"Талаптың мініп тұлпарын..." "Шабыт"

«Арманын іздеп аттанған, Алысқа талай ұлдарың»

Written by Aray2005

Әлем әдебиетінің классиктері Александр Пушкин «Жастық шақ — ең үлкен сиқыршы» деп әспеттесе, Назым Хикмет «Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық. Бұл әрі лирика, әрі романтика. Бұл – болашақ жөніндегі үлкен-үлкен жоспарлар. Бұл – болашақ атаулының бастауы» деп тұжырымдайды. Расында газетіміздің кей сандарында осындай жастық лирика, романтикалық леп, өміршеңдік рух, арыстандай айбат, жолбарыстай қайрат, ағыны арнаға сыймайтын алғырлық, толқыны жарды жаншып, шыңға шапшитын еркелік сезімдері өрнектелген өлеңдердің талайы тұрақты жарияланды. Көптеген таланттардың тырнақалды туындылары үшін «ARAI» газеті тұсаукесер алаңға, қанатқақтырар орынға айналған. Оған көзіқарақты барша оқырмандар куә. Жас ақын Елдар Боранбек алғаш редакциямызда тәжірибеден өткен, салмақты мақалалар жазып, тілшілік тіршілікті де тізгіндеді. Ақындық қыры да өз алдына бір бөлек арынды жас. Күні кеше ғана Елдар еліміздегі карантин жағдайы, ауылға деген сағыныш, ананың, елдің амандығы, махаббат секілді отты тақырыптарды қаузаған жаңа өлеңдерін редакциямызға жеткізген болатын. Жауқазын жастың жаңа жырларын өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік. 

Апа

Ай жүзіңнен ашылады тынысым,
Мінезімнің, мәрттігімнің сырысың.
Апа, сенің дидарыңның қасында,
Мына әлемнің сұлулығы құрысын.

Құрысын!
Ат мінгені, атағы да басқаның,
Сенен артық жоқ бақыт та, басқа мұң.
Ауырғанда өзің апа шын айтам,
Жүзімізден күлкі кетті қас қағым.

Етегіңе мұрын сүрткен күрең ұл,
Есейсе де өзіңді ойлап жүдеп жүр.
Бағынбайтын басқалардың ырқына,
Сағынбайтын өзге ешкімді кілең дүр.

Жақсы көрген жақынды да, жұқаны,
Біз өзіңдей мейірбанның бұтағы,
Апа, сенің бір жейдеңнің иісіне,
Татымайды бар әлемнің жұпары.
Татымайды бар әлемнің жұпары.

Туысқандар

Жүрмесек те қауышып біз күнде ерек,
Туыстармен өткен əр сəт бір дерек.
Жайма шуақ жиендермен көктемгі,
Көктөбеде тыныққан күн тым бөлек.

Алматының аспанында Ай шалқыған,
Жоталардан жұпар иіс аңқыған.
Қырқалары қызғанышпен қарайды-ау,
Тау басына ақ күмістер балқыған.

Алыс-жақын, үлкен-кіші арасы,
Серуендеген жиендер мен нағашы.
Бəйтеректің бұтағындай бекембіз,
Бас қосқанда бауырлардың баласы.

Күндер керуен тоқтауы жоқ, көші бар,
Таңы ащы, болар кейде кеші бал.
Көп ішінде жалғызсырап жүрсең де,
Алыстағы ағайынды есіңе ал.

Ағаң əсте құшақ жайып қарсы алған,
Кішкентайлар ағатайлап жар салған.
Қайнысымен əзілі əсте жарасқан,
Ақ жеңгенің мейіріне тамсанғам.

Қалай ғана қуанбайсың қадірлеп,
Бірін-бірі бағаласа барым деп.
Аттың басын жиі бұрып тұрыңдар,
Əулиеаталық бір əулетке бəрің кеп.

Қанымызға құдай берген қанағат,
Болмасыншы арымызда жаман ат.
Бір атаның балалары тапсырған,
Бауырмалдық енді бізге аманат.

Ауылға

Арманын іздеп аттанған,
Алысқа талай ұлдарың.
Солармен бірге қап қойған,
Ауылда мен де тұрмадым.

Қаладан қамдап тірлікті,
Қарбаласына бой ұрдым.
Жасырып қайтем шындықты,
Жасандылыққа тойындым.

Мәрттігі бөлек қауымды,
Сағынып тарттым ауылға.
Көрмедім бірақ шаңымды,
Өзгерген екен ауыл да.

Өзгеше өңді жанұялар,
Өзгеріп кеткен түр мүлде.
Арқамнан қаққан қариялар,
Азайып қапты бұл күнде.

Терезесіне жан-жақтар,
Темірден түйіп тор салған.
Мен аттап өткен шарбақтар,
Биік кірпішпен қоршалған.

Табасыменен тостағын,
Тастаған жеңге сүйікті бір.
Есекке міңген достарым,
Темір тұлпармен жүйіткіп жүр.

Жол тосып ұзақ күзеткен,
Жырақтап мейлі кетсек те.
Талай ақынды түлеткен,
Тозып кетіпті мектеп те.

Жетіліп жатыр талай дүр,
Ауылдан ұзап алыста.
Сағынбағаны қалай бұл?..
Күтіп жүр бауыр, таныс та.

Сағынған білем, ауыл да
Жиі түсіме енеді.
Құлаққа келер дауыл да,
Жылқының кісінегені.

Баласын күткен даланың,
Құмына тұрам құмартып.
Тыныштығынан қаланың,
Ауылдың шуы мың артық.

Бүгін – ертең

Бүгінгі күн, ертең – тарих тыңдаған,
Бір орында кідірмейді бұл ғалам.
Уақыт санап асығамыз,
Білінбей
Әр өткен күн қарттығыңа бір қадам.

Қалдырмаймыз жастық шақта із неге?
Уақыт келер аңсай-тұғын бізге де.
Еске алатын жасыл көйлек көктемін,
Адам түгіл өкінішті күзге де.

Жастық шағың, сірә, емтихан әр таңға,
Алма-кезек өмір салар сарсаңға.
Бір қолыңды малып жүрсең жастыққа,
Қарттық тұрар екінші бір қалтаңда.

Бір ғажайып

Бір ғажайып бар сенің келбетіңде,
Сол ғажайып сезімді селдетуде.
Дидарыңа сұқтанып қарай берем,
Көзмоншақтай қалқыған көл бетінде.

Тұла бойдан табылмай есіл күшім,
Тәуекелге жүрегім бекінді шын.
Ғұмыр көшке ілесер арманымның,
Кейіпкері тек өзің секілдісің.

Тармағынан адаспай талай жолдың,
Асылым-ау, алдыма қалай келдің?!
Күйбең тірлік көп болсын, арасында
Күнде өзіңе кеп тұрар қарай бергім.

Күнде шіркін тұрғандай күнім күліп,
Ғашықтықтың не екенін ұғындырып,
Мені сонша бір беткей жаратқанмен,
Сені Құдай жаратқан сұлу қылып.

Мен өзіңнен көремін жылылықты,
Тәрбиеңнің тегіңде сыры мықты.
Аты қалған тарихта асыл ана
Есімі де өзіңе бұйырыпты.

Сәмбі талдай сызылған еркемісің,
Ерке құсым – басқаға ертегісің.
Қапияда кез болған жер бетінде,
Секілдісің періште сен мен үшін.

Тәңір қосқан біз бір жұп құрайықшы,
Ар алдында еңкеймей тұрайықшы.
Қазақы есім қойылған қаракөзге,
Нағыз қазақ жігіті лайықты.

ПІКІР