Асылтұқымды мал асырау да оңай емес

0 14

Елімізде ауыл шаруашылығы саласына жыл сайын қомақты қаржы бөлініп, қыруар тірлік атқарылып жатқанымен, өз өнімімізбен сыртқы нарықты жауламақ тұрмақ, ішкі нарық сұранысын қанағаттандыра алмай келеміз. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр», деп атап көрсеткен болатын. Аталған Жолдауда елімізде мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде ет экспортын ұлғайту қажеттігі де баса айтылғаны есте.

Негізінде «Қазақ ежелден мал шаруашылығын кәсіп еткен халық» деп кеуде кере сөйлегенімізбен, жеме-жемге келгенде халық төрт түліктің рақатын толық сезіне алмай отыр. Ырысты ата кәсіптен іздегендердің ішінде бірді-екілі іргелі шаруашылықтар болмаса, көбісі «шықпа жаным, шықпа» деп күнкөріс қамымен отырғаны белгілі. Ашып айтқанда, мыңғыртып мал айдағанымыз болмаса, көптеген шаруа қожалықтардың ішкі нарықтан тірі салмақтағы малдың өзін ығыстыруға қауһары жетпей отыр. Бұған әлі күнге дейін өз өңірімізге қайта өңдеу арқылы нарыққа шығуы тиіс төрт түліктен алынатын шұжық, паштет, айран, қаймақ секілді басқа да азық түрлерін айтпағанның өзінде шикізат, яғни қарапайым еттің өзі сырттан тасымалданатыны дәлел бола алады.
Кезінде мемлекетіміз төрт түлікке қатысты түрлі бағдарламалар қабылдап, мал шаруашылығымен айналысуға, етті немесе сүтті малды асырауға ден қойғандарға қолдау көрсете бастағанда, жұрт: «Басқасы басқа енді өзгеге ет өнімі жағынан тәуелді болмаймыз», деп күткен. Бірақ жағдай олай болмай шықты. Нарықта ет бағасы да шарықтап кетті. Төрт түліктің ішінде тек мүйізді ірі қара малын сөз етсек, елімізде асыл тұқымды сиыр сатып алу, селекциялық асылдандыру жұмыстарына субсидия төлеу, яғни асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау ісі 2009 жылдары қолға алынды. Содан бері аз уақыт өткен жоқ. Аталған қолдаудың арқасында елімізге алыс-жақын шетелден талай зеңгі баба тұқымы жеткізілді. Бүгінде облыстағы асыл тұқымды мүйізді ірі қараның саны қанша? Он жылдан астам уақытта асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарға қандай жағдай жасалды? Біз осы сауалға жауап іздеп, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасына хабарластық.
Басқарманың бізге берген мәліметіне сүйенсек, өңірде 453 мың 197 мүйізді ірі қара болса, оның 41 мың 750-і ғана асыл тұқымды екен. Оның ішінде 20 342-сі сиыр. 2010 жылмен салыстырғанда, яғни он жылдан аса уақытта асыл тұқымдысы бар, басқасы бар, жалпы сиыр атаулы 139 пайызға ғана өскен. Асыл тұқымды сиыр ұстағандарға қолдау ретінде жылда қазынадан арнайы қаржы бөлінеді.
Осы орайда біз мемлекет қолдауына арқа сүйеп, мүйізді ірі қара тұқымын асылдандырумен кешенді айналысып отырған Қордай ауданындағы «Медет» шаруа қожалығының төрағасы Кенжебай Тілеубердиевті сөзге тарттық. Ол 2005 жылы қолында бір тұяқ болмаса да мал шаруашылығымен айналысуға бел байлағанын, мемлекеттен несие алу арқылы істі алдымен уақ мал мен жылқы бағуға ден қоюдан бастағанын айтты. Қазір бағымында 5 мыңнан астам Еділбай асылтұқымды уақ малы болса, 2012 жылы шаруашылығын асылдандыру бағытына бұрып, Павлодар, Шығыс Қазақсатан облысы мен өзіміздің Меркі ауданынан ет бағытындағы 200 асыл тұқымды ақбас тана сатып әкеліпті. Бүгінде оның аналық саны 800-ге жетсе, 1 500-ден астам тана-торпақ және бұқасы тағы бар. Жылқысының саны 100-ден асады. Шаруа қожалықта механизатор, шопан, сиыршы, жылқышы, мал дәрігері секілді бас-аяғы 35-ке тарта адам еңбек етеді. Шөп тайлайтын, шөп артатын тракторлар мен екі «КамАЗ» жүк көлігін қосқанда бас-аяғы оншақты техникасы, жайылымдарда 17 қора-қопсы, 5 мың басқа арналған бір мал бордақылау алаңы бар. Қожалық иесі асылтұқымды ірі қараның санын еселеп арттыруға жайылымдық жердің тапшылығы, мал бордақылауға жемшөптің қымбаттығы кері әсерін тигізіп отырғанын айтады.
– Мен шаруашылық құрғанымда мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау үлкен көмегін тигізді. Асылтұқымды сиыр өсіруде шетелдік емес, жергілікті ақбас тұқымды сиыр ұстауды жөн санадым. Өйткені шетелден келген малдың жерсінуі, ауру-сырқаудан түгел аман шығуы екіталай.
Қазір мемлекет шетелден асылтұқымды бұқа әкелгендерге – 250 мың, жергілікті бұқа үшін 150 мың теңге субсидия төлейді. Жыл сайын әр аналық сиыр үшін 20 мың теңге төлеп келсе, биыл бұл бойынша субсидия төлеу 15 мың теңге көлемінде белгіленді. Егер менен біреу асылтұқымды сиыр сатып алатын болса, мен оны 300 немесе 350 мыңға сатамын. Себебі мемлекет асылтұқымды мал сатып алу үшін ол шаруаға 250 мың теңге беріп отыр. Бұл алушыға да, сатушыға да тиімді. Осындай қолдаулар бізді мал бағуға ынталандырып отыр. Бірақ бір айта кетер жайт, бұрын жылда 4 500
бұқа байлап, 10 мың тоннаға жуық ет өткізіп келсем, былтыр 8 мың тоннаға жетер-жетпес ет өткіздім. Себебі жемшөп өте қымбат. Қазір сиыр етінің бағасы 5-ақ пайызға, ал жемшөптің бағасы 50 пайызға өсіп кетті. Сондықтан мал бордақылау тиімсіз болып бара жатыр. Асылтұқымды мал шаруашылығы болғандықтан бізге жылда белгілі бір көлемде ет өткізу міндеттелген. Шынымды айтсам, осы міндеттемені орындау үшін ғана мал бордақылап отырмын, – деді ол.
Бұл шаруашылықтың малы, негізінен, Қақпатас өзенінің жағалауы мен Жалағаш, Мұзбел секілді бірқатар жайылымдарда бағылады екен. Мал бағуда бұрыннан жаз жайлау, қыс қыстауға, күздеуге қоныс аударып отырады. Сондықтан шығар, қожалық жайылымдық жерден тапшылық көріп отыр. Оның иелігінде 4 мың гектар жайылымдық жер бар болғанымен, бірақ өрістің шын иелері маңайдағы бір емес, жеті бірдей ауылдық округте тұратын адамдарға тән. Тоқетерін айтқанда, жайылым өзгенің мүлкі. Оның көбісінің малы жоқ көрінеді. Кезінде біреуінің әкесі, тағы бірінің көкесі гектарлап алып тастаған сыңайлы.
– Өрістің тапшылығын мен өзге біреудің жайылымдық жерін олармен келісімшарт жасасу арқылы шешіп отырмын. Егер мен келісімшарт жасаспасам, олар жерімді пайдаланды деп соттасуға дейін барып, аяғында шығынға батуым мүмкін. Ондай жайт бастан өткен. Сондықтан мемлекет кезінде гектарлап жер алып, бірақ бүгінде пайдаланбай отырған адамдардан сол жерді қайтарып алып, шын мәнінде тірлік істейтін адамға берсе, біз секілді шаруалар мұндай қиындық көрмес еді. Малдың жемі үшін де жерді жалға алу арқылы пайдаланып отырмын, – дейді Кенжебай Мараталыұлы.
Осы күнге дейін ол өз иелігіндегі шабындықтың шөбін механизаторларды жалдап орғызып келіпті. Биылдан бастап өз шабындығындағы шөпті өз техникасымен шауып, жинап алуды ойластырып жүр екен. Биыл бордақылайтын малын да алдымен 8-9 ай тауда бағуды жөн санапты. Әйтпесе, бірден байлауға тұрған мал мынадай жемшөп қымбат заманда өзіндік құнын жеп қоятын көрінеді. Сонымен қатар асылтұқымды мал санының баяу өсуін оның етке өткізілуімен және шетелге тірідей салмақта жөнелтілуімен де байланыстырды.
– Биылға дейін елімізден шетелге тірідей салмақта мал толассыз жөнелтіліп келген. Біріншіден, асыл тұқымды болсын, жай мал болсын шикізат шекарадан асқандықтан елімізде түлік саны күрт азая бастады. Екіншіден, еліміздегі ет өңдеу кәсіпорындары мен мал бордақылау алаңдарының жүктемесі төмендеп кетті. Соның салдарынан шикізат тапшылығы туындады. Бұл біздің өңірге де әсер етті. Биылдан бастап Үкімет тарапынан шетелге тірідей мал жөнелтуге тыйым салынды. Мұны дұрыс шешім деп есептеймін. Өйткені мал тірідей шетелге жөнелтілмей, ет ретінде ғана экспортталса, бұл ішкі нарықта тірі салмақтағы мал бағасының шарықтауын болдырмайды және халықтың қалтасын да қақпайды. Сондай-ақ ет және ет өнімі бағасының да қымбаттауына жол бермейді, – деді Кенжебай Тілеубердиев.
Қожалық иесі 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған әке. Бүгінде жасы 56-да. Тұңғышының жасы 30-ға таяған. Қазір шаруашылыққа сол қолғабыс етіп жүрген көрінеді. Екінші ұлы оқуда. Айтуынша, 15 жасар үшінші ұлының малға еп-себі бар, істің ыңғайын қазірден біліп тұрады екен. Жұмысшылары айына 150 мың теңге еңбекақы алады. Сақпан, қырқын секілді маусымдық жұмыстарда қосымша жұмыс күші тартылса, қора-қопсыны жөндеу және басқа да жұмыстармен 15 адам тұрақты айналысады. К.Тілеубердиев кәсіппен айналысамын, еңбек етемін деген адамға жұмыс көп екенін айта келе, бүгінде малшы тапшылығы туындап тұрғанын да жасырмады. Жұмысшыларына әр кез келісін 1 500 теңгеден айлыққа ет беріп те отырады екен. Ол асылтұқымды мал өсіру ісін дамыту үшін мемлекет 10-15 жылға арналған бағдарлама қабылдаса, оның ішінде мал сату немесе ет экспорттау ісімен айналысатын арнайы мекеме жұмыс істесе, қарапайым шаруаларға да қолындағы бір-екі сиырынан асылтұқымды төл алатындай жағдай жасалса, мал басы артатын еді деген тілегін де жеткізді.
Бүгінде әлем халқы ауыл шаруашылығы өнімдеріне тәуелді болғандықтан, экономикасы дамыған мемлекеттер халықаралық нарықта сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіруге де барын салып жатқаны белгілі. Мұндағы басты мақсат – ауыл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы тұрақты экономикалық өсімді сақтап қалу. Бұл өз кезегінде сол мемлекеттің әлеуетін арттырып, халқының жағдайы жақсара түсуіне мол мүмкіндік береді. Ал біздің осы үдеден қашан шығатынымыз алдағы күннің еншісіне қалып тұр.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.