Арманы асқақ Арман

0 72

«Жас келсе – іске…» деген халқымыз ойы асқақ, мақсатшыл, талапкер жастарға әрқашан сенім артады. «Асыл тастан, ақыл жастан» дегенді де айтқан дана бабаларымыз «болам деген баланың бетін қақпай, белін буып», бағыт-бағдар беріп, намысын қамшылап, жігерін жанып отырған. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Арман Барменов те ілкімді істерімен көпке үлгі болып жүрген мақсаты асқақ, талабы таудай жастың бірі. Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақат ауылының тұрғыны А.Барменовтің қолға алып, жүзеге асырып отырған ісі жеке басының ғана емес, барша аудан тұрғындарының игілігіне жарап тұр.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз 505 мың теңге алып, өз кәсібін бастаған жастың алға қойған жоспарлары жұмыр. Бүгінгі таңда жас кәсіпкер өз үйінің ауласынан жылыжай салып, шағын ауылды ғана емес, бүкіл ауданды көкөніспен қамтып отыр.
– Оқу бітіргеннен кейін «екі қолға бір күрек табылар» деген оймен жұмыс іздеп Алматыға аттандым. Әрине, ешкім бірден мол табыс табар жұмысты ұсына қоймайды ғой. Құрылысшы өзбектермен бірге үй тұрғызу ісіне араластым. Ала тақиялы ағайындар еңбекқор және кішіпейіл болып келеді екен. Мені баласындай көрсе керек, білгендерін айтып, қолдарынан келетін істі үйретті. Жылыжайға қыста көк пияз, қияр, қызанақ ексең, өнімі көл-көсір болатынын да айтты. Ауызбен айтқан оңай ғой. Іс жүзінде бейнетіне төзіп, жылыжай салуға да біраз қаржы керек.
Сөйтіп жүргенде еліміздің өз ісін ашып, еңбек етемін деген жастарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз 505 мың теңге грант берілетінін естіп, құжат тапсырдым. Барлық талаптарды орындап, қайтарымсыз грантты алғаннан кейін бірден іске кірістім. Өз үйіміздің ауласынан жылыжай салдым. Грантқа берілген қаржыға полиэтилен клеенка, ағаштарын және жылу құбырларын алып, құнарлы топырақ төседім. Бірақ ісімді қараша айында бастағандықтан, көк пияздан басқаны егуге мүмкіндік болмады. Сондықтан жаңа ісімді осы көкөністен бастадым. Бір жақсысы пиязға аса қатты жылу қажет емес, +5 градус та жеткілікті. Жылыжайдың ішін кәдімгі темір пешке от жағып, көмірмен жылытамыз. Бастапқыда газбен жылытуды байқап көріп едік. Бірақ газ қуаты жылыжай ішін толық жылытуға жетпеді, – дейді Арман Азаматұлы.
Алғашқыда көк пияздың дайын көшетін Тараз қаласынан сатып әкеліп отырғызған кәсіпкер кейін тұқымын шағын ыдыстағы топыраққа егіп, көшетті өзі дайындап, байқап көрген. Ондағы ой – асқа қолдануға дайын көк пиязбен қоса, көшет түрін де тұтынушыға ұсыну. Жүргізген тәжірибесі сәтті шығып, дайындаған көшетіне де тұтынушылар тарапынан қызығушылық туындаған. Сондай-ақ көк пияз көшеттерін биылғы көктемнен бастап жылыжайына да отырғызуды қолға алыпты
– Жылдың қай мезгілінде де көк пиязға сұраныс жоғары екенін байқадым. Дегенмен күн жылы мезгілде кең алқапқа пияз егушілер де табылады. Сондықтан осы көктемде отырғызған көшеттерімнен пиязды жинап алғаннан соң, құлпынай егуді қолға алмақпын. Алдын ала зерттеп, біздің аймақта құлпынайға сұраныс өте жоғары екенін байқадым. Әсіресе көктемде құлпынай секілді сабағынан жаңа үзілген жеміске құмартатындар көп кездеседі. Ал жазда апа-жеңгелеріміз тосап қайнату үшін құлпынайды көп іздейді. Бұйыртса, оның да өнімі мен табысы мол болар деген сенімдемін.
Көк пиязды алғаш отырғызғанымда жақсы табыс түсті. Себебі карантин басталып, шетелмен байланыс уақытша тоқтады. Ал бізге көбіне көкөніс, жеміс-жидек Өзбекстаннан келеді ғой. Бәрібір шетелден жеткізілгенше де бұл өнімдер түрін, дәмін өзгертеді. Ал өзімізде өсірілсе, тұтынушы қажет еткен сәтте сабағынан үзіп бере қоямыз. Және тасымалға шығын кетпейді, яғни бағасы да аса қымбат болмайды деген сөз. Сондай-ақ ауыл-аймақтарда жылыжайлардың болғаны тұтынушыға да, өндірушіге де тиімді. Сондықтан шұрайлы жерде отырған біздің өңірге тек егіндік алқаппен айналыспай, ауыл-аймақтарда шағын жылыжаймен де шұғылданған өте пайдалы дер едім, – деген шаруаға бейім жігіт көздеген мақсатының биік екенін байқатты.
Шаруақор жігіттің сөзінің жаны бар. Табиғи нәрін жоғалтпаған көкөніс, жеміс-жидек адам ағзасына да пайдалы. Шетелден әкелінетін мұндай астардың таза табиғи екеніне де күмән туады.
Талабы таудай, ізденістен жалықпайтын, еңбекке жақын жастың ісіне тәнті болып, қайырын тіледік. Және «жұмыс жоқ» деген желеумен қос қолын қалтаға салып, ата-анасының азын-аулақ табысына ортақтасып жүрген кейбір жалқау жандарға үлгі болсын деген ниетпен еңбекқор жігіт жайында дүйім жұртқа жариялағанды жөн көрдік.

Қамар Қарасаева

Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.