«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе»

0 0

Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай Байзақ аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен мерекелік челендж бастау алған болатын. Заманауи үлгідегі шара аталған аудандағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» атауымен жалғасын тауып, көпшілікке ғажайып кеш сыйлады.

Шараны жазушы-драматург, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов құттықтау сөзбен ашып, ұлы ақынның туындыларының философиялық қырларына тоқталды.
– Абайды таныған жас ешқашан адаспайды. Ұлы ақынның туындыларынан сусындаған адам өзіне өмірлік азық жинайтыны ақиқат. Жазушы Бердібек Соқпақбаев айтқандай, қазіргі жастарды университетке түсірудің қажеті жоқ. Екі ай Абайдың шығармашылығымен таныстырсаң, өзінің өмірлік жолын тауып кетеді, – деген Б.Бекжанов мерекелік шараның маңыздылығын айрықша бағалады.
Кеште хакімнің қара сөздері оқылып, күмбірлеген күй мен әуезді ән шырқалды. Мектеп директоры Қанатбек Бәйтеннің айтуынша, ұлы ақынның мерейтойын жыл бойы тойлаудың өзі аздық етеді екен.
– Ұлы Абайды біз ғасырлар бойы жырлауымыз керек. Себебі Абай мұралары әрбір жанның жүрегінен орын алып ғана қоймай, рухани азықпен байытады. Ұлы ойшыл ақындардың пірі, ол мәңгілік тірі. Сондықтан ақынды әрдайым ұлықтап, жастарды оның жырымен сусындатуға шақырамын, – дейді мектеп директоры.
Осылайша мерекелік кешті жоғары деңгейде ұйымдастырған Ы.Алтынсарин атындағы мектеп ұжымы шара соңында челенджді Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясына жолдады.

С.Тілеужан,
Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.