Астанаға 20 жыл

Асқақтай бер, астана!

Сарыарқаның төрінен бой көтеріп, арманды ақиқатқа айналдырған Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы еліміздің түкпір-түкіпірінде аталып өтілуде. Мереке аясында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен «Астана – аймақтардың арқауы» атты облыстық форум да бас қаланың стратегиялық мән-маңызын айшықтай түскен шара болды.

Арқа төсіндегі ару қалаға арналған салтанатты жиында бас қосқандар еліміздің Әнұранын бірге орындады. Мұнан соң облыс әкімі Асқар Мырзахметов барша қауымды құттықтап, сөз сөйледі.

– Төрткүл дүниеге татулық пен тыныштықтың, өркендеу мен өсудің үлгісін көрсетіп отырған бас шаһардың мерейтойын Қазақстанның жаңа, жарқын белесі деп білеміз. Екі ғасырдың тоғысқан тұсында шаңырағын көтеріп, уығын тіккен Астана – халқымыздың қуанышы мен мақтанышы. Аз ғана уақыт ішінде Астана мемлекеттік брендке, мәңгілік еліміздің асқақ рухының нышанына айналды. Бүгінгі форум өңірлердің дамуы Астананың көркеюімен тамырлас екенін аңғартады. Сәулеті мен келбеті келіскен Астана – Елбасының ерен еңбегі, Тәуелсіздігіміздің жемісі, – деген Асқар Исабекұлы Елорданың өңірлердің де өркендеуіне ерекше ықпал етіп отырғанына тоқталды. Және Астананың 20 жылдығына орай облысымыздан ашылған 20 нысанның әлеумет үшін маңыздылығын сөз етті.

Өз кезегінде сөз алған Тараз мемлекеттік педагогикалық универ­ситетінің профессоры Тұрсынай Әбдіқадырова Астананың алғаш құрылу кезеңіне тоқталып өтіп, бүгінгі бағындырған белестерін тілге тиек етті.

Ал, ақын, Қазақстан Республика­сы­ның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов өз лебізін өлеңмен өрнектеді.
Күллі қазақ елінің зерлі тәжіндей Астананың мерейтойымен барша жұртты жас қаланың құрдасы, Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Еркежан Ыбыраева жүрек­жар­ды тілегін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жеткізді.

Мерейлі мерекеге арналған шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Қамар Қарасаева

ПІКІР