Жамбыл жаңалықтары

Арулар – асыл жандар, шуақ боп шашылғандар

Кеше Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мереке басталмас бұрын ғимарат фойесінде асыл аналар мен аяулы аруларға көктемнің, нәзіктік пен махаббаттың нышанына айналған қызғалдақтар табыс етіліп, құрмет көрсетілді. Шараны облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, құттықтау сөз сөйледі.

– Бұл мерейлі мереке – көңілге шуақ сыйлайтын жылылық пен сұлулықтың символына айналды деуге болады. Ана – қоғамның тірегі. Отбасының шуағы. Тәрбиенің қайнар бұлағы, береке-бірліктің бастауы. Аналар қауымы – ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беретін айрықша күшке ие. Дана халқымыз әрқашан әйел затын қастерлеп, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Кез келген мемлекеттің жеткен биігі, мәдениеті, оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді» деп, ананың қоғамдағы орнын арнайы атап өткен болатын. Осы бағытта мемлекетімізде аналарды қолдау мақсатында ауқымды тірліктер атқарылып келеді. Өйткені, ұлтымызды тәрбиелеп, отбасының ынтымағын сақтап отырған аяулы жандарға құрмет көрсету – қай ұрпақтың да перзенттік парызы. Сондықтан да, мереке қарсаңында отбасында, қоғамда, мемлекетте атқарған еңбектеріңізге алғысымызды білдіреміз. Бақытты болыңыздар, – деді облыс әкімі Асқар Исабекұлы.

Тәтті тілектер тізбегінен кейін салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Облыстық филармония өнерпаздарының орындауындағы «Ағажан, Ләтипа», «Арман-ай», «Он алты қыз» сынды халық әндері мен қазақ, хорезм, испан билері, «Ән-думан», «Гүл сыйлайық әйелге» атты арнайы композициялар жиылған жұртшылықты ерекше көңіл күйге бөлеп, мерекенің көркін қыздырды.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР