Асалық Аяттың ісі көпке үлгі

0 1

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев әр Жолдауында жастарды қолдауға бағытталған жобаларға басымдық беріп келеді. Соның бірі бүгінде жастар идеясының жүзеге асуына септігін тигізген «Zhas Projeсt» әлеуметтік жобасы аясында жұмыс қарқынды жүргізілуде. Аталмыш бастама аясында Жамбыл ауданынан 15 жоба ұсынылып, оның 14-і мақұлданған. Бүгінде жобасы қабылданып, жұмысын жүргізіп отырғандардың бірі – Аса ауылының тұрғыны Аят Намазбай.

Аят Талғатұлы жастайынан жылқыға әуес болып, көптен бері саумалхана ашуды армандап келген еді. Алайда қаржы жағы қолбайлау болыпты. Аяттың бұл мақсатының орындалуына «Zhas Project» жобасы өз пайдасын тигізді. Алғаш ол жоба жайлы ести сала, қызығушылығын кәсіпке айналдыруды көздейді. Ол бүгінде креативті жобалардың көкжиегіне айналған «Zhas Project» арқылы мемлекеттен 1 миллионға жуық қайтарымсыз несие алып, тірлігін тіктеуде. Жас кәсіпкер бұл қаржыға 2 құлынды бие алып, ата кәсіптің керегесін кеңейтіп, нәпақасын тауып отыр. Яғни, ол өзі туған ауылдан шағын «Саумалхана» ашып, ондағы жарымжан тұрғындарға жарты жыл бойы тегін саумал беріп, қызмет көрсетіп келеді.
– Бұл жоба туралы аудандық жастар ресурстық орталығынан естідім. Қайтарымсыз 1 миллион теңге ақша ұтып алуға болатынына қанығып, жобаға қатысамын деп шештім. Топ құрамында менен бөлек Ая мен Аяжан есімді бауырларым бар. Біз бірлесіп, 1 миллион теңгені құрайтын жоба ұсындық. Бүгінгі таңда грант иегері атанып, жұмысымызды жүргізіп отырмыз. Біздің мақсатымыз – өңіріміздегі тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, қарттарға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу. Яғни, біз саумалымызды халықтың осал топтарына үлестіреміз, – дейді грант иегері Аят Талғатұлы.
Расында, Қамбар ата төлінің сүті емдік қасиетке ие. Саумалдың құрамында ақуыз, амин қышқылы, тез еритін май, оттегі және организмге керек кальций, натрий, фосфор, калий, темір, магний, бром сияқты минералдар, С, А, В1, В2, В6, В12, Е, РР дәрумендері бар. Адам организміне тез сіңіп қана қоймай, түрлі асқазан жараларына, ісік ауруларына ем. Өкпе, бауырды қуаттандырады, қан құрамын реттеп, қантты теңгереді. Артықшылықтарын тізбелей берсек, адам денсаулығына пайдасы көп сусынды тегін тарату арқылы елдің алғысын алып отырған азамат болашақта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
– Ауданда істің ебін тауып, жобаның игілігін көріп отырған мен секілді жастар көп. Өз басым қолдан келгенше осы саладағы жұмысымды жүргізе бермекпін. Алдағы уақытта үлкен ферма мен облыс орталығынан үлкен саумалхана ашу да ойымда бар, – дейді ол.
Бүгінде Жамбыл ауданындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жүрген ол қосымша табыс кімге болса да артықтық етпейтінін айтады. Бір жағынан сүйікті кәсібі арқылы елдің игілігіне үлес қосып отырғанымен де мақтанады.

Айжан ӨЗБЕКОВА,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.