Мәдениет

Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, жалықпа!

Кезiнде мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев ұлы Абайдың қазақ тарихындағы орнын бiр-ақ ауыз сөзбен «Абай –Гималай» деп даралаған болатын. Расында, ақылдың Гималайына айналған, ұлтына ұлағат айтып, ұрпақ санасына ұлы құндылықтарды сіңіруді мақсат еткен кемеңгердің өшпес өнегесі ешқашан ұмытылмайды. Оның тағы бір дәлелін Тараз қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясында мектеп оқушылары арасында өткен ХІХ облыстық Абай оқуларынан байқадық.

Хакім жайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз» деген қазыналы ойы ел есінде, жалпақ жұрттың жадында. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тікелей тапсырмасымен облыстық білім басқармасы ұйымдастырған додаға қалалық және аудандық байқаулардан оза шауып, үздік атанған 50 оқушы қатысты.

Шығармашыл жастар үшін шарапаты мол шараның ашылуында облыстық білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің басшысы Шахризада Өсерова сөз сөйлеп, ақыл мен ойдың, пайым мен парасаттың қазынасына айналған Абай шығармашылығының, мәңгілік құнын жоймас қара сөздері мен жауһар жырларының мән-маңызын кеңінен айтып өтті. Өз сөзінде ол ұлт пен ұрпақтың, қоғам мен сананың жаңғыруы Абайдан басталатынын жеткізіп, сондықтан жас ұрпақты Абай мұраларымен сусындауға шақырды.

Ал, байқау төрт бөлім бойынша өткізілді. Бақ сынаушы үміткерлер алғашқы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімінде Абай және Шәкәрім шығармаларын жатқа оқыды. Бұл кезеңде Абай мен Шәкәрім шығармаларын көбірек жатқа білетін оқушыға жоғары баға қойылып, қатысушылардың зеректігі сыналды. Қазылар алқасының мүшелері әр өлеңнің кез келген шумағын бастап беріп, ары қарай үміткерлердің қалай жалғастыра алатындығына назар аударды. Тіпті, ақынның 200-ге жуық өлеңі мен бірнеше поэмасын, қара сөздерін мүдірместен жатқа айтатын оқушылардың таудай талпынысы көңіл қуантты. Олардың ішінде өзге ұлт өкілдері де бар екен.

Келесі «Көңілім әнді ұғады» атты кезеңде тай-құлындай тебіскен таланттылар Абай мен Шәкәрімнің музыкалық шығармаларын шеберлікпен орындап, бақ сынады. Абайдың «Құлақтан кіріп, бойды алар» әндерін нақышына келтіріп, «көңілге түрлі ой салған» жастар көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сол сияқты «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бөлімінде оқушылардың Абайға арнаған шығармалары сарапқа салынды. Мұнда әр оқушы өзінің арнау өлеңін оқып, ұлы ақынның құрметіне жырдан шашу шашты.

«Ұлылар әлемі» атты кезеңде бабы мен бағы қатар шапқан байқау үміткерлері Абай мен Шәкәрім еңбектері жайлы эссе жазды. Эссе жұмысы бойынша арнайы үш тақырып ұсынылды. Соның ішінен оқушылар өзіне ұнаған бір тақырыпты таңдап, оймақтай ойларын қағазға түсірді. Ал, танымы мен талабы топ жарып, үздік жазылған эссе авторларына көпшілік алдында өз шығармаларын таныстыруға мүмкіндік берілді.

Сонымен, байқау қорытындысы бойынша «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымында Меркі ауданындағы №14 орта мектептің 6-сынып оқушысы Жәнел Құдайберген, «Көңілім әнді ұғады» кезеңінде облыстық «Дарын» мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Олжас Кәрібаев, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша Т.Рысқұлов ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұрболат Аманбек және «Ұлылар әлемі» атты соңғы кезеңде Шу ауданындағы Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Әнел Рысбекова жеңімпаз атанды.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», – деп Абай ақынның өзі айтқандай, талантымен топ жарғандар енді ағымдағы жылдың тамыз айында Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында өтетін республикалық Абай оқулары байқауында өңірдің намысын қорғайтын болады.

Айта кетсек, соңғы екі жылда облыс оқушылары республикалық Абай оқуларында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» кезеңі бойынша бас жүлдені басқаларға бермей келеді. Бұл жолы да олардың жеңісті жорығына сенім артып, сәттілік пен табыс тілейміз.

Н.Серікханұлы

ПІКІР