Жамбыл жаңалықтары

Әскери бөлімнің қызметкерлері жүрісінен неге жаңылды?

Кеше облыс әкімдігінің мәжіліс залында өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында №82796 әскери бөлімінің қызметкерлерінен құралған қылмыстық топтың бірнеше жылдан бері қазына қаржысына қол салып, 400 миллион теңге көлеміндегі мемлекет қаржысын талан-таражға салған қылмыстық әрекеті айтылды. Бұл жайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық департаментінің басшысы Мұрат Қарымсақов баян етті.

Департамент басшысының сөзіне сүйенсек, мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалауға міндетті еліміздің Қаржы министрлігі ішкі аудит комитетінің облыстық департаментінің өзі қызметіне атүсті қараған көрінеді. Олай дейтініміз, осы департамент қызметкерлері әлгі әскери бөлімге бірнеше рет тексеру жүргізгенімен, заңбұзушылықтарға көз жұма қарапты. Ол аз болғандай бір қызметкер нақ осы қылмысты жасырып қалу үшін пара алып жатқан жерінен қолға түскен. Дегенмен, бұл жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қатысты іс бүгінде аяқталып, кінәлілер тиісті жазасын алған. Жиында Мұрат Секешұлы жалпы 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның аясында атқарылған жұмыстарды тілге тиек ете келе, орын алған өзге де фактілерге тоқталды.

– Бүгінде әр азамат жыл өткен сайын сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу ортақ парыз болып есептелетінін түсіне бастады. Сондай-ақ, арнайы жүргізіліп жатқан үгіт-насихат жұмыстарының арқасында өңірде бұрынғыға қарағанда сыбайлас жемқорлыққа қатысты орын алған қылмыстар азайып келеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда облыс аумағында аталған қылмыс екі есеге кеміді. Нақты айтқанда, былтыр 139 құқықбұзушылық орын алса, биыл оның саны 66-ны құрап отыр. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың саны да 55 пайыздан 34,5 пайызға азайды, – деді М.Қарымсақов.

Өз кезегінде аймақ басшысы сыбайлас жемқорлық көріністері белең алған кейбір аудан басшыларымен онлайн режимде байланысқа шығып, жауап алды. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Қыдырәлінің айтуынша, былтыр ауданда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 28 іс қозғалып, кінәлі адамдар өз жазасын алса, Шу ауданында осы жылдың 6 айында 3 тұлғаға қатысты сот шешімі шыққан. Мәселен, осы аудан әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы қызметін асыра пайдаланып, өзінің есепшотына 663 800 теңге көлеміндегі қазына қаражатын аударып жіберген. Оған Шу аудандық соты бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.

– Шу ауданында осы жылдың 6 айын­да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде. Сыбайлас жемқорлық жөніндегі комиссияның 2-отырысы жоспарға сәйкес өткізілді. Аталған комиссияның отырыстарына құқық қорғау органдарының және мемлекет­тік мекеме басшыларының атқарған жұмыс­тарының есептері тыңдалып, бүгінде тиісті профи­лак­тикалық жұмыстар жүргізілуде. Халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы құқықтық ақпаратқа барынша қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімінің сайтында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері» атты жеке бөлім ашылып, атқарылған жұмыстар бойынша мәліметтер дер кезінде енгізіліп жатыр. Аудандық «Шу өңірі» газетінде де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы мақа­ла­лар тұрақты түрде жариялануда, – деді аудан әкімі Қайрат Досаев.

Асқар Исабекұлы сыбайлас жемқор­лықпен күрес жүргізу отбасылық, ұжымдық ортаға да қатысты мәселе екенін айта келе, мектеп оқушылары арасында дәрістер өткізіп тұрудың да тиімді екенін еске салды.

Бұдан кейін облыс бойынша мем­лекет­тік кірістер департаментінің бас­шы­сы Құлмұханбет Исақов сөз алып, департаменттің негізгі бағыты сыбайлас жемқорлық қылмысын жеңу, кедендік іс бойынша бақылау жүргізу, салықтардың толық және уақытылы түсуін қамтамасыз ету, экономикалық және қаржылық бағыттағы қылмыстарды ашу екеніне тоқталды. Өткен жылы департаменттің 6 қызметкерінің не себепті қылмыстық жауапкершілікке тартылғанына да түсініктеме берді.

Жиын барысында облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев Жамбыл және Шу аудандары әкімдерінің берген мәліметіне қанағаттанбайтынын, баяндамаларды үстірт оқып шыққанын, жүргізілетін зерделеу жұмыстары және оның қорытындысы жайлы ештеңе айтыл­ма­ғанын сынға алды.

Ал, облыс әкімі аппаратының құқықтық бөлім басшысы Аслан Оразбеков өз кезе­гінде комиссия мүшелеріне аталған комис­сия­­ның алдағы үш жылда атқаратын жұмыс жоспарымен таныстырды.

Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұрын осы комиссияның жұмыс жоспары бол­ма­ғанын, сондықтан бекітілгелі отырған комиссияның үш жылдық жоспарына нақты атқарылатын шаруалар жөнінде тиісті ұсыныс­тар енгізу қажет екенін, құрғақ сөз бен сұлу сандардан тұратын баяндамаларға толы жиындардан ештеңе өнбейтінін айтып, жоспар бекітілгеннен кейінгі комиссияның кезекті отырысы халықтың көкейіндегісін дөп басатын, қылмыстарға нақты құрық саларлық бағыттарға арналатынын жет­кіз­ді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР