Астанаға 20 жыл

Асада 18 отбасы баспаналы болды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ел аумағында тындырымды тірліктер жүзеге асып, мыңдаған отбасы баспаналы болу бақытын сезінуде. Осындай бір қуанышты оқиға Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында орын алды. Анығын айтқанда, Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы «Бәйтерек» алқабында бой көтерген көпқабатты 18 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Бином» құрылыс компаниясының құрылысшылары тұрғызған осынау еңселі үйдің ашылу салтанатында Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов пәтер иелеріне кілт тапсырып, құттықтады. Жаңа үйге қоныстанушыларға тілегін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев та жеткізді. Сонан соң су жаңа тұрғын үйдің салтанатты лентасы қиылды.

Пәтерлер негізінен тұрғын үй кезегінде тұрған толық емес отбасы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі жандарға берілді.
– Мен өзімді бүгін бақытты сезініп тұрмын. Бүл күнді көптен күткен едім. Арманым орындалды. Аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлына және осы жұмыстың басы-қасында жүрген азаматтарға алғысым шексіз, – деді Аса ауылының азаматы Нұрдос Әліқұлов қолына жаңа пәтердің кілтін алып тұрып.

Жамбыл ауданы

ПІКІР