Астанаға 20 жыл

Арман қала, асқақ шаһар – Астана

Written by Aray2005

Биыл қазақ ұлтының ұлы тұғыры, елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы бар сән-салтанатымен аталып өтті. Бағамдап қарасаң, 20 жыл дегеніміз – қас-қағым сәт. Дегенмен, осы уақыт аралығында Астананың қалыптасуы мен қарышты дамуы біз түгілі, әлем елдерін таңғалдырды.

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз», – деп атап өткен болатын. Осылайша бас қаламыздың мерейтойы тыңғылықты ұйымдастырылып, оған еліміздің әр өңірі өз үлестерін қосты. Соның ішінде Жамбыл облысы да елордаға теңдессіз тарту жасап, веложол салып берді. Қазіргі таңда аталмыш веложол Астананың көркіне көрік қосып тұр.
Расында, небәрі 20 жылдың бедерінде Астана әлемдегі атақты шаһарлармен салтанатын жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын бас қалаға айналды. Осыдан тура 24 жыл бұрын астананы Арқа төсіне көшіру туралы ұсыныс айтылғанда мұнда заманауи мегаполис бой көтеретініне талайлар сенбеген еді. Алайда Елбасының сарабдал саясаты мен тегеурінді ұстанымының арқасында 1994 жылы 6 шілдеде ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды. 1997 жылы қарашада Президент әкімшілігін, Парламентті және министрлікті Алматыдан Астанаға көшіруге көш қозғалды. 8 қарашада Ақмоланың орталық алаңында Президенттік гвардия жауынгерлерінің салтанатты саппен мемлекеттік рәміздерді алып жүру шеруімен елорда шежіресі басталды. Әнұран асқақтап, Арқа төсіндегі Президент Әкімшілігінің жаңа ғимаратының төбесіне (қазіргі қалалық әкімдік жанындағы Тұңғыш Президент мұражайы) егемен елдің көк байрағы көтерілді. Содан бергі өткен 20 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналды. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде тың идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес. Дәл қазір Астанада заманауи құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын еліміздің жаңа кластері қалыптасты. Бас қаламыздың көркін арттырған сәулет өнерінің озық үлгілері салтанат құрды. Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астананың бүгінде төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналғаны да ақиқат. Оған елордамызда ЕҚЫҰ саммиті, ИКҰ форумы, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері секілді кең ауқымды жиындардың өткізілетіндігі толық дәлел бола алады.
Халықаралық айтулы оқиғалардың дүбірлі ордасына айналған елорданың бұл дәстүрлі эстафетасын өткен жылы «Астана ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жалғастырды. Мұндай құрметке көрменің қос ғасырлық тарихында Орталық Азия мен ТМД елдерінің бірде-біреуі бөленбеген еді. Барыс бейнелі болашағына батыл қадам басқан егеменді еліміз көрмені жоғары деңгейде өткізіп қана қоймай, Халықаралық көрмелер бюросы бас хатшысынан «соңғы 25 жыл ішіндегі ең тамаша көрме» деген баға алды. Бұл Астананың әлемдік аренадағы абыройын одан әрі асқақтата түсті. Міне, осындай тамаша жетістіктер мен жеңістерге толы 20 жыл ішінде Ұлы даланың қақ кіндігі – Сарыарқа төсінде XXI ғасыр ғажайыбы, әлемдік мегаполис, арман қала, асқақ шаһарға айналды.
Шындығында, жаңадан қала тұрғызып, тың жер игеру кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейтін тәуекелді қадам. Ал мегаполис салып, оны бас шаһар етіп бекіту ілуде бір кездесетін тосын оқиға. Әр қоныстың өзіндік сипаты мен өзгешелігі болады. Мәселен, қала – мың сан бояулар мен жарқын істердің үйлесімі. Ауыл – қалыпты экономикалық өсім, қоңырқай өмір, қарапайым тұрмыс алаңы. Қала қарбаласы өндірісте, саудада, өнерде, жалпы тұрмыс-тіршілікте, қысқаша айтқанда әр салада әралуандығымен ерекшеленеді. Әржақтылық қаншалықты бай болса, мәртебесі соншалықты асқақтай түседі. Сан түрлі талғамдағы адамдардың тілін тауып, бір ортаға біріктіреді. Қайнаған тіршілік пен қилы-қилы тағдырлардың біртұтастығы іспетті. Осы себептен алып орталықтар бірден орнай қоймайды. Мың бір бояуды бір арнаға тоғыстыру оңай болмаса керек. Қала құру – бұқараны бір жерге топтаудан әлдеқайда жоғары да жауапты іс. Сондықтан Елбасы осындай жауапкершілікті өз мойнына алып, әсем қала – Астананы салып шықты. Бұл әрине, халқымыздың кең пейілі мен еліміздегі бейбітшіліктің арқасы.
Еліміздің жаңадан орын тепкен ордасын көркейту мақсатына орай Президентіміз 2001 жылы «Астана – жаңа қала» деген арнайы экономикалық аймағын құрған болатын. Мұндағы басты мақсат – Есілдің сол жағалауына инвестициялар тарту, қазіргі заманғы инфрақұрылым арқылы құрылысты қарқынды түрде дамыту еді. Сол себепті Астанадағы үкімет сарайлары, құрметті орындар, министрліктер мен қоғамдық ғимараттар аса көрнекті сәулеттік бейнеге ие болып келеді. Осындай ғажап, өзге қалалардан ерекшеленіп тұрған Астанамыздың кескін-келбеті Еуропа материгінде орналасқан Париж қаласының дәл өзінде жүргендей сезіндіретін шығар. Парижге барғандар ең алдымен Эйфель мұнарасын іздесе, Астанаға келгендер биіктігі 97 метрге жететін «Астана-Бәйтерек» монументіне баруға асығады. Осының өзі әлем төрінен орын алатындай көрініс, шіркін! «Бәрін айт та, бірін айт» дегендей барлығынан да бас алаң төріне көз тастаған жан бүкіл тарихы – бірігу тарихы болған халқымыздың өмірінде келісімді билігімен, әділ сөзімен, шешендігімен, алғырлығымен еліне қорған болған, асқан беделге бөленген дана үш би – Әйтеке, Қазыбек, Төле бас қоса отырған сәулетті ескерткіш орнатылыпты. Көшелері де тап-тұйнақтай, қазақ даналарының есімімен аталады.
Әрине, Астанамыздың болашағы көбінесе ХХІ ғасырдағы халықаралық, экономикалық, геосаяси және басқа қатынастардың дамуына байланысты болары анық. Астананы салдырып жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір ғана қазақ халқының емес, Ұлы далада мекендейтін барша ұлт пен ұлыстың «Еуразиялық арманын» асқақтатуға бекем бел байлап отыр. Бұл өлке – халықтарды бауырына басып, татуластырып қана қоймай, оларды жаңа қауымдастық, жаңа өркениет құру жолында топтастыра білген аймақ.
Елорданың өркендеуі – еліміздің өркендеуінің белгісі. Ендеше, бас қаланың іргетасының берік болуы да мемлекетіміздің болашаққа нық сеніммен жасар қадамының нағыз кепіліне айналмақ.

Батырбек Құлекеев,
Тараз қалалық мәслихатының хатшысы

ПІКІР