Асхат ақын аламанда топ жарды

0 22

«XX ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл Жабаев айтыс өнерінің абыройын асқақтатқан шын жүйрік. Суырыпсалма ақындық өнердің бағын биіктетіп қана қоймай, халқымыздың бірлігі мен тұтастығын, қайсарлығын жырға қосып, жақсылықтың жаршысы бола білген жыр алыбының туғанына биыл 175 жыл толып отыр.

 

Жуырда ақын атын асқақтату мақсатында ғасыр жасаған тұлғаның есімін иемденген Жамбыл ауданы өңірдегі 20 ақынның басын қосып, дүбірлі дода өткізді. Аталған аудан әкімдігінің қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен Жалпақтөбе ауылдық мәдениет үйінде «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» атты облыстық ақындар айтысында жұрт он жұптың аузын бағып, кестелі сөз, орамды ой арқылы өздерін рухани байытуға мүмкіндік алды.

Облыстық ақындар айтысының ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Жамбыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Қасымов сөз алып, ақындарға сәттілік тіледі.

Ақындардың алғашқы жұбы ретінде сахнаға көтерілген Жамбыл ауданының шайыры Нұрлыбек Құрманов пен таластық Нұржан Манатбек тақырыпты да қамтып, бір-бірін қалжыңмен де қағыта білді.

«Толқыса теңіздейін асқақ көңілім,

Ағайын қиқуыңмен қоштап бергін.

Алғашқы боп көтерілдік сахнаға,

Жеребе қаталдықты растап бердің.

Бірінші боп шыққаныма өкінбеймін,

Үрейімді үйіме тастап келдім.

Ауылымда болып жатқан аламанның,

Ағайын алты ауызын бастап бердім», – деп сөз бастаған Нұрлыбек қарсыласының қолының қары мықты көкпаршы екенін тілге тиек ете отырып:

«Айтыс деген көкпарда тақымға алып,

Көксеркенің күйін саған кештіремін», – деп сөзін нығырлады.

Нұржан да сөзден тосылар жан емес екен. Нұрлыбектің әлемге әйгілі футболшылардың жанкүйері екенін, оларға арнап өлең жазған кездерін еске сала отырып:

«Футболкасын киіп ап мақтанасың,

Желіде де жар салып, желігіп сәл.

Ал енді көкпар жайлы дым демейсің,

Өзің қазақ едің ғой соны жоқтар.

Әулиеатадан Мессиің әулие емес қой,

Сенсізде біледі оны небір ұлттар.

Футбол деген ойыны қай атаңның,

Қазақтың салты көкпар, жолы көкпар.

Көкпар деген спорты нағыз ердің,

Әулиеаталық ағайын оны құптар.

Футболшылар ол жағын қайдан білсін,

Өйткені төбеттерің бөріні ұқпар.

Мен үшін Роналду мен Мессиіңнен,

Мың есе артық Нұрдәулет Момыновтар», – деп ұтымды жауап қайтарды.

Осылайша алма-кезек қалжыңдасқан Нұрлыбек тағы бірде:

«Еселенсең есіңнен тандырамын,

Есет ағам аутқа тепкен доптай», – деп көпшілікті күлкіге көмді.

Жалпы алғашқы жұп арасындағы сөз барымтасы тартысты өрбіді. Екеуі де тақырыпты аша отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қаузады. Сондай-ақ Жамбыл ауданының экологиялық ахуалын өлеңмен әдемі өрнектей білді. Нұржанның Жалпақтөбедегі жаңадан салынған мәдениет үйі кезінде аталған ауылда күн кешкен Ш.Қалдаяқовтың есімімен аталса деген ұсынысын көпшілік жылы қабылдады.

Бұдан кейін жұрт Меркі ауданынан келген Мұқағали Балтабай мен жамбылдық Мұхтар Қонарбайдың, Шу өңірінің намысын қорғаған Әділет Медетқұл мен Жамбыл ауданынан шыққан Елібек Нұрмаханбеттің, байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен Рай Дөңбайдың, тараздық Төлеби Тәңірберген мен жамбылдық Ернұр Бейсеновтің, байзақтық Дидар Басығараев пен Қордай ауданынан келген, қырғыз ұлтының өкілі Талайбек Бұғыбаевтың, Талас ауданының атынан шыққан Есет Досалы мен Байзақ ауданының ақыны Дархан Әбдіманаттың, тараздық Медеу Мырзатай мен Жамбыл ауданының үкілеген үміті Шапағат Сәбитқызының, қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен мойынқұмдық Ғабит Есдәулетовтің, Т.Рысқұлов ауданының адуынды ақыны Асхат Қылышбек пен жуалылық Дидар Апбасовтың өнерін тамашалады.

Аты аталған ақындардың ішінде Елібектің «бойдақсың» дегеніне Әділеттің:

«Үйленіп, беташар жасамақ тұрмақ,

Бетті ашып жүруің қиын қазір», – деген жауабы ұтымды шықты.

Алтынкүл мен Рай – талай додаларда топ жарып жүрген, ысылған, әккі ақындар. Олардың сөз саптауы, ойын ұтымды жеткізу шеберліктерінде мін жоқ. Екеуінің ұстаз бен шәкірт арасындағы айтысы көрерменді сөзсіз баурады.

Есет Досалы тәуелсіздік тақырыбын жырлай келе, Дарханды қайынсынып:

«Шәмші Қалдаяқовтың ізі қалған,

Жалпақтөбеде сен де жүрмедің бе,

Жалпақтөбеге мәдениет үйін сұрап,

Сәкен Арубаевқа кірмедің бе?», – деген әзіліне Дархан:

«Әкімге қолқа салған ұят шығар,

Айтыс жасап бергені аз болды ма?», – деп сәтті жауап қайтарды.

Шапағат пен Медеудің арасындағы қыз бен жігіт айтысы да жарасымды өрбіді. Әсіресе Медеудің Жамбыл ауданының диқандары пияз өсірудің маманы екенін, облыс әкімі Б.Сапарбаевтың «Пияз Жамбылдың бренді болуы тиіс» деген сөзін алға тарта отырып:

«… Жамбылдықтар өсірген пиязымды,

Жарты әлем жеп отырса жылап тұрып», – деп талай жыр сүлейлерін баптаған Айтмұхамбет Исақовты да жырға қосып:

«Шапағаттың аман болса тіл мен жағы,

Айт ағамның айтылар мұң мен зары», – дегені құнды көрінді.

Ал Күміскүл мен Ғабит тақырып жайлы жақ ашпағанымен, жеңге мен қайын ретінде әдемі қалжыңдасты. Асхат пен Дидардың арасындағы айтыс тартысты өрбігенімен, құландық ақын қарсыласынан басым түсті.

«Халық бел болса, ел бірлігі белдік» деген сарында ой қозғаған Асхат өткізіліп жатқан іс-шара белдіктің доғасына тіл боларлық тірлік екенін тұспалдады. Ол бұрын Жамбыл бабамыздың шапанына балалар ойнап өскенін сөз ете отырып:

«Көбейді әр үйде мас, сәбидей жас,

Жамбылдай қарияның жоқтығынан», – деген сөзі бүгінгі күннің бүкпесіз шындығы.

Жалпы Жамбыл ауданы Қаратай Тұрысов, Шәкен Ниязбеков, Тұңғышбай Жаманқұлов, Әкім Тарази сынды тағы да басқа тау тұлғаларды тудырған, топырағы талантқа бай киелі жер. Ақындар айтыста өңірден түлеп ұшқан азаматтарды, қазақ халқының болмысына жат, ұлттық менталитетімізге кереғар келетін құбылыстардан бастап, ел ішіндегі өзекті проблемаларға дейін жырға арқау етті. Олардың өнеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қайырбек Асанов, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенова, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков, облыстық «Аk jоl» газетінің бас редакторы, ҚР Ақпарат саласының үздігі Оралхан Дәуіт, танымал тележурналист, ақын Біржан Сөктай, республикалық «Жас Алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек, айтыскер ақын,
ҚР Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақов баға берді. Жасыратыны жоқ, өнерге сусаған халыққа жырдан зәм-зәм су ұсынуы тиіс кей ақындар сахнаға шығып алып, көрерменді жалықтырып жіберген кезі де болды. Сондай кемшіліктер мен артылықшылықтарды ескерген қазылар алқасы аталған жыр додасында Асхат Қылышбекті бас жүлдеге лайық деп таныды. Оған диплом және 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Айтыс ақындарына баға беретін біз емес. Десе де ұлттық өнерімізден хабары бар, айтыссүйер тұрақты көрермен ретінде ой қорытар болсақ, айтыс ақынына суырыпсалмалықтан бұрын, есте сақтау қабілеті аса қажет. Ақынның жады мен қоржыны (загатовка) мықты болса, додаға түскенде ол өзінің бұрын дайындаған жыр шумақтарын рет-ретімен қолдану арқылы жеңіске біртабан жақындайды. Одан кейін түйдек-түйдек теңеулерді халыққа өткізу үшін ақынға актерлік қабілет қажет. Көбіне кейбір ақындар сөзі, ойы мықты болғанымен, актерлік не әншілік қабілеті жетіспеуінен жұртқа сөзін де, өзін де өткізе алмай жатады. Бұл айтыста Асхаттың бағы жанатынындай-ақ бар. Өйткені ол жады мықты, еңбекқор, актерлік, әншілік, асабалық қабілеті бір басына жетерлік, қоржыны бай, суырыпсалмалығы да басқалардан басым ақын. Асхаттың кез келген тығырықтан жол тауып кетуі аталған қасиеттердің өн бойынан табылуының арқасы.

Қош, сонымен I орын Нұржан Манатбекке бұйырса, II орынды Рай Дөңбай, Күміскүл Сәрсенбаева, Дархан Әбдіманат өзара бөлісіп, әрқайсысы 300 мың теңгенің сертификатын иеленді. III орыннан көрінген Алтынкүл Қасымбекова, Ғабит Есдәулетов, Шапағат Сәбитқызы, Медеу Мырзатай сынды ақындардың әрқайсысына 75 мың теңгеден берілді. Ынталандыру сыйлығына ие болған қалған ақындарға 50 мың теңгеден үлестірілді. Жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Нұрманұлы, Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Қаланұлы арнайы сөз алып, айтыс өнерінің бүгінгі келбеті жайлы ой толғады. Бастысы осы іс-шара арқылы ел ішінде ұлттық өнерге, ұлт болашағына алаңдайтын азаматтардың бар екенін, олардың айтыс жанашырлары, айтыс жоқшылары екенін ұғындық.

 

Жамбыл ауданы

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.