Асқақ рухты ақын қыз

Күләш Ахметова – 75 жаста

0 34

Өлең өлкесінің дүбірлі бәйге алаңында тізгінін тартпай, шашасына шаң жұқпас жыр пырағымен оқырмандарын сүйсінтіп жүрген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, көрнекті ақын Күләш Ахметованы мен 1966 жылдың мамыр айында Қазақстан Жазушылар одағының
V съезінде көріп, танысқан едім. Ол кезде мен ҚазПИ-дың филология факультетінің студентімін, ал Күләш Жамбыл медициналық колледжінде оқиды екен. Содан бері 55 жыл өтіпті.

Сонау жас шақтан бүгінгі ақ самай егделікке жеткізген 75 жас аумалы-төкпелі замандағы арғы-бергі өткенді ойлап, өз тағдырымыздың ел тағдырымен сабақтастығын сараптайтын уақытты еншілетіп отыр. Оқтай ұшқыр, оттай ыстық өлеңдер жазған ақын сіңлім жайлы қара сөздің құлагері атанған ұлы жазушы Ә.Кекілбаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты Қ.Мырза-Әлі, қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы Ә.Тәжібаев сияқты ақберен ғұламалардай терең пікір айта алмасам да, жас шақтағы бірге өткізген қымбат сәулелі сәттер мен қимас сәруар сезімдерден оқырманға аздап сыр шерткім келді.
1974 жылы мен Гранитогорск мектеп-интернатында мұғалімдік қызметте жүргенімде Талас ауданына арнайы шақыртумен кездесуге бара жатқан «Қазақстан пионері» газетінің редакторы, ақын Фариза Оңғарсынова маған жолығуға мектепке соққаны бар. Қасында К.Ахметова бар екен, біздің үйде қонақта болды. Содан бастап үлкен алтын астаудан су ішкен қазақтың маңдайалды аяулы екі қызымен де қоян-қолтық араласып, дос-жаран болғанымды мақтан тұтамын. Фариза республикалық газет-журналдарға өлеңдерімді жариялауға жәрдемдессе, Күләш тұңғыш жыр жинағымның жарық көруіне қамқорлық жасады. Күләш Ахметова тек жалғыз маған ғана емес, Қуандық Шолақтың, Айша Көпжасарованың да кітаптарының «Жалын» баспасынан шығуына және Жазушылар одағына мүшелікке өтуіне көп көмегін тигізгеніне куә болғам. Сондай-ақ Зайда Елғондинованың «Қазақстан» телеарнасына қызметке орналасуына, қамкөңіл мүгедек ақын Нұртас Исабаевқа Алматының ортасынан 2 бөлмелі пәтер алып берген зор адамгершілігі мен биік парасат-пайымын, имандылығы мен мейірімділігін ақын-жазушылар әлі күнге дейін аңыз етеді.
1976 жылы Меркіге келгенде қарт Қантай әжем қатты қуанған болатын.
XII ғасырдың аяғы мен ХIII ғасырдың басында өмір сүрген зағип ақын Ахмет Йүгінекидің «Тегі асыл адамның мінезі де сүйкімді» деп айтқанындай, сәбидей сенгіш, нәрестедей нанғыш, ақкөңіл, қарапайым ақын қызға ерекше ілтипат көрсетіп, тілеуін тілеп, аналық мейірімін төгетін. «Күләш, қарағым, сен келеді деген соң базарға барып, «Алматыдан үлкен ақын келе жатыр, қымыздың ең дәмдісін беріңдер», деп сен үшін сатып алдым, мына қымыздан ішші», деп өтінгенде, Күләш: «Апа-ау, менің ешқандай атағым жоқ», деп шыр-пыр болған еді. Ертеңіне Алматыға аттанып бара жатқан Күләштің нәзік саусақтарын жібермей ұстап тұрып:
