"Көңілашар"

Асыл жардың алпысыншы көктемі

Written by Aray2005

Асыл жар, аяулы жар, Құдай қосқан. Баланың анаға деген саф сезімі де, ғашықтықтың іңкәр махаббаты да сенен басталған.
Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау, құрғырлар,– деп хәкім Абай жырлаған махаббат – қарапайым тілмен айтқанда, жақсы көру, ұнату және осы сезімдерден туындайтын, жарыңа жақсылық жасау, қамқорлық көрсету, қайырымды, әділ, адал болу сияқты кешенді сезімдердің жиынтығы екендігі белгілі. Ал мен оған жақсы жанмен кездесу, онымен бірге тұрып, ұрпақ тәрбиелеуге қатысты мақтаныш сезімін қосар едім. Егер сәтті махаббат болса ол екі адамның мақтанатындай бақытты өмірі емес пе? «Менің анам – ең жақсы адам! Ес білгелі анамның мен үшін жасаған қарекеттерін есіме алсам, мақала түгілі бір кітапқа да сыйғыза алмаспын» – деп жазыпты ұлым Ұлан. Ұлыма осындай ана сыйлаған менің мақтанышымда шек болмады. Ал қыздарым, жарым туралы, оның өнегесі мен аналық махаббаты хақында құрбыларына тебіреніп айтқанда төбем көкке бір елі жетпей қалады. Бірде өзімнің анама «Сен мені жақсы көресің ба, жоқ Асылханды жақсы көресің бе?», – деп қалжыңдадым. Анам «Екеуіңді де жақсы көремін» – деп жауап берді. Бірақ қалжыңымның түбі тереңде болатын. «Жо-оқ, екі адамды бірдей жақсы көруге болмайды, біреуін жақсырақ көруіңіз керек» – деймін. «Ендеше Асылханды жақсырақ көремін» – дейді анам, жарықтық, топырағы торқа болсын. Анамның шындығын өмір дәлелдеді, мен үшін ең қымбат адамды ақтық сапарға мен емес ол шығарып салды, ол соңғы рет анамның қолынан ұстап отырып егіліп жылады. Мен ол үшін тағы да мақтандым. Анамның жүрегін жаулаған сүйкімді, сырлы келіні, әкемнің сыйлы, сыпайы қызы, бауырларымның жанашыр жеңгесі, әпке-қарындастарымның сыйлас құрбысы болған жанмен қалай мақтанбассың. Үш ұл, екі қыз сыйлаған Асылжанның қырық жылға жуық жанымда жүріп, әйелдігімен емес аналығымен өміріме енгеніне мақтанамын. Сондықтан менің оған деген махаббатым – менің мақтанышым. Алғашқы махаббат – ұмытылмас сәт. Ал керемет, ғажап сезім – отбасылық махаббатта, – депті данышпан. Алғашқы махаббат қалай басталып еді…
…Сергелдең сері күн селдетті,
Алматы албаты сөйлетті,
Көктөбе көпірген сәттерде,
Селкеусіз сезімдер селдетті,
Масаңдау күндерді махаббат тербетті.
Иә, дәл осы күйде, 1979 жылы мен қазақ білімінің қарашаңырағы ҚазПи-дің дайындық бөлімінен тарих факультетіне қабылданып, бірінші курсқа түскен бұрымдылармен танысу үшін жатақханаға келгенмін. Күзгі еңбек науқанынан жаңа оралған жастар у-шу.Үлкендігімді пайдаланып, рұқсатсыз бір бөлмеге кіріп келсем, үш-төрт қыз әңгіме-дүкен құрып, күліп, ойнап отыр екен. Менің тып-тықыр етіп алынған басым мен масаңдау түрімді көріп, олар әбіржіп қалды. Мен де қарап тұрмай, «Қыздар, студент болуларыңмен құттықтаймын, болашақта бірге оқимыз», – деп өзімнің дайындық бөлімінен екенімді білдірдім. Осы сәтте ақшыл томпақ сары қыз: «Біздің бөлмеміздің әйнегі сынып қалыпты, соны түзеп беріңіз», – дегені. Шошып отырған қыздардың ішінен албырттықпен, тазалықпен, өзімсініп, ер деп, азамат деп аманат жүктеген қаршадай қыздың алдында үлкендігім, масаңдығым да желге ұшты. Сол сәттен бастап менің бозалаң дәуренімнің бозбала шағы алыстай бастаған. Ендігі өмірім мен өзгермейтін тағдырым осы жанның қолына түбегейлі көшті. Жазғы оқу семестрінде ежелгі Талхиз қалашығының археологиялық қазба жұмыстарына бардық, Талғардың тауларынан қызғалдақ тердік. Ол менің қайсар қылықтарымды шыңдады, сәтсіздіктеріме қиналды, жоғымды бар қылды, барымды асқақтатты.
Тағдырым табыстырып өзіңменен,
Селкеусіз сағынышты сезімменен.
Қыс, жазы, көктем, күзін алмастырып,
Келеміз болашаққа сенімменен…
Сөйтіп жүрген мақтанышым – Асекең де алпыстың асқар деген асуына келіп қалыпты. «Алпыс – тал түс». Қандай керемет анықтама. Бір кезде егде жастың «егесі» болған алпысты тал түске бағындырған қандай күш. Бұның себебін, біреулер астрономиялық құбылыстардан іздесе, бірі қазіргі уақыттың өзгеруінен көреді. Мүмкін рас шығар, таң атса күн бататын уақыт келері өмір заңдылығы. Дегенмен менің пікірім өзгеше. Биолог ғалымдардың тұжырымы бойынша шексіз сүйетін адамдардың ғашықтық энергиясы уақытынан бұрын сарқылмайтын көрінеді. Сондықтан шынайы махаббат пен ыстық сүйіспеншілікпен табысып, бас қосқан жұбайлар көпке дейін қартаймай, олардың махаббаты мәңгілікпен үндеседі екен. Мен сый жасауға сараңмын. Өйткені өмірдің мәні сыйлық беруде емес, сыйлай білуде деп түсінемін. Бірақ ана құрметтеп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу үшін жарымыз туралы жарты сөз айту, ана туралы ұлы сөзді ұлықтайтын бүтін сөздің бастауы емес пе. Ендеше, ардақты әже, аяулы ана, асыл жар, отбасымның шамшырағына айналған Асылханмен әлі талай белестерден қызғалдақ теретініме сенімдімін. Шамшырағым биікте жарқырай берсін!

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ,
прокуратура саласының ардагері

ПІКІР