Sport

Әсем ел чемпионатында топ жарды

Written by Aray2005

Таэквондодан Алматы қаласында балалар арасындағы ел чемпионаты өтті. Бірнеше күнге созылған дуы басым додаға еліміздің барлық өңірінен кіл мықтылар қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Айтулы аламанға біздің өңірдің де спортшылары қатысқан болатын.
Ел чемпионатында сынға түскен тараздық таэквондошылардың бірі Әсем Қойшыбекова жасындай жарқырады. Даянда бес бірдей кездесу өткізген ол қарсыластарының барлығынан басым түсіп, алтыннан алқа тақты. 26 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған шынашақтай қыз айрықша әдіс-тәсілдерімен жанкүйерлерді тәнті еткені анық. Алматы төрінде өткен аламанда қарсыластарынан бір бас жоғары екенін байқатқан оның болашағынан бапкері Бағлан Жүнісәлиев зор үміт күтеді.
Қазақстанның әр қиырынан кіл «сен тұр, мен атайын» деуге татитын мықтылар топқа түскен чемпионатта қарсыластарының ешқайсысынан қаймықпаған қайсар қызға біз де толағай табыстар тілейміз. Бәлкім болашақ халықаралық жарыстар мен әлем чемпионаты және Олимпиада ойындарының чемпионы Әсем секілді кішкентай қыздарымыздан шығып қалар. Кім білсін…

ПІКІР