«Арманымыз – Жаңатастың жақсы атын шығару»

0 5

Бүгінде КТА және жайдарман ойындары ауқымды аудиторияны қамтыған ең ірі жастар қозғалыстарының бірі ретінде қанатын кеңге жайып келеді. Сондай-ақ бұл өнер түрі жас таланттардың үлкен шығармашылық ортада ысылып, тәрбиеленуіне жаңа мүмкіндіктер беруде.
Биылғы Жастар жылында қолға алатын жұмыс ауқымды. Бүгінгі буынның әлеуметтік мәселелерін шешумен қатар олардың өнердегі әлеуетін де шыңдап, қолдап, қанат бітіру ісі де аға буынға сын болғалы тұр. Бұл ретте Сарысу ауданынан шығып, аз уақытта Астананы мойындатып үлгерген «Бауыржан ағайдың қонжықтары» КТА командасының аяқалысы жан жадыратады. Газетіміздің «Сырсарай» айжары аясында аталған команда жетекшісі Бауыржан Балғабаймен мектеп оқушыларынан құралған команданың аяқ алысы жайлы сұхбат құрдық.

–Бауыржан, бүгінде «Бауыржан ағайдың қонжықтары» КТА командасы енді танылып келе жатқан жас ұжымдардың бірі. Осы орайда, команданың құрылу тарихына тоқтала кетсеңіз…
– 2017 жылдың қазан айында Жаңатас қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда мектеп оқушылары арасында жайдарман ойындары өткізілді. Жастар саясаты саласында қызмет атқаратындықтан мені сол ойынға қазылық етуге шақырды. Шынымды айтсам, сол ойынға барғанша менде ешқандай жоспар болмады. Бірақ ойын барысында оқушылардың өнері мен олардың талпынысы мені бей-жай қалдырмады. Сондықтан ойын барысында әзілді жеткізе білетін оқушылардың тізімін жасақтап алдым. Мұндағы бар мақсатым – оқушыларды аудандық Мәдениет үйінің сахнасына алып шығу. Сол жылдың 1 желтоқсанында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай өткен аудандық КТА ойындарында алғашқы қадамымыз сәтті басталып, жеңімпаз атандық.
Сондай-ақ 2017 жылдың 20 желтоқсанында ауданымызда өткен іріктеуде тағы да бас жүлдені иеленіп, облыстық КТА ойынына тікелей жолдама алдық. Ол жақта да сәтті өнер көрсетіп, маусымға жолдама беретін кубокты қанжығалап, Тараз КТА лигасына қадам бастық. Өткен жылдың сәуір айында 1/8 финалдық ойында 3 кубок иеленіп, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Мәдениет жігіттері» тобымен бірге көш бастадық.
Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Көп ізденіп, шеберлігімізді шыңдай түстік. Сол жылдың тамыз айында «Жеңіс» саябағында өткізілген КТА ойынында Жамбыл облысы әкімінің жазғы кубогын жеңіп алдық. Сонымен қатар 2018 жылдың желтоқсан айында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың 60 жылдығына орай КТА жартылай финалдық ойынында университет ректоры кубогының иегері атандық. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің 10 жылдығы мен Тараз КТА лигасының финалдық ойынында жеңімпаз болдық. Осылайша, аудандық жарыстардан әбден төселген біздің командаға өткен жыл жемісті болды. Айта кетерлігі, «Баласағұн» орталық концерт залының сахнасына оқушыларыммен бірге мен де алғаш қадам бастым. Өйткені, осыған дейін мен ондай үлкен сахнада өнер көрсетпеген едім.
– Әр команданың өзіне тән ойын стилінің болатындығы белгілі. Сіздердің өзге командалардан ерекшеліктеріңіз қандай?
– Шындығында, әр команданың өз стилі болуы қажет. Өйтпеген жағдайда елдің есінде қалып, тартымды өнер көрсету мүмкін емес. Сол секілді біздің топтың ерекшелігі – сахнада бір қатарда тұрып-ақ көрерменге әзілімізді жеткіземіз. Мәселен, мен тақырыпты ашамын, ал топ мүшелері қоштайды. Соңынан даусы ерекше Азат есімді ойыншымыз әзілді нақты аяқтайды. Яғни, әр әзілдің басы, шырқау кезеңі мен қорытындысы бар. Ондай стильді «КВН» тілінде «линейка» дейді.
– Өткен жылы облыстық КТА ойындары мен бірқатар жарыста жеңімпаз атандық деп отырсыз. Бұл үлкен ізденіс пен қолдауды қажет ететіндігі белгілі. Сіздерге кім демеушілік жасайды?
