Жастар.kz

Арманы адастырмаған Асылбек

Written by Aray2005

«Ісім оңсын десеңіз, Сол істің маманы болыңыз» – деген екен әлемнің екінші ұстазы, ойшыл әл-Фараби бабамыз. Расыменде өзіңе де, өзгеге де пайдалы, қайратыңды қанаттандырып, өскен ортаңа өлшеусіз үлес қосар, болашақтың алтын кілтін алақаныңа салатын мамандықты дұрыс таңдау әрі сол мамандықтың білікті маманы болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ал қандайда бір жетістікке жету үшін, асулардан асып, белестерді бағындыру жолында адамға алдымен қажырлы еңбек пен темірдей төзімділік қажет екендігі баршамызға аян.

Осындай ұстаныммен жалындаған жастық шағын ерен еңбек пен зейінді ізденіске арнаған Асылбек Азиповтың бүгінгі таңда мамандығына деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде жеткен жетістіктері көңіл қуантарлық. Атап айтсақ, тәуелсіздік құрдасының мамандығы байланыс инженері. 2010 жылдың ортасына таман Алматы қаласындағы әскери техникалық мектепте, алдын ала дайындық курсының әскери радио маманы бойынша оқуға қабылданған ол ізденісінің арқасында оқуын үздік аяқтап, 2011 жылы Атырау қаласындағы «Войска связи» әскери бөліміне шақыртылған. Мұнда да өз зеректігімен көзге түскен Асылбек 40 күннің ішінде үздіктер қатарына еніп, араға 3 ай уақыт салып, Ақтау қаласында өткен халықаралық әскери жаттығу байқауында сынға түседі. Байқаудағы шеберлігі үшін Асылбекке «Кіші сержант» атағы берілген. Кейін де көптеген байқаудан жүлделі орындарды алып отырған.
Әскерде өткізген бір жылда Асылбек он шақты марапатқа ие болып, жүз шақты сарбаздың ішінен «Сержант» атағын алғашқылардың бірі болып алған. Әскери білім алуға арнаған жылын Асылбек үлкен абыроймен аяқтап, 2012 жылдың сәуір айында Алматы қаласына оралған. Мамыр айында Алматы қаласындағы Алматы қалалық құтқару қызметіне жұмысқа орналасқан Асылбек, бұл мекемеде бес жыл еңбек етті.
– «Қазіргі жастардың көбі қоғамда жұмыс жоқ деп, бірнеше оқу оқып, дипломдарын құшақтап алып шарқ ұрып жұмыс іздеп жүреді. Жұмыс табылған күннің өзінде қызметінің ауыр, айлығының аз екенінен қашып жұмыстан бас тартып жатады. Әсіресе қазіргі таңда техникалық байланыс саласында оқитын жастар өте аз. Барлық жетістіктер бірден бола кетпейді ғой. Алдымен табыс көзін таппай қиналасың, тәжірибең болмаған соң жұмыс та қиын болып көрінеді. Бірте-бірте бойың өз жұмысыңа қарай бейімделіп кеткеннен соң табыс көзінің жолын оңай таба аласың. Бірақ алдымен бойыңдағы жалқаулық атты жат қылыққа бой бермеу керек. Сонда болашақтары жарқын болар еді» – дейді Асылбектің өзі.
Расында, «Сақалын сатқан кәріден, Еңбегін сатқан бала артық» – деген көкейге қонымды, мағынасы түпсіз тереңде жатқан Абай атамыздың осы бір өлеңі талай жастарымыздың рухын оятар деген сенімдеміз. Еңбек пен табыс әрқашан үлкен мақсатты, нәтижелі талпынысты талап ететінін бүгінгі жас ұрпақ түсінсе, түсіне отырып өзінің мамандығын таңдауына түрткі ретінде пайдаланса нұр үстіне нұр болар еді.

Тұнық Сейітқызы,
Райымбек Смаилов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы,
Т.Рысқұлов ауданы

ПІКІР