Арман қанатына мінген Айман

0 298

Әңгімені әріден бастасам…
Осыдан тура он жыл бұран түске таяу мезгілде менің жұмыс кабинетіме абайтанушы, бұл күндері М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Бауыржантану» орталығының ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Найзабаев келе қалғаны.
Әдеттегідей аңқылдаған, жарқылдаған қалпында… Амандасып, хал-жағдай сұрасып, кәдімгі мәре-сәре болдық та қалдық. Аңғарғаным Әлімбайдың көңілі кәдімгідей көтеріңкі, шырайлы жүзі бал-бұл жайнап, бір қуанышты жайды жеткізуге асыққандай кейіпте.

Мен де аз-кем уақытта тосынсыйды күткендей күйде болғаным есімде. Кенет, Әлімбай қолтығына қыса келген папкасынан шағын кітапшаны алып, қолыма ұсынды. Сыртқы мұқабасындағы «Алау сезім» деген кітаптың атауына көз жүгірттім де, парақтай бастадым. Мұқабаның ішкі жағына «Әдебиет пен мәдениеттің жанашыры, жақсы Ағама… естелік» деп өзі қол қойған екен. Тұңғышының тұңғыш кітабының жарық көргеніне шексіз қуанған әке жүрегіне риясыз разы болдым.
Бір жағынан Әлімбайдың әкелік жүрегінің «дүрсіліне» тәнті болдым!
Хош, әңгіме ауанын Айман қарындасыма аударайын…
Қазақтың дарынды тұлғаларының бірі, ақын Мұхтар Шаханов ақын қыздың «Алау сезім» кітабына жазған алғы сөзінде: «Айман Әлімбайқызы Найзабаева атты жас қанат осыдан бірнеше жыл бұрын Тараз қаласында менімен болған бір кездесуде өзінің алғашқы жырларын оқып еді. Оның:
Менің тілім ата тарих тағылымым,
Сен болмасаң жасандымын, жарлымын.
Сенің ғана тал бесігің тербеткен,
Әдет-ғұрып, салт-сананың барлығын.
Шүлдірлеген шала қазақ қауымы,
Ұлт рухын көтере алмас жаңғыртып.
Ана тілің – ой-санаңның мазмұны,
Өз тіліңде сөйлей алмау – мәңгүрттік! –
деген жыр жолдары бүлдіршін қызға деген үмітім мен сенімімді оятқандай болып еді. Нағыз ақындықтың өз ұлтының және әлемнің арғы-бергі тарихына терең тамыр жіберуі және оны өз жүрегінің елегінен өткізуі екенін еске сала отырып, рух пен парасаттың азапты сапарына жолға шыққан жауқазын қанатқа сәт сапар тілегім келеді», деген екен.
Ұлтымыздың ұлы ақындарының бірі М.Шахановтың осылайша Айманға жүрекжарды лебізін білдіруінің өзі бекерден-бекер болмаса керек-ті. Ұлы ақынның жас ақынға деген үміті әрі сенімі.
Ал қазіргі таңдағы қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы: «Жас ақын Айман Әлімбайқызы Тәуелсіздік, Егемендік сөзінің қастерлі ұғым екенін ерте таныған. «Тәуелсіздік»(2005) атты өлеңінде балауса қалам иесі:
Қазақстан өркен жайсын қанатың,
Тәуелсіз ел, егеменді ел, дара тым.
Бодандықтың бұғауынан босанып,
Мәңгі кетті-ау өр басыңнан қара түн, – деп әлемге танылған тәуелсіз еліміз – Қазақстан туралы өзіндік ойын поэтикалық көркем тілмен айтуға ұмтылған. Әсіресе «Қазақстан»(2009) атты ұзақ өлеңінде дәл бүгінгі әлем таныған Қазақстанның өсіп, өркендеу жолындағы жетістіктерін айта келіп:
Көгінде бақыт құсы қатар ұшқан,
Келбеті көзтартарлық ғажапстан.
Па, шіркін, неткен ыстық, неткен ғажап,
Тәуелсіз Республикам – Қазақстан! – деп тебірене жырлаған.
Айман қазір жиырма жаста. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Тәуелсіздікпен бірге есейіп, таным-түсінігі де өсіп келеді. Оны өлеңдерінен анық аңғаруға болады.
Айман қызыма арман қанатына мініп, ойлаған мақсатыңа жете бер деп, сапарына сәттілік тілеймін!» – деген екен.
Иә, бұл – осыдан он жыл бұрынғы әдебиетіміздің алдыңғы буын тұлғаларының жалынды жас ақынға деген ақ тілегі, бата іспеттес жүрекжарды лебізі екендігі даусыз.
Уақыт деген – ағысы арынды тау суындай, артқа қарауға мұрша бермейді-ақ. Содан бері де, мінеки, он жыл уақыт зуылдап өте шығыпты…
Талантты жас Айман Әлімбайқызы бұл күндері албырт жастығына қарамастан, ұлағатты ұстаздардың санатында. Ұрпақ тәрбиелеу ісіне де белсенді араласып, білім беру саласының бел ортасында жүр.
Жамбыл ауданына қарасты А.Макаренко атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушыларға дәріс беріп келеді.
Өз ісінің лайықты маманы ретінде де ол бірнеше облыстық, республикалық конференцияларға қатысып, әріптестерінің сенімін абыроймен ақтап келеді.
Заманының ағысымен таласа,
Бүгіндегі бет алысың жаңаша.
Бейбіт күліп атқан күнің,
Маужыраған мақпал түнің тамаша!
…Ынтымағы ырысымен көгерген,
Алтын өлкем, нарқың биік көп елден.
Гүл келбетің құлпырғанда,
Күй тербетіп сен тұрғанда,
Келешекке сенем мен! – деп өзі жырлаған Тараз шаһарында таңғажайып сырларын аяулы өлеңмен өрнектеп жүр. Асқар тау әкесінің үмітін де, асқақ елінің де сенімін ақтауда. Тәуелсіздіктің құрдасы екенін іспен дәлелдеп келе жатқан Айман қарындасыма әрдайым шалқар шабыт және толағай табыстар тілеймін. Тұла бойы тумысынан біткен қазақ зиялыларына тән ізгілік пен парасаттылық, адалдық пен адамгершілік алдағы өміріне бағдаршамдай қызмет еткей.

Пернебек ОСПАНОВ,
ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері

Leave A Reply

Your email address will not be published.