– Біздің басты демеушіміз – Жаңатас қаласының халқы. Олай дейтінім, әр ойындарда әр түрлі демеушілер қол созып жатады. Кәсіпкерлерден бастап, қарапайым жұмысшылар, тіпті студенттер де көмек көрсетеді. Кейбірі жатын орынмен қамтамасыз етсе, енді бірі көлік жағын қарастырып береді. Облыстық жарыстардан бөлек, өзге қалаларда өтетін сайыстар біршама қаражатты қажет етеді. Мысалы, Астана қаласына барарда қаржылай көмек көрсеткен «Қазфосфат» ЖШС филиалы – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Сарсенов пен аудан әкімі Балабек Нарбаев үлкен қолдау білдірді. Жастарға жанашырлық танытқан осындай ағаларымызға алғысымыз шексіз.
– Жалпы, командада әзілді кім жазады? Әлде авторлармен жұмыс істейсіздер ме?
– Командада сценарий мен әзілдерді түгел өзім жазамын. Ал дайын болған материалды топтың музыкалық сүйемелдеушісі Нұржан Құдайбергенмен талқылап, ой елегінен өткіземіз. Жалпы, әзілді қоғамда орын алып отырған оқиғаларға сүйене отырып жазамыз. Дегенмен біздің жеткізе алмай қалған тұстарымызды «Тараз – 2000» командасының мүшелері Арман Жаналиев, Файзулла Сағымбаев, Рүстем Рамазан ағаларамыз толықтырып, ақылдарын айтып отырады. Ерекше айтып өтетінім, Тараз КТА лигасының финалдық ойынының сценарийіне «Тараз 2000» командасының мүшесі Даир Бәйдібек ағамыз үлкен көмек көрсетті.
– Биылғы маусымда Тұрсынбек Қабатовтың жетекшілігіндегі КТА ойындарының оқушылар лигасында өнер көрсетіп жатыр екенсіздер. Алдағы үлкен додаға дайындықтарыңыз қалай?
– Ағымдағы жылдың басында Астана қаласына КТА фестиваліне барып, өнер көрсетіп қайттық. Республика бойынша 100-ге жуық ұжым келіп, оның 40 командасы гала-концертке жолдама алды. Өз кезегінде біз де сол 40 команданың қатарына еніп, «Номад Сити Холлда» өнер көрсету мәртебесіне ие болдық. Астана қаласына ат терлетіп барғандағы мақсатымыз да осы болатын. Алдағы ойындарға дайындығымыз жақсы. Сценарийімізді күшейтіп, ізденіп жатырмыз. Осылай команда болып өнер көрсетудегі басты арманымыз – Жаңатас қаласының жақсы атын шығару. Себебі, бүгінде мектеп оқушылары мен жастар қат­ты қызығып көретін КТА және жайдар­ман ойындары өңірді танытуда үлкен мәнге ие.
– Әзіл әлемінен бөлек Сарысу аудандық жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі инспекторы болып қызмет атқарасыз. Аймақта Жастар жылына не жоспарлап отырсыздар?
– Жастар жылына жоспар көп. Соңғы екі жылдан аса уақыт ішінде Жаңатас қаласында қайырымдылық акциялары көптеп ұйымдастырылуда. Оның басы-қасында өзімнің де жүргенімді мақтан тұтамын. Жастарға еншілеп берген осынау жылы бұл шаралар жандана түспек. Осы уақытқа дейін «Тегін такси», «Оразада ішімдік сатпайық!», «Тегін нан» акциялары ұйымдастырылып, мектеп оқушыларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, киім тарату сынды жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Мұндай адрестік шаралар жастарды жақсылыққа шақыру, олардың жүрегіне мейірімділік ұялату, бір-біріне жанашыр етуде үлкен маңызға ие. Алдағы уақытта осы тақылеттес шараларды көптеп ұйымдастыра беретін боламыз.
– Осы КТА-дан бөлек жастардың талантын ашатын өзге де жобаларды іске асыру ойда бар ма?
– Иә, осы жылы жастарға қатысты үлкен жоспарлы жұмыстар қолға алынып, тіпті оның «жол картасы» да жасалынуда. Дегенмен, біз мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды да естен шығармауымыз қажет. Осы орайда, оларды да сахнаға шығарсақ деген жоспарымыз бар. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі жастар да қоғамның толықтай мүшесі екендігін жұрт білуі, санасына сіңіруі қажет. Биыл Жаңатас қаласына 50 жыл толып отырғаны баршаға мәлім. Осыған орай, сол мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастардың бізбен қатар жақсылық жолында еңбек еткенін қалаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.