"Көңілашар" Сұхбат

«Арманым – таразда әзіл-сықақ театрын ашу»

Қазақ өнерінің қазанынан өз қалжасын жеп, әзіл әлемінің бір кетігін бүтіндеуді мақсат еткен Дидар Пернебектің есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Қадамын нықтап, еңсесіп тіктеп үлгерген еліміздегі белді театрларда жемісті еңбек етіп үлгерген жерлесіміз бүгінде «ТТТ» театрының мүшесі. Жақында көгілдір экран арқылы көпшіліктің көзайымына айналған әзілкеш Дидармен сұхбаттасып, айтарына құлақ түрген едік.

– Жамбылдық өнерсүйер қауымға «Дидар анекдотчик» деп танылған Дидар Пернебек бұл күнде елімізге белгілі әзіл-сықақ театрының актері. Әзіл әлеміндегі азды-көпті танымалдылығыңыздың артында тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің жатқаны анық. Сондықтан да «Үлкен сапар алғашқы қадамнан басталады» демекші, әңгімеміздің әлқиссасын өнер әлеміндегі бастапқы баспалдақтарыңыздан бастасақ…
– Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде әзіл саласы бойынша түрлі байқауларда бағымды сынап, жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Сабақтан тыс уақытта тұрақты түрде үйірмелерге қатысып, бірте-бірте өнер әлеміне деген қызығушылығым ояна түсті. Бала күнгі арманымның жетегімен мектеп бітіргеннен кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанындағы көпсалалы колледжге оқуға қабылдандым. Аталмыш білім ордасының «Актер өнері» факултетін бітіріп, шыққаннан кейін облыстық филармонияға жұмысқа орналастым. Бірде «Шымкент-шоу» театрының сол кездегі режиссері Медеу Достаев ағамыз «Баласағұн» орталық концерт залында елге белгілі сықақшылардың қатысуымен «Анекдот-шоу» атты әзіл-сықақ кешін өткізді. Көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлаған концертте өнер көрсету бақыты бұйырып, өзім жазған монологтарымның бірін орындап шықтым. Шығармашылығым көңілі­нен шықса керек, Медеу ағамыз Шымкентке шақырды. Ағамыздың бастамасымен «Анекдот-шоу» деген театр аштық. Бірақ, ғұмыры қысқа болып, театр мүшелері жан-жаққа тарап кетті. Тараздан аттай қалап арнайы алып келгендіктен, әрі талантымды бағаласа керек, Медеу ағамыз мені «Шымкент-шоу» театрына жұмысқа қабылдады. Сөйтіп, «Шымкент шоу» театрының сапында тәжірибе жинап, шар болаттай шыңдала түстім. Арада уақыт өте келе театрдың Астана қаласында өткен концертінде «Шаншар» театрының актері Жүсіп Ақшора ағамызбен әңгімелесіп қалдық. Сонда Жүсіп ағамыз: «Сен осылай жүре берсең, көптің көлеңкесінде қалып қоясың. Байқап жүрмін, жеке өнер көрсетсең жазық далада бауырын еркін жазып шапқан арғымақтай болады екенсің. Сондықтан, жеке жұмыс жасап көр» деп ағалық ақылын айтты. Сонымен, Жүсіп ағаның кеңесі бойыма үлкен серпіліс сыйлап, елге қайттым. Бірнеше ай дайындалып, «Баласағұн» орталық концерт залында «Кәсібім-күлдіру» атты жеке кешімді өткіздім. Содан бастап жеке шығармашылығым басталды. Облысымыздың түкпір-түкпіріне гастрольдік сапармен шығып жүргенде бір күні «ТТТ» театрының директоры Асылбек Боранбаев ағамыз хабарласып, өзі жетекшілік ететін театрға жұмысқа шақырды. Осылайша, ойламаған жерден кіл мықтылар бас қосқан театрдың сапына қосылдым.
– Өнер жүрген жерде еліктеу болмай тұрмайды. Өзіңіз өнер жолында алдыңғы толқыннан кімге еліктедіңіз?
– Негізі өнерге баулыған әкем еді. Қайда барса да қасынан тастамай, жанына ілестіріп жүретін. Сол бір кезеңде есімдері ел аузында жүрген белгілі айтыскерлер Әзімбек Жанқұлиев, Шорабек Айдаров, Мұхамеджан Тазабеков сияқты ағаларымыздың аузынан естіген тағылымы мол өсиет әңгімелер, алған тәлім-тәрбие өмірлік азығым болып келеді. Әлі есімде, бала кезімде әкеммен бірге айтысқа барып, Шорабек, Мұхамеджан ағалардың шапанын ми кептірер аптап ыстықта екі сағат бойы арқалап жүргенмін. Бәлкім, айтыстың шын шеберлерінің шапаны арқылы өнердің бір ұшқыны біздің де бойымызға дарыса керек. Ал, әзіл әлеміне ынтамды оятқан Бауыржан Ибрагимов, Евгений Петросян сынды сатира саңлақтарын ерекше атап өтер едім.
