Астанаға 20 жыл

Астана – Мәңгілік елдің маржаны

Қыз Жібектей құлпырып, Баян Сұлудай бұрымы Есіл болып, Арқа төсіне жұлдыздай шашылған марғасқа марлан даланың маржан қаласы – аяулы һәм ардақты Астананың жиырма жылдық тарихи тойына да табан тіредік. Керегесі көкжиектей кең, терезесі төрт құбыламен тең, зәулім-зәулім заңғар мұнараларының биіктігіне қыранның ғана қауқары жететін еңселі Елорданың ертеңі ғана емес, бүгіні де ертегі мен аңыздағыдай. Ұланғайыр Ұлы Дала шежіресіндегі ұмытылмас сәт һәм дүбірі дүние жүзіне жаңғырған думан, осы, жауһар шаһарымыздың жадыраған жиырмасыншы жазы.

Ертегі демекші, жалпы қазақи ертегілердің ең көнесі Ер Төстік жыры екені белгілі. Одан кейінгі біз естіп өскен, Ұлы Дала ұрпағының қиялына қанат бітірген ғажайып ертегілердің барлығы сол Ер Төстіктен бастау алады. Астананың бүгінгі хас сұлулығы, кемеңгерлігі, батылдығы мен көрегендігі күн сайын емес, сағат сайын өскен Төстіктің табиғатымен тағдырлас екендігі дау тудырмас шындық. Тұлпар текті тарпаң қазақты Төстіктің жүйрігі Шалқұйрық деп алсақ, халқының тарихынан теңіздей болып төгілген көз жасын Көлтаусары сарқып ішіп, Желаяқтың жылдамдығымен, Таусоғар ұрпақтың қуат-күшімен болашаққа қадам басқан Елорданың бүгінгі бейнесі қиял емес, шындық. Хикаяда Төстік өз мақсатына осал тұсы жоқ осындай достарының білек біріктірген бірлігінің арқасында жетті. Елордамыз Астана да алпауыттар мен ақылдылардың алаш топырағындағы алтын діңгегіне, бәйтерегі бейбітшіліктің бойтұмарына айналып отыр. Ендеше, ел аузындағы ертегіге неге сенбеске? Астана тек көрікті көшелер немесе аспанмен астасқан алып ғимараттар ғана емес, ол арман мен үміттің, сенім мен абыройдың, тарих пен болашақтың құтты ордасы. Тектілігіміздің төлқұжаты.

Балпаң, балпаң, кім баспас,
Басарға батыр шыдамас.
Батырмын деп кім айтпас,
Барарға жүрек шыдамас, – деп жауынгер-жырау Ақтамберді жырлағандай, Елорданың әрбір еңселі қадамы батылдықтың басты символына айналғандай. Елге тәуелсіздік әперу үшін бел шешпей күрескен Білге қағанның:
Түркі халқы үшін
Түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым.
Төрт бұрыштағы халықты
Бәрін бейбіт қылдым, тату қылдым, – деген жүрек серті, Қобыландыдағы «Түн ұйқыны бөлгендей, Қай шаһарға барасың?» немесе Алпамыстағы «Күннен-күнге түн қатып» дейтін жыр жолдарынан өз халқының тәуелсіздігі, намысы үшін түн ұйқысын төрт бөлген, Махамбет баһадүр айтпақшы, «Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай, Еңку-еңку жер шалмай» ісі бітпейтін ерлердің ерлігін, дамылсыз жортуларын көзбен көргендей болдық.

Астананың сөз құдіреті жетпес сұлулығына куә болған әрбір ұрпақ дәл осылайша қасиетті қара шаңырақ – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шешімін, табанды ерлігін көретіні анық. Себебі, сұлу шаһардың сәулетіндегі әрбір қайталанбас нысанда Елбасының қолтаңбасы қалды. Қаланың бас сәулеткері ретінде Мемлекет басшысы өзінің жүрекжарды толғаныстарының бірінде: «Астана – мемлекет дидары, халық мерейі. Оның біз жетпек биіктердей өрелі, біз орнатпақ қоғамдай тартымды болып көркейіп өсуі жолында күш-жігерді аямаймыз. Біздің жаңа астананы, жаңа Астананың бізді ұятқа қалдырмайтынына нық сенімдіміз» деген әсерлі ой айтқан еді. Бүгінде ел Астананың, ал Астана әрбір қазақстандықтың мақтанышына, абырой, парызы мен ар-намысына айналды. Жиырма жылдың ішінде жиырма ғасырға саятын жойқын мақсаттарды, айқын белестерді бағындырды. Сұңғыла саясаткерлер мен ғалымдардың, ақын-жазушылар мен жастардың мүмкіндік мінбері ретінде миллиардтарға мойындалды, ізгі арманды іспен дәлелдей білді. Күлтегін қағанның жауһар тәжінде зүбәржатпен бедерленіп бейнеленген самұрықтай зау биікке самғап, баршамыздың басымызға бақ болып қонды.

Жалпы, Елордаға бабалар рухын ертіп келген балбал тастардың ең бағалысы да Күлтегіннің көшірмесі еді. Көнекөздердің айтуынша, оның түпнұсқасы алып тасбақа бейнелі жартастың үстінде орналасқан екен. Ал, таста көкбөрі мен арқардың бейнесі бедерленген. Ғалымдардың пікірінше, мұның барлығы біздің еліміздің тотемдері болған. Яғни, ең алғашында даналықтың символы ретінде тасбақа, одан кейін жоғарыда айтып өткеніміздей Ер Төстік хикаясындағы басты кейіпкердің ақылды сырласы Самұрық құс, кейінірек, тәңіршілдік сенім кезеңінде тауда жүрген аңдар Тәңірге жақын болады деген түсінікпен арқар, түркі заманында көкбөрі һәм бүгінде қазақ даласын қанатының астына алған қыран халқымыздың туына кестеленген тотемдері болды. Міне, бүгінгі көк байрағымыздың Ақорда көшін бастаған Астанадағы биік-биік нысандардың маңдайында жарқырап, арқаның самалымен тербетіліп тұруының да өзіндік терең тарихы бар. Ал, оның жалын шашқан жарқын болашағын елестетіп тауыса алмаспыз.

Біз үшін Елорданың жиырма жылдық ғазиз һәм ғаламат ғұмырының өзі толағай жеңіс, табысты жетістік. Қалай дегенмен, оның бүгінгі сұлулығы келешектің ертегісіне айналары сөзсіз. Жасай бер, Нұр Астана, Жыр Астана! Тәуелсіз еліміздің туы тұғырыңда мәңгілік желбірей бергей!

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР