Sport

«Астанаға» үш ұпай ауадай қажет

Written by Aray2005

Бүгін Еуропа лигасы ойындарының топтық кезеңінің екінші турында «Астана» футбол клубы сербиялық «Партизан» командасын өз алаңында қабылдайды. «Астана-Арена» стадионында түндігін түретін аламанда кімнің бабы мен бағы жанады? «Астана» үшін ауадай қажет үш ұпайды жігіттеріміз қоржынға сала ала ма? Әлде…

Негізі, «Астана» қазір ел Премьер-лигасында 56 ұпаймен үшінші орында келеді. Алда «Қайрат» пен «Тобыл». Олардың еншісінде – 59 ұпайдан. Бір қырынан қарағанда «Партизанға» қарсы қосалқы құрамды жіберіп, бар назарды ел біріншілігіне бұратындай жағдай емес. Турнир басындағы командалардан елордалық клуб бар-жоғы үш ұпай ғана қалып келеді. Сондықтан «Астана» негізгі күшін «Партизанға» қарсы салатыны анық. Соңғы турда «Қайсарды» 3:0 есебімен тас-талқан еткен «Астана» үшін бұл жеңіске деген жігер бергені даусыз. Және Еуродода ойындарының алғашқы турында азуын айға білеген «Манчестер Юнайтедтен» сырт алаңда 1:0 есебімен ғана ұтылғаны да команда үшін үлкен күш пен өз-өзіне деген сенім. Сондықтан жігіттеріміз сербиялықтарға қарсы ойынға сауытын сайлап, бес қаруын асынып шығады деп үміттенеміз.
Ал сербиялықтар өздеріне бір ұпайдың жететінін айтуда. Яғни олар тең нәтижеге тоқмейілсімек. Әрине, топта «АЗ Алкмармен» бірінші және екінші орынды бөлісіп отырған команда үшін тағы бір ұпай жеңіспен пара-пар. Оған қоса сербиялықтар «АЗ Алкмар» ағылшындық «Манчестер Юнайтедтен» ұтылатындығына сенімді. Егер бәрі «Партизан» ойлағандай жүзеге асып жатса, онда клуб топта екінші орынға бір-ақ көтеріледі. Осыны ескерсек, сербиялықтар «Астанадан» ұтылмауға ғана бәс тігіп, жата-жастанып қорғанатын секілді.
Қазір «Партизан» өз елінің чемпионаттарында үшінші орында келеді. Бірінші орында тұрған «Црвена Звезданы» қуып жетуі екіталай. Алайда екінші орынға таласуға мүмкіндігі бар. Десе де «Партизан» биылғы маусымда Еуропа лигасының топтық кезеңінен шығуға күш салатын секілді. Себебі мұндай мүмкіндік клубқа жылда туа бермейтіні анық.
«Астанаға» сербиялықтар қорғанысқа көңіл бөледі екен деп босаңсуға болмайды. Себебі «Партизан» қорғаныстан шабуылға шапшаң шығатын команда. Клубтың жұлдыздары Зоран Тошич пен Саша Илич қарымта шабуылдың хас шебері десек болады. Сербиялық команда жанкүйерлерінің қолдауынан қатты шабыттанып, ұтылып тұрып ұтып кететінін де көпшілік жақсы біледі. Сондықтан да сербиялық жанкүйерлерді әлемдік футбол қауымдастығы «гробари» деп атайды. «Гробари» қазақ тіліне аударғанда «көр қазушы» деген ұғым білдіреді. Міне, осындай атынан ат үркетін сербиялық жанкүйерлер бұған дейін Еуропаның әртүрлі қалаларында болып, сүйікті клубтарынан бір елі қалмай жанкүйерлерлік етуде. Және қарқынды қолдауларының арқасында командаларын талай мәрте жеңіске жеткізген. Сондықтан әлемдік футбол сербиялық жанкүйерлерді «гробари», яғни «көр қазушы» деп атап кеткен.
«Астанаға» қарсы ойынға да сербиялық «көр қазушылар» арнайы ұшып келгені анық. Алайда олардың саны қанша екенін тек стадионнан ойын күні көре аламыз. Десе де бізге «Партизаннан» бір, «гробарилерден» екі сақ болуымыз керек. Себебі оларды тегіннен-тегін бұлай атамағаны тағы айқын.
Қош, сонымен, бәрін «Астана-Арена» алаңы көрсетеді. Егер жігіттеріміз мығым болса, «Партизанды» тізе бүктіріп, елордалық жанкүйерлердің ыстық қолдауымен «көр қазушыларды» да өз орнына қоярмыз. Ең бастысы футболшыларымызға сәттілік жолдас болсын деп тілейік!

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР