Арманы алдамаған Аружан

0 9

Өткен жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасын жүзеге асыру аясында Тұңғыш Президент қорының қамқорлығымен «Елбасы медалі» жобасы қолға алынған болатын. Ол 7 негізгі бағыттан тұрады: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы. Қиындықтарды жеңе алатын, әртүрлі салада өзін жүйелі түрде дамыта алатын, басқаларға қамқорлық жасай алатын, алға қойылған мақсаттар мен биіктерге жете алатын үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыруды мақсат еткен жобаның қола медалі Жаңатас қаласының тұрғыны Аружан Берғалиға бұйырған болатын.

Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің 9 «А» сынып оқушысы Аружан бала кезінен оқуда үздік болады. Бұл жоба жайлы алғаш туыс әпкесінен естіп, қатысуға бел буыпты.
– Өткен жылдың жаз айында үйге туысқан әпкем қонаққа келіп, «Елбасы медалі» жобасына қатысатынын айтты. Мұны ести сала менің де қызығушылығым артып, жобаға бірге өтініш тастадық. Көп ұзамай, яғни шілде айында жұмысты бастадық.
Басында қиынға соқты. Көп уақыт керек болды. Көбіне видео түсіріп, апта сайынғы есеп беру әбігерге салды. Видео түсіруге адам қажет. Көбінің қолы тимеді. Солай өзім тырысып, жақсы нәтиже көрсеттім. Қола медальді алу жолында көп еңбек еттік. Бес бағыттың қыр-сырымен таныстық. Тәлімгерлермен көп дайындалдық. Алдағы күнге, айға жоспар құрдық. Сол жоспарды жүзеге асырдық. Байқау алты ай бойы жүрді. Сол алты айда апта сайын жасаған ісіме есеп беріп отырдым. Жоба барысында өз бағымды, бойымдағы қабілеттерімді сынап, мақсатыма жету үшін алдыма жаңа міндеттер қойдым, – дейді марапат иегері.
Аружан үшін «Елбасы медалі» ерекше жаңалық болғанын айтады. Жобаға қатысу кезінде білімін арттырып қана қоймай, өне бойында да өзгерістер болғанын жасырмайды. Үздік оқушы алдағы уақытта күміс медаль алуға талпынамын деген жоспарымен де бөлісті.
– Ендігі алға қойған мақсатым – келесіде күміс медальдің иегері болу. Қолаға қолым жетті. Енді осы қарқынмен күміске қол жеткізсем деймін. Өзім қалаған мамандық иесі болып, ата-анамның үмітін ақтағым келеді. Барлық жетістікке өз күшіммен жетуді көздеймін, – дейді Аружан.

А.Орынбасарқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.