БАСТЫ БЕТ

Асқақ рухты байтақ елге бойтұмар!

Written by Aray2005

Ерліктің дастанына айналып, бірлігі жарасқан тәуелсіз мемлекетіміздің азаттығын айғақтап, болашағына бойтұмар болған рәміздердің орны жүрек тұғырында. Елімізді жеңістен жеңіске, белестен болашаққа, тарихтан тағылымға, еңбектен табысқа жетелейтін Ту, Елтаңба, Әнұран – Отан-анамыздың көзінің қарашығындай құнды жауһарлар. Оларды сақтау, құрметтеп, қастерлеу әрқайсымыз үшін басты борыш, перзенттік парыз, ардақты аманат.

Кешегі елім деп ерліктің туын жықпай, ұрпағым деп ұрандаған ақеділ бабалар мен ардақты арыстарымыздың бір жағадан шыққан алтын бастарына алдаспан, бір жеңнен шыққан қолдарына кісен салынған далада Тәуелсіздік ірге қалап, уақыттардың уығына шаншылған егемендіктің шаңырағы биікке бой көтерді. Бүгінгі біздің ел кешегі өр намысты данагөй би мен батырлардың тікелей ұрпағы. Әділдік пен ерліктің, тарих пен тағылымның төл мұрагері. «Күндіз отырмадым, түн ұйықтамадым, қызыл қанымды төктім, қара терімді ағыздым, түркі ұрпағы үшін» деп баяғы елдің тағдырын балбал тасқа қашап кеткен Күлтегін мен Тоныкөк дәуірінде жұртымыздың аспанында бөрілі байрақ желбіреген. Кейбір деректе тақ үстінде де, ат үстінде де ерлігі ұранға айналған Абылай ханның тұсында ел ақ тудың астына жиналған делінсе, қазақ хандығының ең соңғы билеушісі Кенесарының байрағы жасыл түсті болған екен. Ал тарихта тек Әмір Темірдің ғана аспан түстес ту ұстағаны жайлы дерек бар. Тарихшы Берекет Кәрібаевтің айтуынша, Алтын Орда, Ақ Орда дәуірінде туымыздың түсі де ақ болған екен.

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттік идеологияның ең маңызды бағыттарының бірі. Егер өткен күндерге көз салсақ, тәуелсіз еліміздің ең алғашқы Мемлекеттік рәміздерін жасау жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Біздің рәміздерде сан ғасырлық тарихы бар байырғы елдің бет-бейнесі және бүгінгі айшықты сипаттары көрініс тапқан. Елтаңбадағы ең басты тұғыр – шаңырақ. Бұл Елтаңбаның жүрегі іспеттес. Сонымен бірге, қазақы ұғыммен алсақ, шаңырақ елдің түп негізі – отбасының бейнесі. Көшпелі түркілер үшін отбасы, ошақ қасының мемлекеттің бір бөлшегі екендігі айшықталады. Желдей ескен жүйрік ат тұлпар бейнесінде жеңіске деген жасымас жігерді, қажымас қайратты аңғартады. Арайлы күннің астында қалықтаған қыран бейнесінде көрініс тапқан Көк туымыз тек асқар асуға ұмтылған елдің талпынысына айғақ. Көк түс, бұлтсыз ашық аспан бейбітшілік, тыныштық пен жақсылықтың жаршысы. Жалпы, біз Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуді бүгінгідей мерекелік шара кезінде ғана емес, өзіміздің күнделікті өмірімізде басты мақсат етуіміз қажет.
Біздің еліміз – көпұлтты мемлекет. Осындай елде тұрып жатқан барлық ұлт өкілдері Мемлекеттік рәміздерге деген өздерінің құрметі арқылы ынтымақ пен бірлігімізді жарастырып, бейбітшілікті, ұлтаралық келісімді сақтауға зор үлестерін қосып жүр. Бүгінде Тәуелсіздіктің тұмарындай көк туымыз төр-тұғырымызда желбіреп тұр. Елбасы байрақты тізерлеп тұрып сүйген сәтте көзіне жас алып, тебіренген қандастарымыз аз болған жоқ. Осы тарихи сәтте Қытайдан елге оралған екі азаматымыз Ермұрат Зейіпхан мен Алмас Ахметбекұлы «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі» деп атамекенге деген ыстық сағыныш пен бойдағы елжандылықты теңіздей тебіреніспен өнер туындысына айналдырады. Ибрагим Ескендірдің орындауындағы бұл ән қазір әр қазақ баласының жүрек төрінен ойып тұрып орын алған. Сондай-ақ, көзі тірісінде ҚР таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы, қазақтың біртуар азаматы Мұстафа Өзтүрік: «Жалпы ер азамат жыламайды, жыламауы керек, бірақ мен өз елім тәуелсіздік алғанда, көк туымыз желбірегенде көзіме еріксіз жас алдым» деген сөзі әр қазақ баласына тән жүрек бұлқынысы.
Қорыта айтқанда, «Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып, өмірде еш нәрсе жоқ тудан биік» деп қазақтың арқалы ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы жырлағандай, Елтаңбамыз ертеңіміздің төрінен көрініп, Әнұранымыз ұрпаққа рух беріп, тәуелсіздігіміздің айбынын асқақтатып, Мемлекеттік туымыз Мәңгілік елдің тұғырында желбірей бергей!

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР