Астанаға 20 жыл

Астана — бейбітшілік пен келісімнің алтын тұтқасы

Егеменді еліміз қай кезде де татулықты ту еткен, бірлік пен біртұтастықты бекем­де­ген мемлекет ретінде жаһанға танылғаны белгілі. Ел ордасы – Астана қаласы да бей­біт­­шілік пен келісімнің алтын тұтқасына айна­лып келеді. Мысалы, алғаш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басын қосқан съезге биыл 15 жыл толып отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың ұйытқы болуы­мен қолға алынған бұл съезд жаһан­дағы түрлі діндерді татулыққа бастайтын диалог алаңына айналғаны ақиқат.

Американдық «Пью зерттеу орталығы» (Pew research center) жүргізген талдау жұмыстарының нәтижелеріне қарағанда, қазіргі уақытта әлем халқының 32 пайызы христиан (2,2 млрд. адам), 23 пайызы ислам (1,6 млрд. адам), 7 пайызы буддизм (500 млн. адам) дінінің ұстанушылары, қалған бөлігін дәстүрлі-ұлттық нанымдардың сенушілері құрайды екен.
Адамзат үшін қазіргі таңдағы басты міндет – ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау. Себебі, татулық пен бірлік орнықпаған жерде берекелі бейбіт өмірдің болмайтыны анық. ХХІ ғасыр кеңістігінде әлем аумағында таралған діндердің өзара диалогын ұйымдастыру жаһандық деңгейдегі өзекті іс-шаралар қатарына жатады. Бұған дейінгі уақытта Италияның Ассизи қаласында 1986 және 2002 жылдары жер-жаһандағы діндердің басын қосқан кездесу болып өткен еді. Бірақ, ол мәжіліс жүйелі жалғасып, тұрақты диалог алаңына айнала алмады. Ал, Астанадағы съезд әлемдік діндермен қоса ұлттық діндердің де басын қосып, татулық пен бірлікті қалыптастыруға бағытталған басқосу болуымен ерекшеленеді. Пікір қайшылықтары және өзара келіспеушіліктер болып жатқанына қарамастан, дін өкілдері ортақ диалог алаңында әлемді алаңдатқан мәселелерді талқылап, келісімге келуге ұмтылады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ең алғашқы съезі Астана қаласында 2003 жылы 23-24 қыркүйек аралығында өтіп, оған ислам, христиан, буддизм, индуизм, иудаизм, синтоизм діндерінің өкілдері қатысты. Жалпы, сол жылы өткен бірінші съезде әлемнің 13 елінен 17 діни ұйым өкілдері қатысты. Ал, 2006 жылғы ІІ құрылтайда 26 елден 29, 2009 жылғы ІІІ съезде 35 елден 77 делегация арнайы келді. 2012 жылы өткен IV съезде 40 елден 85, 2015 жылғы V съезде 42 елден 80 делегация бас қосты. Байқағанымыздай, жиынға қатысушы дін өкілдерінің саны әр съезд сайын көбеюде. Аталмыш цифрлар діндер форумының маңызының жылдан-жылға артып келе жатқандығына дәлел бола алады. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тәрізді құрылымдар съезд жұмысына қолдау көрсетуде. 2015 жылғы 11-15 маусым аралығында өткен cъезге БҰҰ-ның сол кездегі бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі келіп қатысуы басқосу беделінің биік екендігін аңғартса керек.
Қазақстан әлемдік саясаттың белсенді мүшесі ретінде діндер форумында адамзатты алаңдатқан күрделі мәселелерді талқылауға ұсынып, оларды шешудің жолдарын іздеп келеді. Атап айтқанда, Қазақстан І съезде экстремизм, терроризмге тыйым және дінге жала жаппау мәселесін көтерді. Ал, 2006 жылы өткен ІІ съезд Таяу Шығыстағы ахуал күрделеніп, Иракта соғыс жүріп жатқан кезге тұспа-тұс келді. Елордамызға жиналған діни лидерлер мемлекеттерді келісім жолынан таймауға, бейбітшілік пен сұхбаттастық мәдениетін сақтауға шақырды. Өз кезегінде ІІІ съезд әлемдік қауымдастықты дағдарыс жайлап, жер бетінің түрлі өңірлерінде ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған лаңкестік әрекеттер орын алған тұста өтті. 2012 жылғы өткізілген діндарлардың IV съезінде «Діни лидерлердің тұрақты дамуға қол жеткізудегі рөлі», «Дін және мультикультурализм», «Дін және әйел: рухани құндылықтар және қазіргі заманғы қатерлер», «Дін және жастар» тақырыптары аясында талқылаулар болды. «Бейбітшілік және даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің үнқатысуы» тақырыбындағы V съезде діни лидерлердің адамзат алдындағы жауапкершілігі, діннің жастарға ықпалы, дін мен саясат ықпалдастығы, өзара диалогтың бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі жайында мәселелер талқыланып, форум соңында бірлескен декларация қабылданды.
Өткенге көз тастап қарайтын болсақ, діндер форумы барысында бірталай жұмыстар атқарылды. 2003 жылы 23-24 қыркүйек аралығында өткізілген алғашқы отырыста съезді әр үш жыл сайын ұйымдастыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Діндер съезіне арналып, Астана қаласында Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Татулықтың символы іспетті бұл ғимаратта 2006 жылғы ІІ съезден бастап Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің отырысы тұрақты түрде өткізіліп келеді. 2003-2018 жылдар аралығында діндер форумының Хатшылығы, Халықаралық діндер мен мәдениеттер орталығы, Діни лидерлер кеңесі құрылды
Экстремизм, терроризм сияқты жаһандық қауіп-қатерлер, діни төзімсіздік, халықаралық дау-жанжалдар, қақтығыстар, діни құндылықтарды қорлау фактілері тіркеліп жатқан бүгінгі заманда аталған келеңсіздіктердің алдын алу өте маңызды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаты қандай да бір діннің артықшылығын анықтау емес, күрмеуі қиын адамзатқа ортақ мәселелерді өзара бірлесіп шешуге әрекет ету болып табылады. Түрлі дін өкілдерінің басын бір ортаға қосқан мәжіліс өткізу арқылы Қазақстан діни көшбасшыларға ортақ бір келісімге келуге мүмкіндік жасап беруде.
Қалай дегенде де, Қазақстанның дінаралық татулық, әлемдік тұрақтылықты орнықтырудағы қарышты қадамы көңіл қуантады. Мұны тәуелсіздік алған кезеңнен бері жүргізілген саяси қадамдардан да байқауға болады. 1991 жылы 29 тамызда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. 1995 жылы мемлекет аумағындағы түрлі этностардың басын біріктіретін бірегей институт Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, басты ұран ретінде латынның төрт «Т» әрпі алынды. Олар: trust (сенім), tradition (дәстүр), transparency (транспаренттілік), tolerance (төзімділік). Қазақстан 2011 жылы 57 мұсылман мемлекетінің басын біріктіретін Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етті. Сонымен қатар, еліміз 2017 жылдың қаңтар айынан бастап Сирия мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қақтығыстарды бейбіт реттеу бойынша келіссөздер алаңын ұйымдастыра бастады. Және Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайлануын да тарихи жетістік деп бағалауға болады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VI съезі «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында» тақырыбында алдағы қазан айында өткізіледі. Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде діндер съезі жөнінде «Оны өткізу ХХІ ғасырдағы әлемді қалыптастырудың маңызды қағидаты ретіндегі жаһандық толеранттылықты орнықтыру ісіне қосқан Қазақстанның ең ұлы сыйы», деген еді. Шын мәнінде Қазақстан толеранттылық саясатын ұстану арқылы конфессияаралық және ұлтаралық татулығымен әлем елдеріне үлгі болып отыр.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің 34-қара сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па?» деген ұлағатты сөз қалдырды. Данышпан ақын, барлық адамдардың өзара тең екендігін, бір-біріне көз алартушылық пен өзара қырқыстың саналы тіршілік иелеріне жарасымсыз құбылыс болатынын меңзеген. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген Абай атамыздың өнегелі сөзінде де үлкен өсиет жатыр. Ендеше, түрлі саяси текетірестер мен арандатушылардың жетегінде кетпей, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруді әрбір азамат өзінің адамгершілік парызы санауы керек.

Елнұр Әскенұлы,
облыс әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ ақпараттық
түсіндіру және талдау бөлімінің инспекторы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

ПІКІР