– Қазіргі таңда «ТТТ» театрында «Тамаша» әзіл-сықақ отауы арқылы мұқым қазаққа танылған сахна сайыпқырандарымен бірге қызмет атқарып жүрсіз. Асыл тұлғалы абзал ағалардан не үйрене алдыңыз?
– «ТТТ» театрында еңбек ету маңдайыма бұйырған бақ деп білемін. Бәлкім, театрым арқылы ешқандай танымалдылыққа ие бола алмаған шығармын. Ең бастысы, ағалардың қасында жүріп алған тәрбием, көрген-білгенім болашағыма үлкен бағыт сыйлайды деп ойлаймын. Мәселен, кейде әлдекім жұмысымызға байланысты сын айта қалса «Мықты болсаңыз, өзіңіз сценарий жазып, жүздеген адамның алдында орындап шығыңызшы» деп бұлқан-талқан болып ашулануымыз мүмкін. Ал, ол кісілер ондай қасиеттен ада. Қандай сын естіп жатса да, «сіздікі дұрыс, біздің тараптан қателік кеткен екен» деп ілтипатпен кешірім сұрап жатады. Одан кейін, сценаристердің еңбегін бағалауды үйрендім. Мәселен, жастар қолымызға түскен монологтың кейбір жері ұнамай қалса жаратпай, лақтыра саламыз. Ал, ағалар кем-кетігін түзеп, әбден өңдеп сахнаға алып шығады. Жоқтан бар жасайды.
– Өзіңіз сынды қалай қабыл­дайсыз?
– Егер сын орнымен айтылса, міндетті түрде құлақ асамын. Кеткен кемшілігім болса, тез арада ретке келтіруге тырысамын. Жалпы, өнер адамы өз талантына табынған күні өледі дейді ғой. Жеткен жетістіктеріме тоқмейілсімей, үнемі ізденіс үстінде жүремін.
– Басқа театрларға да сценарий жазасыз ба?
– Ұсыныс түсіп тұрады. Бірақ, өзіме жеткізе алмай жатқандықтан да, көп ұсыныстан бас тартуға тура келеді. Әсіресе, «Әзіл әлемі» театрының актерлары көп сұрайды. Арман Жаналиевке, Қанат Әлжаппаровқа бірнеше монологымды берген болатынмын. Ал, дәл қазіргі уақытта жеке шығармашылығыма көп көңіл бөлуіме байланысты, өзгелерді жарылқайтындай жағдайда жүрген жоқпын.
– Еліміздегі кез келген әзіл-сықақ театрлары «автор жоқ» деп байбалам салса, сатириктеріміз материал сұрап жатқан театрдың жоғын айтады. Бұл орайда кімге сенеміз?
– Шынын айту керек, халықтың талғамына қарай жазатын сценаристер жоқтың қасы. Бұрын Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбек ағаларымыздың әрбір жазғаны ел аузында жүрді. Неге? Себебі, олар жылы кеңсеге қамалып отырмай, халықтың ішінде көп жүрді. Шынайы, қоғамның бет-бейнесін көз алдыңызға келтіретін дүниелер жазды. Ал, қазір халықтың көңіліндегісін дөп басатын дүниелер жазыла бермейді. Сондықтан да, екі аптада бір рет жеке көлігім бола тұра қоғамдық көліктерге мініп, қарапайым халықтың арасында жүруге тырысамын. Сонда ғана халықтың нені қалайтынын, қандай дүниеге шөліркеп жүргенін анық сезінесің.
– Асаба ретінде тойға жиі шығасыз. Қазіргі той мәдениеті туралы не айтасыз?
– Он жеті жасымнан бастап той басқарып келемін. Ол кездерде халық қара сөзді ұйып тыңдайтын. Даналық сөздер, мақал-мәтелдерге сусап отыратын. Ал, қазіргі тойда ондай дүниелерді айтып, көпшілікті қарата алмайсың. Тағы бір айта кетер жайт, біз алғаш шығып жүрген кездері халықты таңғалдыру оңай еді. Өйткені, қазіргідей озық технологиялар дамымаған кез. Өнер адамдарының аузын бағатын. Ал, қазір керегінің барлығы ұялы телефонында тұр. Сол себепті де бүгінгі қазақтың талғамы өскен. Асабаларымыз болса, халықтан төмен деңгейде келе жатыр. Сондай-ақ, кеше ғана той түсіріп жүрген операторлар табанда асаба болып алды. Осыдан кейін той мәдениеті қалай жақсарады?!
– Алда қандай шығарма­шы­лық жоспар­ла­рыңыз бар?
– Менің арманым – Тараз қаласынан әзіл-сықақ театрын ашу. Бізде мүмкіншілік мол. Талантты жастар да жетерлік. Тек қолдау болса болғаны. Кейде қалада жүрген кезде бос тұрған ыңғайлы ғимараттарды қарай жүремін.
Және келесі жылы Тараз қаласында жеке кешімді өткізуді жоспарлап отырмын. Мұнан өзге де жоспарлап отырған дүниелер баршылық. Барлығы алдағы күндердің еншісінде.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР