Астанаға 20 жыл

Асыңыздың дәмін Сарысудың тұзы кіргізеді

Жаңатас қаласының тұрғындары Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында тағы бір қуанышты оқиғаның куәсі болды. Аудан орталығында көптен күткен ас тұзын өндіретін зауыттың ашылу рәсімі болып өтті.

Салтанатты жиында аудан әкімі Балабек Нарбаев сөз сөйлеп, жаңатастықтарды тағы бір өндіріс орнының ашылуымен құттықтады.
– Бүгіннен бастап, біздің аудан тек фосформен ғана емес, тұз өндіріп, оны өңдеп, нарыққа шығарумен айналысатын өңірлер қатарына қосылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Солянная компания «Асыл тұз компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін салтанатты жағдайда ашып отырмыз.

Осыдан екі-үш жыл бұрын, кәсіпорынның орны бос жатқан дала еді. Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, мұнда толық жолға қойылған кәсіпорын жұмыс істеп тұр, – деді аудан әкімі.

Ас тұзын дайындау зауыты аудан орталығы аумағында орналасқан теңдесі жоқ өндіріс орны. Нысанның жалпы құны 710 миллион теңгені құраған. Жаңадан ашылған зауытта бүгінгі таңда 59 адам жұмыспен қамтылған. Ал, алдағы уақытта 75 жаңа жұмыс орнының ашылуы күтілуде.
Нысанның қуаттылығы жылына 50 мың тонна дайын өнімді шығаруға жетеді. Жергілікті табиғи шикізаттардан сапалы дайын ас тұзын шығарумен айналысатын бұл кәсіпорынның болашағы зор.

Ашылу салтанатында, сонымен қатар, жоба басшысы Әділбек Ақназаров сөз сөйлеп, тұз өңдеу зауыты Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейлі мерекесіне сый-тарту болып отырғанына қуанышты екенін жеткізді.

Кәсіпорынның лентасын аудан әкімі Балабек Нарбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберлі Әбілов, жоба басшысы Әділбек Ақназаров қиды. Сонан соң қонақтар кәсіпорынның ішін аралап көріп, тұздың қалай өндіріліп, сауда орындарына қалай жөнелтілетіндігіне куә болды.

Сарысу ауданы

ПІКІР