"Көңілашар" Мәдениет

Асылмұрат – аудан мақтанышы

Written by Aray2005

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары мен «Мәңгілік Ел» идеясы жас ұрпақтың білім алуына, ұлттық құндылықтарға баулып, шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға үлкен серпін беруде. Оның үстіне биылғы жылдың Жастар жылы деп жариялануын Елбасының жастарға деген аталық қамқорлығы деп түсіну қажет.

Бүгінде Жастар жылы аясында талай тірлік тетігін тауып, жеткіншектер Елбасының қамқорлығын сезініп келеді. Есесіне олардың шығармашылық мүмкіндіктері күн өткен сайын даму үстінде.
Соның бір айғағы, Қаракемер ауылының тумасы, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, Төле би атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Асылмұрат Зауқымбек талабы мен талантын, дарыны мен қарымын ұштастыра біліп, құтты қадам жасап отыр. Төл тарихымыздан сыр шерте білетін оның қарасөздің қаймағын қалқып, әсем әнді шеті мен шегіне жеткізіп әуелететін дарынды екенін бүгінде ауыл, аудан жұртшылығы жақсы танып үлгерген.
Жуырда Қаракемер ауылдық округінің әкімі Ердос Бейсенов пен Төле би атындағы орта мектептің директоры Жанат Шардарбекованың қолдауымен жас әнші Асылмұрат Сәрсенбекұлы «Мұратты жол» атты шығармашылық кешін өткізу барысында оның шешендік өнерге де жақын екенін аңғардық. Тіпті оның асыл дінімізге деген көзқарасы да оң екенін байқадық. Ал әншілік қабілеті кімді болса да тәнті ететіні даусыз.
Асылмұраттың кешті жүргізуші ретіндегі сөз саптауының өзі көпшілікті өзіне бірден баурап алған. «Байтақ елім», «Анашым», «Әкешім», «Батырлар ұраны», «Сыған серенадасы», «Қайықта», «18 бен 25», «Тәтті ару» және басқа да әндерді әуелете шырқағанда, дүйім жұрт дүркін-дүркін қол соғумен болды.
Осылайша кеш жоғары деңгейде өтті. Асылмұраттың өнерін тамашалауға келген жұртшылық риза көңіл танытып, тарқасты.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист,
Жамбыл ауданы

ПІКІР