Қоғам

Асарға асығайық, ағайын!

Written by Aray2005

Ауылдың майлы топырағын жалаң аяқ тілгілеп, ертелі-кеш ойын қуатын біз секілді қара сирақтарды бала күнімізде үйдің үлкендері ымырт үйіріліп, көз байланған шақта бірақ іздейтін. Кейде үйдегілердің күн батып кеткеннен кейін қайта-қайта айқайлап шақырғанын құлаққа ілмей, көшедегі улап-шулаған балалардың арасында ойын қызығымен болып жатқанымызда әжеміздің көк шыбықпен сес көрсетіп келіп тұрғанын байқап қалып, үйге қарай қаздаңдай жөнелетінбіз.

Одан әпкелеріміздің айқайымен аяғымызды жуып, дастарқан басына жайғасамыз. Құдды бір үлкен іс тындырып келгендей ысылдап-пысылдап, кешкі асты қалғып-мүлгіп отырып ішуші едік. Тіпті қалғып кетіп, төсекті кім салып, кімнің көтеріп апарып жатқызғанын да сезбей қалатын кезіміз болатын. Әсіресе көшеде жүрген балаларды үлкендер шақырып алып, мақтап-мақтап жер аудартып, киіз тептіретін. Ағаш аралап, мал қораның астын ойып, сол үйден үлкен құрметпен аттанатынбыз. Ағайындардың да үйіне ойнап барып, арасында тірлік бітіріп, кейде қонып қалушы ек. Ішіміздегі ересектеулері тарапынан айтылатын ертегі, аңыз-әпсана, қызықты әңгіме өмірі таусылмайтын. Бірақ есейе келе бірімізді-біріміз, ағайынды-ағайын, бауырды-бауыр іздеу сиреді. Бүгінде іздеп барып әңгімелесу, сырласу, көңілін аулау күрт тиылды десек те болады. Бәлкім, бұған күнделікті күйбең тірлік мүмкіндік бермей жатқан шығар.
Ол уақытта қойшының үйінен де қонақ үзілмейтін. Біреу жоқ іздеп келсе, біреу мал қосуға, ал енді бірі тағы бір шаруа қамымен табалдырық аттайтын. Мамаағаштан ат арылмайтын сол заманда аналарымыз қабақ шытпай қазан көтерсе, балалар жағы қонақтың аузын бағып, сол кісіні іш тарта түсетін. Сол кездері малы қатты қыста қырылып немесе қорасына қасқыр түскен шопанға жұрт жұмыла көмектесіп жылу жинайтын. Жаңадан отау құрған жастарға, баспанаға зәру ауылдасына көпшілік асарлатып үй салып беруші еді. Көмекке келген адамдар еңбегін бұлдамайтын. Тек үй салу ғана емес, ойнап-күліп жүріп бірде кірпіш құйса, енді бірде атшаптырым аула ішіндегі бақшаның жоңышқасын орысатын. Үй иесі қол көмегін ұсынғандарды құрақ ұшып күтетін. Қазір бұл да жойыла бастағандай. Бір жолы біздің бір ағайынымыз Тараз қаласынан асарлатып үй салды. Оған ағайындар ала жаздай оқтын-оқтын барып, үй біткенше көмектесіп тұрды. Сол уақытта бір ағамыз «пәленше асар жасайтындай қаражатсыз емес, өзбектер қазір нағыз жұмыс күші, соларды жалдаса арзанға түсетін еді ғой» деп мұң шағып тұрса, бір ағайынымыз «біз сол өзбектен де арзан болып тұрмыз ғой» деген екен. Бұл жерде асар деген ұғымға жұрттың қырын қарай бастағаны қынжылтады.
Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының тұрғындары бұрын бес-алты адамнан бірігіп баялыш шабатын. Өзіміз де талай 5-6 бала бірігіп отын шапқанбыз. Тегінде, отқа тамызық үшін түсірілетін бұл өсімдіктің түбірі жуандарының қызуы сексеуіл мен жыңғылдан кем түспейтін. Сол ауылда қазір жұрт бұрынғыдай бірінің отынына бірі бармайтын болыпты. Қазір арнайы отын шабатын 5-6 жігіт бар көрінеді. Соларға жұрт ақысын төлесе болды, отыннан таршылық жоқ. Осыдан кейін біз «Жұртты бірлікке, ұйымшылдыққа бастайтын асар деген ұғым көз алдымызда жойылып бара жатқан жоқ па?» деген сауалмен жан-жаққа сұрау салған едік. Әйтеуір, ел іші болған соң, әрі өзгеге қайыр жасап, қол көмек беруде Шу ауданы, Балуан шолақ ауылы өзгелер үлгі тұтарлықтай деген жылы хабарды естідік. Лезде телефон тұтқасын алып, тілдесіп көрдік. «Nur Otan» париясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Найман Сұлтанбаев осыдан бір ай бұрын аталған ауылдың әкімі болып тұрғанда тұрғындардың баспанасы жоқ бір азаматқа үй салып бермекші болғанын айтты.
– Асар дегенді мен адамдардың бір-біріне қамқорлық жасауы деп түсінемін. Бұл халқымызға тән дәстүр. Балуаншолақтықтар бір-біріне қол ұшын беруде көпке үлгі. Мәселен, ауылдық мешіт биыл ғана көптің көмегімен асарлатып салынды. Осыдан бірер уақыт бұрын ауыл зиялылары, ақсақалдар, кәсіпкерлер мен қолы ашық азаматтар, жастар жиналып, «Биылғы Жастар жылында қандай келелі іс тындырамыз?» деген сауал төңірегінде әңгіме қозғадық. Сол кезде ауылда үйсіз-күйсіз көшіп-қонып жүрген, жеті баласы бар жас отбасына асарлатып үй салып беру мәселесі көтерілді. Жиналған жұрт бірауыздан келісіп, үй салынатын жер учаскесін таңдап, құрылыс материалдарын кәсіпкерлер көтеретін болып, құрылыс жұмысын асарлатып жүргізу жастарға жүктелді. Бірақ кейіннен ауылдағы «Қалқа» шаруа қожалығының төрағасы Сағадат Мадалиев ол жігітке ауылдан бір баспананы өз қаржысына сатып алып берді. Осылайша асармен үй салу мәселесі тоқтатылды. Негізінен, ол аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Мадалиевтер отбасының мүшесі. Бұл отбасы бұрыннан жомарттық танытып жүреді, – деді Найман Кенжеханұлы.
Осы ауылдық округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Маратқажы Сағындықов шынында да асар дәстүрі ел арасында ұмытыла бастағанын жасырмады.
– Біздің кезімізде асарсыз іс бітпейтін. Қол күшін керек ететін мал қырқу, шөп ору, үй салу секілді тірліктер көпшіліктің қатысуымен жүзеге асатын. Тіпті әйелдер де жүн сабап, ою ойып, текемет басуды асарлатып бітіретін. Мұндай жұмыс жастардың күш-қайратымен атқарылады десек, осы күні мұндай істі көптің көмегімен бітіру сирегені рас. Біреуге қаржылай немесе материалдық көмек беру «жылу» деп аталатын. Бұл үрдіс жойылған жоқ, ал асар кейбір жерде ұмытыла бастады, – дейді ақсақал.
Сарысу ауданының Жаңаталап ауылдық округінде де ораза айында ізгілікті іс жасалыпты. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, бұл ауылдық округтің әкімі Нұрхан Ақмағанбетов ауылдық округте көптеген жаңалықтар енгізіп, туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүр екен. Соның бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық «1 отбасы, 1 пәтер» жобасы бойынша жаңаталаптықтардың бірлесіп құрылыс материалдарына ортадан қаржы жинауы. Көпті игі іске жұмылдыруда мұрындық болған округ әкімі бүгін өз аппаратындағы жігіттермен бірлесе асарлатып, жалғыз басты анаға үй тұрғызу жұмыстарын бастап та кеткен.
– Бұған дейін округке қарасты Ұйым ауылында тұратын жалғызбасты ана Бейсенкүл Баймұратова кішкентай ғана тар үйде тұрып келді. Осыны білетін біз мәселеге бейжай қарай алмадық. Мен көпті келелі іске шақырғаныммен, осыған білек сыбана кірісіп, жаңа үй салуды қолға алуда жұртшылықтың ниеті, пейілі кең болғанын айта кеткім келеді. Әрқашан бірінен-бірі қол көмегін аямай, қамқорлық танытуға даяр тұратын ауылдастарымыздың бірлігіне сызат түспесін деп айтқым келеді,– дейді ауыл әкімі.
Бүгінде жаңадан салынып жатқан үйдің қабырғалары қаланып қойған. Сондықтан жалғызбасты ананың қоныстой тойлайтын күні алыс емес. Талас ауданының Ойық ауылында да мектеп бітіргеніне он жыл болған түлектердің аз қамтылған отбасына газ кіргізіп беруі де жақсылықтың нышаны екені даусыз. Бастысы бүгінде ұмыт бола бастады ма деген асардың ауылдық жерде оқта-текте боса да қолданыста бар екені қуантады.
Әйтсе де асарлатып үй салып жатқандардың деніне ауылдық округ әкімдері ұйытқы болып, кәсіпкерлерді тартқаны, жұртты жақсылық жасауға жұмылдырғаны байқалады. Бұған да шүкір. Дегенмен асар ағайын арасында кенжелеп қалғандай. Негізінен, бұл жұртты қауымдасып іс атқаруға, ауызбіршілікке бастайды. Бұл бір адам, бір отбасы шеше алмаған мәселенің түйінін көп болып тарқатудың да мүмкіндігі.
Ендеше асарлатып, бір-бірімізге қол ұшын беруге асығайық, ағайын!

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР