Сұхбат

«Әскерде жүріп те сауда жасадым»

Written by Aray2005

Әулиеата Өңірінде кәсіпкерлік саласы кең қанат жайып келеді. Істің көзін тапқан ел азаматтарының арқасында тұрақты жұмыс орындары да көбеюде. Облысымыздағы сондай іргелі компаниялардың бірі– «альтайс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бірнеше бизнесті ұршықша иіріп отырған серіктестік облыстағы түрлі спорттық-қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылып, демеушілік те жасауды өз міндеттеріне алған. Осы орайда серіктестіктің президенті Әлімбек Жұмабаевпен әңгімелескен едік.

– Әлімбек Әсембекұлы, бүгінде Жамбыл жұртшылығына бизнестегі іскерлігіңізбен танылған тұлғалардың бірісіз. Жалпы, сіздің балалық шағыңыз қалай өтті? Есте қалар естеліктеріңізбен бөліссеңіз.
– Менің балалық шағым Кеңес үкіметінің кезінде өтті ғой. Негізінен, ол уақытта бүгінгідей бай, кедей болып бөлінбейтін. Барлығы бірдей өмір сүретін. Қазіргі қоғамға көз салсақ, бізде әбден байып кеткен адамдар да, жұпыны күн кешіп жатқан халық та бар. Жалпы, адамды адам еткен еңбек емес пе? Біз тек еңбек етуді білдік. Ата-анамның тәрбиесінің арқасында артық нәрсеге қызықпадық. Сондықтан балалық шағым өте жақсы өтті.
Әр бала жастайынан спорттың бір түріне бүйрегі бұрып тұрады ғой. Сол секілді мен де шахматқа қатыстым. Бұл спорт түрінен «Спорт шеберлігіне үміткер» деген атағым да бар. Кейде шахматқа қатысқаным өмірлік ұстанымыма және бизнестегі жұмысыма ықпалын тигізді деп ойлаймын. Спорттың бұл түрінде жүрісіңді алдын ала ойлап, оны іске асыра алсаң жеңіске жетесің. Негізінен, шахматқа әкем баулыды, үйірмеге өзі алып баратын. Талай жарыстарда тақымын қысып, жанымнан табылатын.
Негізі, бала тәрбиесіне келгенде ата-анамның талабы қаталдау болды. Бауырларымызбен көшенің ана басына барып балалармен футбол ойнауымыз кәдімгідей қиын еді. Себебі әке-шешеміз жаман балаларға қосылып кетеді деген оймен рұқсат бермейтін. Өйткені сол уақыттарда көп жастар есірткіге тәуелді бола бастаған болатын. Әрбір әке-шеше баласы үшін уайымдап, тәрбиелі болып өскенін қалайды ғой. Сондықтан шығар, тәрбиеге келгенде олардың қаталдық танытқаны. Бүгінде сол талаптың арқасында үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, табысты еңбек етіп жатырмыз.
– Адал еңбектің ізгі мұратқа жеткізе­тіндігі айқын. Еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Менің бала кездегі арманым– полиция қызметкері болу еді. Олай армандауыма әкемнің прокурор, тергеуші достары әсер етті. Осы арманымды іс жүзіне асыру үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне емтихан тапсырдым. Бірақ өте алмадым. Сосын 1990 жылы азаматтық борышымды өтеу үшін әскерге аттандым. 1992 жылы әскерден келген кезде адамдардың қоғамға көзқарасы мүлде басқаша болып кеткенін байқадым. Баршаға аян, ол уақытта Кеңес Одағы ыдырып, еліміз енді ғана тәуелсіздігін алып жатқан елең-алаң шақ еді. Бір айта кетерлігі, әскер қатарында жүргенде саудаға икемімнің бар екенін іштей сезетінмін. Өйткені әскерде жүріп, сауда жасауға да мүмкіндік таптым. Тіпті әскерден біршама уақытқа жететін қаражатпен келдім. «Әскерде ақшаны қалай тапты?» деп таңырқап отырған шығарсыз? Сол уақытта Севастополь қаласындағы теңіз флотынан солдатқа қажетті киімдерді арзанға алып, қымбатқа сатып жүрдім. Дегенмен әскерден келгеннен кейін де заң қызметкері болсам деген ниетім болды. Бірақ әкем үйдің құрылысын бастап қойыпты. Жұмысты бір жылдай кейінге шегере тұрып, әкеме жәрдемдестім. Ол кезде бүгінгідей жұмысшы жалдау деген жоқ. Бір білетінім, әркім жақын ағайындарын жинап, асарлатып үйін салып алатын. Сондықтан әскерден кейінгі бір жылымды үй салуға арнадым.
Қарап отырсақ, 1992-1993 жылдары бизнестің енді қанат жая бастаған шағы. Бір күні ағам доллар сату бизнесі туралы айтты. Мен үшін ол түсініксіз нәрсе. Сол тұста доллармен айналысу деген өте тиімді іс еді. Бірақ жеке тұлғалардың бизнестің мұндай түрімен айналысуы заңсыз болатын. Сондай-ақ кәсіптің бұл түрінен бөлек тері жинап, оны сатып жүрдік. Арасында тонға да айырбастаған кезіміз болды. Тіпті канистрмен спирт те саттық. Себебі сол шақтың өтімді бизнесі осылар еді.
1994 жылы жеке кәсіпкер ретінде ақша айырбастау пунктін ашуға болатындығы жөнінде арнайы заң шықты. Бұл заңның шыққанына өз басым қуанып, 1995 жылы 3 қаңтар күні заңды түрде «Әділет» деп аталатын ақша айырбастау пунктін аштым. Содан соң қолымызға мөр алып, өзіміздің жеке кәсіпорнымыз болғандай күй кештік. «Әділет» ақша айырбастау пунктінің директоры ретінде өзімді өзім сайлап, бизнесімді бастап кеттім. Айта кететінім, доллар алу үшін елдер таңғы 9:00-ден 17:00-ге дейін кезекке тұратын. Ол уақытта банктердің курстары жоғары болған соң, біз халық үшін тиімді курс қойып отырдық. Осы арқылы көпшілікті тарта алдық. Кейіннен бұл бизнестің алдағы уақытта тиімді бола бермейтіндігін сездім. Өйткені өзге пункттер ашылып, бәсекелестік көбейе бастады.
Содан 1997-1998 жылдары әскери бөлімшелерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге болатындығын естіп, солармен тікелей келісімшартқа тұрдық. Сөйтіп, әскери бөлімдермен жұмыс жасауды қолға алдық. Дегенмен ақша айырбастау пунктім жабылып қалған жоқ, оны туған әпкеме табыстадым.
Алып-сатумен айналысып жүргенде әскери бөлімдерге электр энергиясын сату мүмкіндіктері пайда бола бастады. Осылайша электр қуатының Түрікменстанда арзан екенінен хабардар болып, сол жақтағы қуат өндірушілермен байланыс орнаттық. Бірақ бұл жоба іске аспады. Себебі 1998 жылы теңге құнсызданып, доллардың курсы көтеріліп кетті. Ал өз кезегінде түрікмендер электрді тек доллармен сататындарын жеткізді. Осылайша арзан энергия біз үшін қымбатқа түсті. Дегенмен түрікмендер немістің «Davis іnternational trading» деген компаниясымен бірігу арқылы Қазақстанға Өзбекстанның табиғи газын сатқалы жүр екен. Ал оларға осы жақтан сатып беретін мекеме қажет. Сөйтіп, түрікмендер немістермен бірігіп, бізге ұсыныс жасады. Газдың не екенін білгенімізбен, оны сатып көрмесек те үлкен қызығушылықпен жұмысымызды бастап кеттік. «Ламандж» деген фирма ашылып, өзбектің газын өзіміздің қант комбинатына, Шымкенттің цемент зауытына, «Шымкент шина» зауытына саттық. Сондай-ақ «Бурыл-Газ» мекемесіне де көгілдір отын жеткіздік. Осы кәсіптен тапқан пайдамыз аз болса да, немістің үлкен компаниясымен жұмыс жасауымыз нәтижелі болды. Бұл бизнесіміз 2002 жылға дейін жалғасты.
Газ сатып жүріп Алматыдағы бір бизнесмендердің Атыраудағы мұнай өңдеу зауытына мұнай тапсырып, ол мұнайдан жанармай түрлерін алып, сатып жүргенін көрдім. Осы кәсіп мені катты қызықтырды. Немістерге осы бизнесті ұсындым. Бірақ 2003 жылы «Қазтрансгаз» кәсіпорны ашылып, елдегі газ тарату ісі тұрақтанды. Яғни бұл салада коммерциялық мекемелер болмау керектігі басты орынға шығарылды. Осылайша біз газдан түбегейлі кетіп, неміс әріптестерімізбен мұнай саласын зерделедік. 2003 жылдың 30 мамыры күні алғашқы 300 тонна мұнайымыз Атырау мұнай өңдеу зауытына кірді. Бүгінге дейін сол зауытқа мұнай тапсырып келеміз. Бұл салада жүргенімізге 16 жыл болыпты.
Адамның тіршілігі бітпейінше құрылыстың да түгесілмейтінін ескеріп, мұнай саласымен тоқтап қалмайық деген оймен құрылысқа бет бұрдық. Сөйтіп, жол салу ісіне араласа бастадық. Бүгінде 1 500-дей адамды жұмыспен қамтып отырмыз.
– Жұмыс болған жерде міндетті түрде мәселе болады. Айтыңызшы, бизнесте қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– 1992-1993 жылдары социалистік қоғамнан капиталистік қоғамға ауысып жатқан абыр-сабыр уақыт еді. Ойлануға мүмкіндік те жоқ. Біздің еліміз түгілі ТМД-дағы басқа мемлекеттердің өзі тәуелсіз ел ретінде енді ғана аяққа тұра бастаған. Сонымен қатар елдегі бизнес те тәй-тәй басып келе жатқан-ды. Сондықтан сәті түсіп тұрған соң кәсіпкерлікке бет бұрдық. Міне, сол уақыттан бері тірлігімізді жасаудамыз.
Айта кететінім, егер бизнес оңай болатын болса, барлық адам кәсіпкер болып кететін еді ғой. Әрине, салада көп қиындықтар бар. Оның ішінде сенім артқан серіктестеріңнің орта жолда айнып кетіп, тіпті алдайтыны тығырыққа тірейді. Алдымыздан мұндайлар да шықты. Егер алдайтын «алаяқтарға» аз кездессең, ісіңнің алға басқаны деп түсін.
Жалпы, біздің кәсіпкерлігімізге көп тұсау салған фактор – теңгенің тұрақсыздығы. Осының кесірінен көп шығынға ұшырадық. Теңге құнсызданғанда тауардың да бағасы өзгеріп кетеді. Соған қарамастан тауарды жеткізіп беруіміз қажет. Бұл уақытта іс алға емес, кері кетеді.
– Әлімбек Әсембекұлы, кәсіп бастарда жастардың көпшілігі тәуекелге барғысы келе бермейді. Осы орайда жас бизнесмендерге қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Ашығын айтайын, бизнес тәуекелсіз алға баспайды. Бірақ алды-артын ойламай, қалай болса солай қадам жасауға тағы болмайды. Түптің түбінде жасағалы тұрған тірлігіңді жақсылап зерделеп барып қана шешім шығару керек. Расында, ешкім ешнәрсені алдыңа әкеліп бермейді. Мұнда бәсекелестік деген нәрсе бар. Себебі сені өкшелеп келе жатқан бәсекелесің басып озуы ғажап емес.
Жалпы, бизнесті енді ғана бастап жатқандарға тәжірибелі маман ретінде айтатыным өтірікті доғарып, елді алдамау керек. Бұл тек бизнесте ғана емес, өмірде де осылай болғаны маңызды. Мәселен, біз о баста немістермен бизнесімізді жүргізіп жатқанда оларды алдасақ, бәлкім 1 миллион теңге, тіпті одан да көбірек пайда табатын едік. Бірақ ол бизнес ары қарай жалғаспай, сотталып та кетпесімізге кім кепіл? Оны да айналып өтетін жол тауып алуымыз да мүмкін еді. Дегенмен біз алдап-арбамай-ақ әділетті жолды таңдап, тиісті табысымызды тауып отырдық. Сондықтан бір күндік пайдамен өмір сүрмеу қажет. Оның үстіне алдағанның Алла алдында да күнәсі бар. Бастысы – қанағат ету керек.
– Әрине, кәсіпкерлік деген оңай шаруа емес. Оның да түрлі бұлтарыс-қалтарыстары бар. Бизнесте тығырықтан шығудың формуласы деп нені айтар едіңіз?
– Мұның белгілі бір дайын формуласы жоқ деп санаймын. Жалпы, тығырық деп нені айтамыз? Мәселен, соғыс жағдайында әскерлер қоршауда қалып кетуі мүмкін. Одан кебіреулері шығып кетіп жатса, енді біреулері қалып қояды. Мұнда да дайын тактикалық дүние жоқ. Дегенмен Бауыржан атамыз осындай әдістерді жетік білген. Неге сол кісінің білгенін басқа генерал-полковниктер білмеді?! Сондықтан істеп жатқан ісіңнің бағдарын нақтылап, маңызын түсіне білуің қажет. Мен Аллаға сенемін. Қандай жағдай орын алса, ол тек Жаратқанның қалауымен болатын нәрсе. Егер Алла нәсіп етсе, кездескен тығырықтан шығасың, нәсіп етпесе шыға алмайсың. Сайып келгенде тығырық дегеннің өзін сынақ деп білемін. Мысалы, біздің мекеме екі рет тығырыққа тірелді. Екінші тығырықтан әлі де болса толық шықтық деп айта алмаймын. Сондықтан өмірдің өзі күрестен тұрады ғой. Мүмкіндік жоқ деп, аяқты көтеріп қойып жата берсең, тығырықтан шықпақ тұрмақ, тірлігіңнен де айырылуың бек мүмкін. Мұндайда дана қазақ «Әрекет түбі – берекет» деп тегін айтпаған. Бұл өсиеттің де түптеп келгенде ар жағында діни тәрбие жатыр. Қысқасы пайдаға кенелем десең де, тығырықтан шығамын десең де әрекетсіз отырмауың керек. Менің формулам – осы.
– Бүгінде облыстық мәслихаттың депутатысыз. Халықтың қалаулысы ретінде алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?
– Өкінішке қарай, өзіміздің бауырымыз әрі досымыз Нұрлан Ортаев деген азамат мезгілсіз қаза болып, оның депутаттық орны ойсырап қалды. Соның орнына бір депутат сайлану қажет болды да «Nur Otan» партиясының атынан сайлауға түсіп, сайлаушылардың басым бөлігі маған дауыс беріп, нәтижесінде халық қалаулысы болып сайландым. Депутат деген белгілі бір қызмет емес, ол – қоғамдық жұмыс. Меніңше, осы уақытқа дейін азамат ретінде қоғамға қаншалықты пайдалы іс жасасаң, депутат болған соң екі-үш есе іс тындыруға тырысу қажет-ақ. Осы позиция тұрғысынан ғана өз міндетімді атқарып жүрмін деп айта аламын.
– Сондай-ақ кезінде сіздің «Тараз» футбол клубының басшысы қызметін атқарғаныңызды білеміз. Өңір намысын қорғап жүрген клубтың бүгінгі аяқ алысына көңіліңіз тола ма?
– Мен бұл қызметті 2012 жылы атқарған болатынмын. Дейтұрғанмен клуб басшылығында көп отырмадым. Мүмкін, басшыларға менің клубқа деген саясатым ұнамаған болар. Бірақ сол уақыттан қазірге дейін клубта ешқандай өзгеріс болған жоқ. Бұл орайда клуб басшылығы ойыншыларға талапты дұрыс қойып, мақсатын нақтылау қажет. Бюджеті қомақты үлкен қалалар секілді қаржы көзін көбейте алмасымыз анық. Дегенмен Еуропа мемлекеттерінде, Ресейде ақшасы аз клубтардың жақсы нәтиже көрсетіп жүргендері бар емес пе?
Жалпы, Жамбыл футбол мектебінің әлеуеті өте жоғары. Оған дәлел, қазіргі таңда жоғары лигада ойнап жүргендердің қатарын қарайтын болсақ, тараздықтардың саны өзге облыстарға қарағанда біршама көп. Өзімізден шығып жатқан таланттар жеткілікті. Ендігі жерде осыны тиімді пайдалана алуымыз қажет.
Бүгінде Жамбыл облысы футбол федерациясының президенті қызметін де атқарамын. Жақында облыс әкіміне өзіміздің жоспарымызды ұсындық. Онда футболды дамытуды ауыл, аудандардан бастау туралы ұсынысымыз бар. Дегенмен қалада дайындалып жүрген балалардың саны аз емес, жеткілікті де шығар. Оны көбейтуге де мүмкіндік мол. Бірақ біз бұған ауыл балаларын да қосуымыз керек. Егер осындай жағдай болатын болса, жоғары деңгейдегі клубтарға төтеп бере аламыз. Расында, біз дайындаған баланы ертең басқа біреу сатып алып кетеді деген де пікірлер болды. Олай болса біз бір ғана футболшымен шектеліп қалмауымыз қажет. Құрамда бір-бірінің орнын жаба алатын он бала дайын тұруы тиіс.
Сондай-ақ балалар футболына көбірек көңіл бөлу басты орынға шығуы шарт. Егер мен клубтың президенті болсам, әуелі өзіме «Бес жылдан кейін менде кім ойнайды?» деген сұрақ қоятын едім. Әкімшілік бөліп берген ақшамен футболшыны сатып алумен ғана шектелмей, балаларды тәрбиелеу керек. «Тараз» футбол клубының болашақтағы намысын қорғайтын адам қаладан шыға ма, ауылдан шыға ма, клуб президенті соны ойлауы шарт.
