Жамбыл жаңалықтары

Асқар Мырзахметов Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барды

Written by Aray2005

Қызыл жұлдыз ауылдық округіндегі «ROLA-7» ЖШС-не барған Асқар Исабекұлы кәсіпорынның жұмыс барысымен жан-жақты танысты. Құрылғанына 10 жылдан асқан өндіріс орны бүгінде макарон, кеспе, жайма және басқа ұн өнімдерін шығаруда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп келеді. Қазіргі таңда кәсіпорында барлығы 130 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлық жалақылары 60-70 мың теңгені құрайды. Кәсіпорынға қарасты диірменнің қуаттылығы – тәулігіне 30 тонна ұнды өңдеуге қауқарлы. Өткен жылы мұнда барлығы 758,6 миллион теңгенің өнімі өндірілген.

Серіктестік директоры Ержан Асқановтың айтуынша, кәсіпорын жұмысын жандандыруға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы үлкен демеу болған. Атап айтар болсақ, серіктестік «Пайыздық ставканы субсидиялау» тетігі бойынша, «Халық банкі» АҚ-нан 14 пайызбен жалпы сомасы 165,5 миллион теңге несие алып, ол қаржыны цех құрылысын жүргізуге, айналмалы қорды толтыруға және құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсаған. Несиенің үстем ақысының 50 пайызы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында субсидияланған. Сондай-ақ, 2018 жылы «Кепілдеме» тетігі бойынша «Ресей жинақ банкі» АҚ-нан айналым қорын толықтыруға 60,0 миллион теңге несие алған.

Кәсіпорын басшылығы қазіргі кезде оңалту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, соған орай уақытша табиғи газ және электр қуатының бағасын төмендетуге ықпал етуді сұрады. Өңір басшысы өз кезегінде аталмыш мәселенің шешімі болатынына сендірді.

ПІКІР