейін 14 жекпе-жек өткізіп, оның 10-ында жеңіске жеткен Ермек шын шебер екендігін тағы да танытты. Дәл сондай, салмақ өлшеу рәсімінде жеңіске жететініне бек сенімді көрінген ресейлік Николай Гончаров та отандасымыз Асхат Акимовтан ойсырай ұтылды. Бұдан бөлек, Ринат Сағынтаев Арман Әлімовтың, Азамат Бақытов Ерхат Сапарғалиевтің және Олжас Есқараев Нұржан Әкішевтің осал тұсын таба білді.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР