Астанаға 20 жыл

Астана – Елбасының мемлекеттік қайраткерлік еңбегі

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі» деп айрықша баға берген Елордамыз — Астанаға биыл 20 жыл толып отыр. Бас қала осы жылдар аралығында сәулеттік жағынан да, стратегиялық тұрғыдан да өсіп, өркендеп, нығайды. Зау биікке өрлеген зәулім ғимараттар, көрікті көшелер мен келісті көпірлер, жағалай жайқалған жасыл желек, бәрі-бәрі етжүрегі «елім» деп соққан әрбір азаматтың кеудесінде мақтаныш сезімін маздататыны сөзсіз. Аз жылда аяғына нық тұрып, алты құрлықтың назарын аударған Астана адамзат баласының алтын бесігіне айналып үлгерді. Себебі, мұнда ғаламдық деңгейдегі ғаламат ұсыныстар қозғалып, төрткүл дүниеге төрелік айтылатын күн туды. Мұның бәрі де Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алысты болжай білетін көрегенділігінің, сарабдал саясаткерлігінің, ұшан-теңіз еңбегінің жемісі.
Әрине, бәрі де айтуға оңай. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру бір мезетте орындала салған жоқ. Бұл ұйқысыз түндер мен мазасыз күндердің жеңісі. Міне, біз бүгін осынау тағдыршешті тарихи кезеңде Елбасының жанында бірге жүрген белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш СҰЛТАНОВПЕН арнайы жолығып, Астана қаласының қалыптасуы, Елбасы қабылдаған стратегиялық шешімдер, әз Наурызды тойлаудың мән-маңызы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының тағылымы төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

– Қуаныш Сұлтанұлы, Сізбен ұлтымыздың ұлық мерекесі – әз Наурыз қарсаңында жүздесіп отырмыз. Ендеше, Жамбыл облыстық «АРАЙ» жастар газетінің оқырмандары атынан Сізді Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз.
Биыл барша қазақстандықтар ел тарихындағы орны бөлек ордалы оқиға – Астана қаласының 20 жылдығын кең көлемде атап өту шараларын бастап кетті. Өтпелі кезеңнің өткелектерінен енді ғана ес жиып жатқан шақта астананы ауыстыру, жаңа Елордамыздың құрылысын қолға алу оңайға соқпағаны белгілі. Бұл жерде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың саяси көрегендігін, шешім қабылдаудағы батылдығын айтпай кетуге болмас. Осы орайда, бұрынғы Целиноград пен әлемдік саясаттың сахнасына айналған қазіргі Астананы салыстыра отырып, Өзіңіз куәсі болған жаңа астанамыздың қалыптасу тарихына үңіліп көрсек.

– Алдымен Наурыз құтты болсын! Сұрағыңызға рахмет. Әттең, бәрін айтуға көлем де, уақыт та көтермейді. Астананың бүгінгі жарқыраған жағдайын, игілігін көріп жүрген көп адамдар оның жаңа дәуірдегі тарихына үңіле бергісі келмейді. Жастар жағы – қала осылай бола салған екен деп ойлауы да табиғи нәрсе және ол үшін ренжуге де болмайды. Үлкендер қатары кейде кешегі батпақтап жатқан Целиноградты естеріне түсіргісі келмейді. Жалпы, мұндай сұрақ маған талай жерде қойылып жүр, соларға Астана туралы, оның өткені мен бүгінін айтуға міндеттіміз. Бәрі көз алдымызда болды. Болжай алмаған түбегейлі өзгерістерге куә болдық.

Бұрынғы Целиноград пен бүгінгі Астананы салыстыру тіптен мүмкін емес. Жаңа Астананың жобалаушысы да, архитекторы да, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы екендігіне ешкімнің күмәні болмас. Және қала бірден әлемдік сұранысқа сай дәрежеде салына бастап, осы жолмен дамып келеді. Әрбір ғимарат бір-біріне ұқсамайды, бірін-бірі қайталамайды. Ғажап қала, жастарымызға арман қала болды.
Астана – тәуелсіз мемлекеттің астанасы ретінде осы қалаға келіп орналасуының өзі біздің жаңа дәуірдегі мемлекеттік тәуелсіздігіміздің тарихымен тікелей байланысты және мемлекеттік тәуелсіздігімізбен егіз ұғым. Біз Тәуелсіз мемлекет бола алмасақ, онда астананы көшіру мүмкіндігі де болмас еді. Ақмола (Целиноград) қаласының Қазақстан астанасы болуының өзі жаңа ұғым беретін оқиға.

1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіз мемлекеттігімізді жария еткеннен кейін сол кездегі біздің жағдайымыз саяси-экономикалық жағынан да, тұрмыстық жағынан да оңайға соққан жоқ. Өйткені, Кеңес Одағы құлады да, соның зардаптарын біз бір кісідей көрдік. Әсіресе, басқа республикаларға қарағанда оны көбірек көретін себебіміз – біздің республикамыздағы бүкіл өнеркәсіп орындарының 93 пайызы Орталық жүйеге байланысты, яғни Мәскеуден басқарылған. Сәл ғана шегініс жасап, соны көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Кәсіпорындар түгелімен тоқтап, олардың өнімдері ешкімге қажет болмай қалды. Болмағасын қаржы да жоқ. Жаппай жұмыссыздық басталды. Сол кезде инфляция екі жарым мың процентке дейін өршіп, қалыпты жағдай құлдырай бастады. Жалақы, зейнетақы, студенттердің стипендиялары берілмей, көшелерде митингтер өріс алды. Бұрынғы Кеңес Одағының ортақ ақшасы – рубль құнсызданып жатты. Дүкендерде күнделікті тұтынатын нан, сүт сияқты өнімдерден басқа тауар атымен жоқ еді. Басты мақсат – солардың бәрін еңсеріп, түзетіп, бір жүйеге келтіру қажет болды.

Саяси жағдай да ушығып, оны саясаткерлердің өздері одан әрі қоздырып отырды. Тәуелсіздік жарияланардың алдында орыс жазушысы, кезінде «ұлы гуманист» деп айдар тағылған Солженицын сол кезде бүкіл орысқа бір идеялық бейне, идеялық тұлға болды. Оның «Как обустроить Россию?» атты мақаласында Қазақстанның тәуелсіз мемлекет бола алатынына күмән келтіргені, «Қазақстан Ресейдің оңтүстік қарнының асты» («подбрюшина России») дегені қазақ жұртшылығы арасында үлкен наразылық туғызды. Әр жерлерде соған қарсы шерулер өткізілді.

Ал, енді сол Кеңес Одағы тарап жатқан кезде оның тұңғыш және соңғы президенті болған Михаил Горбачев теледидардан соңғы сөзін сөйлеп отырып, «Қазақстанның солтүстік бес облысы Ресейге тән» – «пять северных областей Казахстана тяготеют России» деген сандырағын айтты.

Нұрсұлтан Әбішұлы бірден мемлекетке қажетті мемлекеттік құрылымдар құрып, мемлекеттік аса маңызды шешімдер қабылдап, дүние жүзілік қоғамдастықпен келіссөздер жүргізіп, батыл-батыл қадамдарды жүзеге асыра бастады.
Осылардың бәрі Астананың қалыптасу тарихының қарсаңы деп айтуымызға болады. Біз тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін де экономикалық, тағы басқа қиындықтар жалғаса берді. Өйткені, олардың бәрі бір күнде орнына келетін шаруа емес еді.

1992-1995 жылдары республиканың ішіндегі миграциялық қозғалыстар күшейе берді. Әсіресе, солтүстік облыстардан көп жылдардан бері тұрған адамдар, олардың ішінде әртүрлі этнос өкілдерінің кетуі жиіледі. Солтүстік облыстарда неміс, украин, орыс этностарының өкілдері көп болатын. Жалпы, Қазақстанда миллионға жуық неміс азаматтары тұратын. Олардың негізгі дені 1992-95 жылдары Германияға, ал орыс, украин этностары Ресейге қоныс аудара бастады.

Сол кездегі Целиноград облысында қазақ ұлтының үлес салмағы небәрі 21-ақ, ал Ақмола (Целиноград) қаласында жеті-ақ пайыз болды. Осы жағдайды тілге тиек еткісі келген саясат белсенділері аз болмады. Осы және тағы да басқа ел арасындағы қисынсыз әңгімелер түгелдей Елбасының, Үкіметтің бақылауында болды.
Біз Конституциямызда әуел бастан орыс тілін ресми тіл деп тұрақтандырдық. Соған қарамастан, алғашқы кезде қалай да күмән болып, қалаған жақтарына көшіп жатты. Біз ешқандай ұлтына, нәсіліне, тіліне, дініне байланысты ешкімге де шектеу болмайды, адам құқығын сақтаудың халықаралық принциптері сақталады деген түсіндіру жұмыстарын жүргізе бердік.

– Осыдан жиырма жыл бұрын Ақмола қаласы Астана болады деген жаңалықты Өзіңіз қалай қабылдап едіңіз?

– Әңгіме 20 жыл бұрын емес, сәл ертерек туындады. Біз әлі жағдайды толық тұрақтандырмай тұрған тұста Елбасы өте аз құрамда солтүстік облыстардан адамдардың көшіп жатуы жайында күн сайын пікірлесіп отыратын. Сол жылдарда мен министр, содан кейін Премьердің орынбасары қызметтерін атқарған кезде ішкі саясатқа жауап беретін адам ретінде солардың барлығын тұрақты, салыстырмалы жағдайда талдап, сараптама жасап отырдым. Қанша адам көшті, қанша адам келді дегендей. Бір тенденция сыртқа көшу болса, тағы бір тенденция солтүстік облыстарда тұратын көптеген қазақтар оңтүстікке қарай қоныс аударып, көпшілігі Алматыны төңіректеді. «Неге?» деген сұраққа «Астана ғой, әйтеуір» деген уәждар айтылды. Осындай жағдайда Үкімет мүшелері Елбасының тапсырмасымен солтүстік облыстарға еліміздің көптеген білімді адамдарын, беделді қоғам қайраткерлерін алып келіп, елмен кездесулер өткіздік, оларға саясатымызды жан-жақты түсіндірдік. Президенттің ойында қандай да бір жобалар жүргенін сезіп те жүрдік. Елбасы бір мәжілісінде сол кезде Вице-президент, Әкімшілік басшысы, Премьер, Премьердің орынбасарлары отырған жерде Ақмола қаласына Астананы көшірсек қалай қарайсыздар деген сұрақты алғаш тастады. Әрине, біз бәріміз барлық қиындықты көріп жүргенімізбен Елбасы осындай нақты ұсыныс айтқан кезде оған іштей дайын болмай қалғанымыз да шындық. «Қазіргі экономикалық жағдайымыз көтере ме?» деген күмәнімізді де қатар айтқанымыз рас. Мен үшін тосын, төбеден жай түскендей болған жоқ. Бірақ, оның қиындығын көз алдымызға келтіріп отырдық. Оның жауапкершілігі аса зор еді.

– Халық арасында «Елбасы – елінің тірегі, Астана – елімнің жүрегі!» деген қанатты сөз бар. Ашығын айтқанда, Астананы Елбасынсыз елестету мүлдем мүмкін еместігі шындық. Осы ретте, тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы лебізіңізді білдіре кетсеңіз. Оның үстіне Елбасының жанында жүргеніңізге де ондаған жылдардың жүзі болды.

– Астананың көшуі, Астана қаласының салынуы – түгелдей Елбасының, біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттік қайраткерлік еңбегі деп айтуымыз керек.
1994 жылы 6 шілде күні экономикалық жағдайдың ең қиын кезеңінде Жоғарғы Кеңесте астананы Ақмола (Целиноград) қаласына көшіру туралы ресми шешім қабылдатып, жария етті. 177 депутаттың көпшілігі «Президент ұсынған соң қабылдайық, бірақ ол қай заманда орындаларын уақыт көрсетер» дегендей дауыс бергені де жасырын емес.

Жоғарыда Солженицын мен Горбачевтың сөздерінде айтылғандай, кейбір ресейлік саясаткерлер, бұқаралық ақпарат құралдары біздің ұлттың солтүстік өңірлерде аз тұратындығын тілге тиек етіп (өкінішке орай, олар ондай дерттен әлі де арыла алмай жүр), өздерінің империялық көзқарастарын оқтын-оқтын жариялап тұруды кәсіпке айналдырып алған еді.

Сонымен сөздің қысқасы, әлі экономикалық дағдарыс жалғасып, жағдай толық оңала алмай жатқанда, 1997 жылдың қақаған қысы басталып, Сарыарқаның сары аязы минус қырыққа түсіп тұрған бір күн, бір түнде Елбасы өзі бастап, Парламент, Үкімет жұмыла көтеріліп, Тәуелсіздіктің алтын бесігі Алматы қаласынан Астана, сол кездегі Ақмола қаласына көшіп келді. Президент көшімен бірге ұлттық рәміздеріміз — Мемлекеттік Туымыз, Елтаңбамыз, Конституциямыз, Әнұранымыз салтанатты түрде жаңа Астанаға көшірілді. Бұл салтанатты шеруден бұрын – 1996 жылы, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы, Көлік, Экология министрліктері Ақмола кезінде көшіріліп, орналастырылып, қызметтерін жүргізуді бастаған.

Ақмоланың шағын әуежайында, темір жол вокзалының алдында, қаланың орталық алаңы, жаңа жөндеуден өткізілген бұрынғы Тың көтерушілер (кейін Конгресс-Холл, қазір «Астана») сарайының қасында, ішінде қала, облыс тұрғындары қатынасқан салтанатты жиын өткізіліп, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Астанасы әлемге жар салып жарық дүниеге келді. Қыс құрсауына беріліп, мүлгіп жатқан дала оянып, Сарыарқа төсінде бұрын-соңды болмаған жаңа дәуірдің дабылы ұран салды.

Қысқа мерзімде Есілдің оң жағалауындағы ескі қала адам танымастай өзгеріп, сол жағалауға екі жүз елу мыңнан астам тұрғын орналасқан жаңа қала салынды. Бір «ЭКСПО-2017» қалашығы аумағына елу мың тұрғын жайғасарлық ғимараттар, халықаралық дәрежедегі медициналық орталықтар, толып жатқан ауруханалар, оқу орындары, спорт кешендері, сауда орталықтары, тұрғын үйлер салынды.
Әрине, ешқайсымыз Астана туралы оның сәулетшісі де, құрылысшысы да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан артық айта алмаймыз. Президент өзінің көптеген еңбектерінде Астана туралы ой-пікірін білдіріп, Астана шежіресін баяндап келеді. Астана – біздің мемлекеттік тәуелсіздігіміздің қасиетті символы, бүкіл халықтың игілігі. Сондықтан, оның тарихы мен қадірін анық білу әрбір Қазақстан азаматының парызы дер едім.

Астана – шын мәнінде Қазақстан дамуының мегажобасы. Жәй жоба болған жоқ. Оза шыққан дүние жүзіндегі ең үздік жобалар мен жетістіктердің бастаушы әрі жеңімпаз көрсеткіші.
Астана жобасы – бүкіл Қазақстанды тығырықтан, дағдарыстан шығарудың бастамашысы болды.

Астана – экономикалық жаңғырудың жаршысы болып, елдің тұрмысын жаңа сатыға, жаңа сапаға көтерді.
Астананы әлем танып, таңданды. Астанаға қарап, Алматы, барлық облыс орталықтары қарқынды құрылыс өркендетіп, гүлдеді.
Ең бастысы – Астана болғанға дейін жеті-ақ пайыз қазақ баласы тұрған қалада бүгін жетпіс пайыздан астам қазақтар тұрады!
Астана бүгін – Қазақстанның барлық өңірлерінен келген ынтымағы жарасқан ел жиналған ырысы мол киелі жер. Міне, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жеңісі. Ешкімнің көңіліне келетін сөзге жол бермей, ешнәрсені саясаттандырмай ұлттың мәртебесін көтерді емес пе?!

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында қабылдаған Декларацияда депутаттар осы айрықша Еңбегін бағалап, Елбасының есімін Астанамен байланыстыруды ұсынған. Бұлай болуы – тарих алдындағы әділ де дұрыс шешім болары хақ. Бұл да тәуелсіздігіміздің жемісі болмақ. Кезінде дәл осы қаланы Хрущев Целиноград деп атағанда бір адам бір ауыз сөз айтып па еді? Әрине, ол басқа заман. Бірақ сондай үстемдікті басымыздан өткіздік қой.

– Кеңес өкіметінің тұсында шығыс халықтарының төл мерекесі – Наурыз мейрамының тамырына балта шабылғандай болып еді. Шүкір, тәуелсіздік алған жылдары ғана төл мерекемізбен қайта қауыштық.
Әз Наурызды тойлаудың қазіргі деңгейіне көңіліңіз тола ма? Төл мерекемізді тойлаудың жаңа, заманауи тұжырымдамасын қабылдаудың қажеттігі туындаған жоқ па?

– Наурыз – бүкілхалықтық, әр адам, әр отбасының жыл сайын асыға күтер ырысты мерекесі. Оның негізгі өзегі, дәстүрі, салт-санасы белгілі. Адамдардың ара-қатынасын жақсарту, біріне-бірі баруы, келуі, ағаттықтары болса кешірім ете білуі, жақсылыққа бейімделуі, мұқтаждарға көмек көрсетуі сияқты толып жатқан адами, рухани, саналық, тазалық, адалдық жақтары бар. Әр жерде, әр өңірде ұсақ-түйек ерекшеліктері, ықыластары, көркемдіктері бола беруі табиғи заңдылық. Бұл мейрамды билік тарапынан әсіре «тұжырымдамалар» жасап, шектеп, немесе асыра дабыраға айналдырудың қажеті жоқ. Бұл – ғасырларға жалғасқан халықтың рухани мәдениеті.

– Өзіңізге мәлім, өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, алдымызға үлкен міндеттер қойды. Елбасымыз айрықша атап өткендей, ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін бірінші кезекте не істеуіміз керек?

– Әр отбасында ата-ананың жауапкершілігін түсінетін сана керек. «Тек» деген қасиетті ұғым осыдан басталады. Үйінде дұрыс, таза тәрбие көрген бала қоғамда да сезімтал болады. Ұлттық болмысын әкесі, анасы айтпаса, өз ана тілінде сөйлемесе – оны бала қайдан біледі? Өкінішке қарай, мыңдаған жас отбасылар өзінің басқа тілде сөйлеп жүргенін сезінбейді де, түсінбейді де. Басқа тілді білгенін хош көреміз, бірақ өзінің ұлттық тегін сақтап, ұрпағына жеткізу жауапкершілігін қалыптастыру әр ата-ананың, әр азаматтың парызы. Тектілік.

– Мағжан Жұмабаев жастарға деген сенімін жыр жолдарымен жалаулатып жеткізгенін білеміз. Сіздің бүгінгі жастарға деген сеніміңіз, көзқарасыңыз, айтар тілегіңіз қандай?

– Жас ұрпақ бізден мықты, бізден озық, бізден қабілетті, бізден дарынды, бізден ұлтжанды болатынына сенемін, сенгім келеді.

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Байтақ даланы берекеге кенелтіп, айналаны мерекеге бөлентіп жеткен әз Наурыз тағы да құтты болсын! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, ел игілігіне бағытталған ерен еңбегіңізге жеміс тілейміз.

Сұхбаттасқан Масат БЕРІК

ПІКІР