Осы сұхбатты пайдалана отырып айта кететінім, клубты мен басқарған уақытта футболшылардың көпшілігі темекі шегетін. Мұндай зиянды әдет қазір де бар екендігіне сенімдімін. Біздің клубта ондай жігіттер ойнамауы керек. Сондай-ақ жаттықтырушының өзі де темекі шекпеуі маңызды. Бұл жерде спорттан бөлек, балалардың да тәрбиесі жатыр. Клубты басқарған кезеңде облыс әкімі мен спорт басқармасына осы жағдайларды жеткізген болатынмын. Қолдау болып жатса, бұл жағы да тәртіпке келер.
Футбол жекелеген спорт түрі емес, ол ұжымдық ойын. Бір адам жақсы нәтижеге тырысса, қалған он адам да солай қарай тырысуы керек. Сонда ғана нәтиже шығады.
– Кезінде «Тараз» клубын басқарған, қазіргі жанкүйері әрі Жамбылдың футболына жаны ашитын азамат ретіндегі құнды пікіріңізді білдік. Ал жалпы азамат ретінде сізді қоғамдағы тағы қандай мәселелер толғандырады?
– Мені осы уақытқа дейін екі мәселе қатты толғандырып келеді. Оның әуелгісі– мал ұрлығы. Жалпы, қазақтың берекесі ауылда ғой. Сондықтан былайғы жұрт бетіне қарап отырған төрт түліктің қолды болуы ауылдың берекесін қашыруда. Үнемі осы мәселені көтеріп, айтып жүремін. Ақиқаты, қазақ даласында мал ұрлығы тыйылмайынша, бізге ешқашан береке келмейді. Содан соң толғандыратыны – букмекерлік кеңселер. Негізінен, «қазақ жалқау» деп те көп айтылып жатады. Сол себептен жастарды еңбекке баулып, адал еңбек етуге көп үгіттегеніміз абзал. Бірақ үлкендерді айтпағанда мектептегі оқушылардың өзі құмар ойын ордасы– букмекерлік кеңселерді торуылдап жүргеніне қарның ашады. Осыны бүгінгі қоғам түсінгісі келмейтіндей көрінеді және оның кәдімгідей ауру екенін сезінгіміз де келмейді. Аталған жаман әдеттің тамырына балта шаппасақ, еңсемізді көтере алмаймыз. Себебі бұл дегеніміз адамды, тұтас бір ортаны тұңғиыққа батыратын кеселдің түрі. Олай дейтінім, талай отбасының ойрандалуына осы ойын себеп болуда. Тапқан ақ адал ақшасын букмекерлік кеңсеге салу арқылы еселеп көбейтемін деген ойлары түбінде сан соқтыруда. Өзім танитын мықты бизнесмен жігіттердің аталған кеселге бой алдыруы салдарынан тірлігі тұралап, шаруасы шатқаяқтап қалғандарына куә болғанмын. Сондықтан елімізде букмекерлік кеңселер мен казиноларды мүлде жауып тастау қажет. Мұның біздің қоғамға зияны тимесе, пайдасы тиіп жатқан жоқ. Осының салдарынан ұрлық-қарлық, тіпті адам өлімі де орын алуда.
– Өмір ағымына қарай буын алмасып, ұрпақ жалғасып жатады. Бүгінгінің жастарына көңіліңіз тола ма?
– Біздің және қазіргі кездегі жастардың арасында ерекшеліктер көп. Мәселен, әкемнің маған берген тәрбиесімен өз балаларымды тәрбиелейін десем, оны олар қабылдамайды екен. Себебі түсініктері басқаша әрі орталары да өзгешелеу. Жалпы, бала деген өте нәзік, иілгіш болып келеді. Кез келген ақпаратты өзіне тез қабылдай алады. Ал біздің замандағы ақпарат белгілі. Негізінен, ата-ананың тәрбиесінен бөлек, қоршаған ортасынан алып отырған ақпараты да оны тәрбиелейді. Сол арқылы олар қоғамды қалыптастырады. Түсінгенім осы. Осыған қарап жастарға көңілім толады деп айта алмаймын. Дегенмен олардың қатарында да көзің тоятындары жетерлік. Бірақ араларында әлі де болса өмірдегі өз орнын таба алмай жүргендері көп. Өз кезегінде оларды кінәлауға болмайды. Оған аға буын біз жауаптымыз, дұрыс болмай жатса кінәліміз. Өйткені жастар қандай қоғамда өмір сүрсе, соған қарай бейімделеді. Сондықтан қоғамды жөндеуге тырысуымыз қажет. Ол үшін мәдениетімізді көтеруіміз міндет. Олай дейтінім, мәдениетті жастардың жақсы қоғамды қалыптастыратыны бесенеден белгілі.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР