Театр және кино

«Аса мәртебелі, Сейф!»

Кеше Жамбыл облыстық қазақ драма театрында жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтің жалпы қылмыс әлеміне, оның ішінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбына жазылған «Аса мәртебелі, Сейф!» атты драмалық комедиясы сахналанды.

Қойылымды сахналаған белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек.
Драма оқиғасы – бір пәтерге түскен кәнігі ұрылардың іс-әрекеттері мен тағдырлары жайлы. Ұрылар үнемі сыбайлас жемқорлық жолымен байыған адамдардың пәтерлерін тонауды әдетке айналдырған. Олардың бұл жолы тонаған пәтері – ұрылардың бірі Атаманның өмірі көрмеген, сәби шағында тастап кеткен әкесінің үйі болып шығады. Драма оқиғасынан өмірде кездесетін қайғы-қасірет те, қуаныш та, пәк сезімнен туған махаббат пен сүйіспеншілік те, таусылмас адам арманы да, мейірімділік пен зұлымдық та, ұрлық-қарлық пен пайдакүнемдік те, сыбайлас жемқорлық оқиғалары да көрініс береді.
Жетімдер үйінде өскен Атаман мен Есаулдың ұрлық жолына түсуі – жоқшылықтың салдары. Олардың сол пәтерде Ира (Инеш) мен Мира (Мырзагүл) секілді жандары таза, пәк сезімді, адал қыздармен кездейсоқ жолығулары – олардың тағдыр жолдарына күрт өзгеріс әкеледі. Драма соңында «тоналған пәтерге» келген Кене шал осы пәтердің иесі, Ормантай деген шенеунік – ұрылардың бірі Атаманның туған әкесі екендігін және олар туралы барлық шындықты жайып салады. Атаман мен Есаулдың пәтерге ұрлыққа түскенде тапқан 70 мың доллар ақшасы және табылған хат Ормантайдың баласына арнап, әдейі қалдырған аманат хаты болып шығады. Сейфті ашқанда, одан тек қана Құмсағат қолға ілінеді. Құмсағат – уақыттан асқан құдіреттің жоқ екенін білдіреді. Адамның өмірге келер-кетер есіктерінің аралығында сол Уақыт билік құрады. Уақыт – адам өмірінің өлшемі… Ормантайдың баласына айтып, қалдырған аманат, өсиеті де – сол!

Драмада Атаманның рөлін сомдаған әртіс Руслан Оразалиев өткірлігімен, өжеттігімен әрі керемет ойшылдығымен ерекшеленеді. Сол үшін де ол, жан жолдасы әрі інісі іспеттес Есаулға (әртіс Сухраб Мадумаров) сөзін де, сесін де өткізе алатын жандай көрінеді. Есаулдың Ира қызбен (әртіс Перизат Рыспанбетова) түсінісіп, екі жастың араларында сүйіспеншілік сезім орнауына да осы Атаман көп септігін тигізеді. Ал, үй иесінің досы Кене шал (ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков) әдейі, алдын-ала жоспар құрып, драма кейіпкерлерінің бәрін осы үйде жолықтырып, табыстырады. Осы үйден табылған барлық дүниелердің: 70 мың АҚШ долларының да, хаттың да, Сейф ішіндегі Құмсағаттың да құпиясын ашады. Ақырында, ұрылар түскен үй – олар үшін көп нәрсенің түйінін шешіп, араларына достық, сүйіспеншілік орнатқан, өткеннің сабағын, мұң-қайғысын түсіндірген, ақиқаттың бетін ашқан қара шаңырақ болып шығады. Шындық пен шытырманға негізделген сахналық шығарманы сәуір айында қайта тамашалауға болады.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР