"Кәсіпкерлік"

Арманы асқақ Амангелді

Written by Aray2005

«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы ел әлеуетін көтеруде айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Оны өндіріс, индустрия немесе ауыл шаруашылығы секілді негізгі секторларда кәсіпкерлердің бағдарламаны тиімді пайдалана білуінің арқасында тасын өрге домалатып отырғанынан-ақ аңғаруға болады. Өйткені, аталған бағдарламаның төрт түрлі бағыты бойынша жасалатын жеңілдіктер мен қолдаулар кез келген кәсіпкер үшін оңтайлы. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімі 2025 жылға дейін жалғасатынын баса айтты. Бұл аталған бағдарламаның өміршеңдігін көрсететіні анық.

Баянды бағдарлама облыс аудандарында да жүйелі жүзеге асырылуда. Жамбыл ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Нұржігіт Арқабековтің айтуынша, бұл аймақта нақты жұмыс істеп тұрған 4 218 шағын және орта бизнес субъектісі бар екен. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер саны 1 684 болса, 2 312-сін шаруа қожалықтар құрайды. Қалғаны заңды тұлғалар.
– 2010-2014 жылдары «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының барлық бағыты бойынша 15 жоба, 2015 жылдан бастап 39 жоба іске асырылды. Осы жылы бағдарламаның пайыздық мөлшерлемені субсидиялау шарты бойынша құны 91,1 миллион теңгені құрайтын 4 жоба ұсынылып, тиісті құжаттар аймақтық үйлестіру кеңесіне жолданды. Бір айта кетерлігі, мал шаруашылығы саласында да өз кәсібін кеңейткісі келіп, бағдарламаға иек артқан шаруалар қатары көбеюде. Мәселен, Жамбыл ауылдық округі Бесжылдық ауылында орналасқан «Райымқұлов.А.К» шаруа қожалығы былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 70 миллион теңге несие алған болатын. Ол бұл қаражатты 400 басқа арналған мал бордақылау алаңын салуға жұмсады. Қазір агроқұрылым бұдан да өзге бағдарламаларға қатысу есебінен іргелі шаруашылыққа айналып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр, – дейді ол.
«Жақсыны көрмек үшін» дегендей, аталған шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысу үшін Бесжылдық ауылына жол тарттық. Онда бізді шаруашылық жетекшісі Амангелді Райымқұлов қарсы алды. Айтуынша, мал бордақылау алаңында бүгінде 200 мүйізді ірі қара, 100 қой мен 30-40 жылқы байлауда тұрған көрінеді. Бұдан бөлек Мойынқұмда 1 500 уақ мал, 200 бас сиыр мен 10 шақты мініс аты бар. Қысқы мал азығы мен бордақыланатын малдың жем-шөбін 100 гектар суармалы жерден айырады. Оның 50 гектары шаруашылық иелігінде болса, қалғаны өзге фермерлерден жалға алынған. Мойынқұмда Жусанды, Ноқай, Есекөлген, Лаққалған, Бескепе секілді бас-аяғы 8 қора-жай бар. Жалпы, жайылымдық жер көлемі 7 мың гектардан асып жығылады.
– Біздің жастық шағымыз тоқырау жылдарына тап келді. Жұртпен бірге қысылып-қымтырылып күн көрдік. Десе де, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында, тәуелсіз жас мемлекетіміздің көші тіктелді. Оның үстіне ер азаматқа «жұмыс жоқ» деп қол қусырып қарап отыруға болмайтынын жаңа нарық заманы талап ете бастады. Мемлекетіміз де кімнің немен айналысқысы келеді, соның қолтығынан сүйеп, демеу жасай бастады. Тек заңға қайшы келмесең болғаны. Осыны ескеріп, ағаларыммен ақылдаса мал өсірумен айналысуға бел будым. Аз уақыттың ішінде шаруамыз дөңгелеп, түлік басын көбейттік. Әйтсе де, мұнымен шектеліп қалуға болмайтынын түсіндім. Өйткені, қазір де жаңа заман ағымы Кеңес үкіметінен қалған қасаң қағиданы бұзып-жаруда. Анығын айтқанда, мал соңында жүре бермей, нарық сұранысын өз мүмкіндігің арқылы неге қанағаттандырмасқа? Осындай идеяның, жаңаға ұмтылудың арқасында ауыл іргесінен мал бордақылау алаңын салдық. Ол ойым «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асты. 19 пайыз­дық мөлшерлемемен алған несиенің 10 пайызы мемлекет есебінен субсидияланған. Несиені қайтару мерзімі – 7 жыл.
Бордақыланған малдың етін облыс көлеміне, оның ішінде басым бөлігін Тараз қаласының ірі сауда орындарына өткерудеміз. Ірі қара малының 1 келісі 1 350 теңге болса, уақ мал етінің бір келісі 1 150 теңгеден. Малды сойып немесе тірідей салмақта өткереміз. Еттің әр келісіне 200 теңге субсидия бөлінген. Етті субсидиялау арқылы мал бордақылау алаңының саны артып, жұртшылықтың арзандатылған бағамен ет өніміне қол жеткізіп отырғаны сөзсіз.
Қазір мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан басқа да қаржылай қолдаулардың арқасында иелігімдегі малды асылдандырудамын. Мал сою алаңы өзімізде бар болғанымен, заңдастыру ісі енді қолға алынды. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдаулар жалғасып жатса, ет және сүт өнімдерін өндіру жоспарда бар. Өйткені, біздің нарық қайта өңдеу өнімдерін тұтынуда шетелге тәуелді болмауы керек, – деді Амангелді Қалсатұлы.
Иелігінде егін оратын комбайн, тіркеме, соқа, қопсытқыш, дәнсепкішімен бірге «Беларус-892», «Газ – 66» секілді техникалары бар шаруашылық сушы, механизатор, мал шаруашылығы ісін жүргізуші секілді 6 отбасы мен 10 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде бір отбасы мен 4-5 адам мал бордақылау алаңында. Жамбыл ауылдық округінің мал дәрігері Құнанбай Құрманбеков шаруашылықтағы малдың ауру-сырқаудан аман болуына өзі тікелей жауапты екенін айтады.
– Малдың семіздігі оның жем-шөбінің құнарлылы­ғы­нан бөлек, сырқаттан сау болуына да бай­ла­ныс­ты. Сондықтан мемлекет тарапынан тегін берілетін аусыл, сібір жарасы, сарып, оспа ауруларына қарсы екпелер тұрақты егіліп тұрады. Ал ішек, бауыр құртына қарсы және өзге де екпелер мен дәрумендер шаруашылық есебінен алынады. Бордақылау алаңына сырттан мал сатып аларда да оның аурудан аман екенін жіті назарда ұстаймыз, – дейді Қ.Құрманбеков.

Ет өндіру ісін енді ғана қолға алған шаруа­шы­лық жетекшісінің талабы таудай, арманы асқақ. Өзі айтқандай, шаруашылық қаржылай қолдауға ие болып, қайта өңдеу ісі қарқын алатын болса, бұл өңірдегі ет экспортының дамуына да тікелей әсер ететіні сөзсіз. Бір білетініміз, «келешекте кемел іс тындырамын» деп өрге ұмтылған кәсіпкерлер мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардан кенде қалмайтыны анық.

Н.Болатұлы,
Жамбыл ауданы

ПІКІР