– Айналайын, мерейің асып, ырыс-несібең тасып, өмір жасың ұзақ болсын! – деп таза күмістен жасалған аппақ білезігін сыйлағаны да көз алдымда. Шындығында, содан 2 жыл өткенде үлбіреген ақ жібек кимешегін үнемі басынан шешпейтін, адам бетіне жел боп көрмеген жаны жайсаң, кең кеуде кейуананың ақ тілегі қабыл болғандай 1978 жылы Күләш Комсомол сыйлығының лауреаты атанып, бәрімізді шаттандырған. Үйдегі кітапханамда ақын сіңлімнің «Ақ гүлім менің», «Бұлақтағы жазулар», «Жапырақ – жаздың жүрегі», «Мейірім», «Арғымақтар даласы», «Орман», «Бақ», «Құт», «Махаббат», «Жайна, Қазақстан» және биыл шыққан бестомдығы бар. Күләштің мүбәрак тілегі мен мәрт мінездерін жазған қолтаңбаларынан да байқауға болады. Осыдан 25 жыл бұрын аузы дуалы ақиық ақынның 1996 жылы «Ана тілі» баспасынан шыққан «Күн шыққанда күліп оян» атты кітабына жазылған, менің тұңғыш немерем Бақыт туылғанда көрімдікке ұсынған қолтаңбасы мен үшін өте-мөте қымбат әрі ыстық. Онда «Бақыт балам! Сені әжең Шырын жүрегінде ұзақ көтерді. Өмір үшін күресе жүріп, сені тіледі. Бақытқа жету үшін адам талай белестерден, асулардан өтеді екен. Сен соның бәрін түсінетін құндағыңнан адал, асыл перзент бол! Еліңнің қасиетін біл! Оған да әжең жеткен жеріне дейін жәрдемдесер. Бақыт болсаң, бақытты да бол! Күләш апаң. 18 тамыз 1997 жыл», деп жазыпты. Кейін немеремнің Меркідегі Трубицын атындағы мектептің бірінші сыныбын үздік бітіргендегі тойына келіп, «Махаббат» атты жүз шақты кітабын қонақтарға тегін таратып, Бақыттың бетінен сүйіп: «Алдыңнан ақ күн тусын. Алла тілеуіңді берсін!» деген болатын.
Менің 70 жылдығыма тарту еткен «Менің сәулелі сәттерім» атты кітабына: «Шырын! Әдебиет әлеміне қатар келдік. Өлең тәжін кигізген Алла Тағалаға мәңгі ризамыз. Саған зор денсаулық, ғидаятты, ғибратты ұзақ ғұмыр тілеймін. Шын жүректен Күләш Ахметова», деп жазыпты.
Менің айтайын дегенім, К.Ахметова жауһар жырларымен ғана емес, оқырман­да­ры­на ұлағатты сөздерімен де ықпал жасап, тура жолға бастап келеді. Оның мүбәрак ізгі тілектері жүректі толқытып, шуаққа көмкеріп, шаттыққа кенелткені шындық. Қалғып кеткен санаңды селт еткізіп оятып, адамгершіліктің биік мұраттарына жетелеп, терең сырларымен сусындатқандай әсер беретіні де рас. Қысылғанға қол ұшын аямайтын кеңпейіл Күләштің қазақтың талай тау тұлғаларынан жылы лебіздер естіп, ыстық ықыласына бөленген шақтарында да аспай-тасымай, қарапайым қалпында қалатын керемет кішіпейіл, кемел бекзаттығы мені әрдайым тәнті етіп тұрады. «Алатау аруы» атанған Жазирадай ақылды, білімді, сұлу қыз, Жарқындай иманды, инабатты ұл туған, жігіттердің сұлтаны, талантты ақын Қайырбекке асыл жар, айдай ару ақын Ұлбикенің алтынның сынығындай ғажайып мұрасын кітап етіп шығарып, Таразда көше берілуіне атсалысқан қайраткер, қайсар, ақиық ақын К.Ахметоваға тау суындай таза, таңғы шықтай мөлдір, жақұт жырларың көбейе берсін демекпін. Ақша қардай кіршіксіз, ақ қанат армандарыңа сызат түспесін, алаштың асқақ рухты ақын қызы!

Шырын МАМАСЕРІКОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын,
«Құрмет» орденінің иегері,
Меркі ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.