Жамбыл жаңалықтары

асыраушы салада АЛАҢДАТАРЛЫҚ МӘСЕЛЕ КӨП

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі агроқұрылымдардың жетекшілерімен кездесті. Жиында облыстың аграрлық әлеуетін көтеру мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Ең алдымен Асқар Исабекұлы сәт сайын басқосудың мүмкіндігі жоқ екенін айта келіп, шаруашылық басшыларына күн тәртібіндегі мәселе бойынша ойларын ашық айтуға шақырды. Ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік қолдаулар және дамыту жоспарлары аясында атқарылатын жұмыстармен таныстырған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 7 бағыт бойынша жұмыс жүргізілетінін тілге тиек етті.
– Негізі алты бағыт әлі де әзірлену үстінде. Ал, бір бағыт дайын. Жалпы, аталған жеті бағыт аясында ауыл шаруашылығы саласын дамытудың нақты шаралары қарастырылмақ. Сонымен қатар, азық-түлік және кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету бойынша да жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді Б.Нығмашев.
Бұдан кейін Қазақстан республикасы фермерлер одағы облыстық филиалының төрағасы Жигули Дайрабаев сөз алып, қызылша өсіруге ниет танытушы шаруалардың алдынан шығатын бірқатар түйткілдерді тізбеледі.
– Он мың гектарға жоспарланған қызылша алқабының көлемі қазіргі таңда 8 355 гектарды құрап отыр. Оның өзіндік себептері бар. Ең бастысы, аудандарда тиісті жұмыстар атқарылмады. Салдарынан белгіленген межеге жете алмадық, – деген Ж.Дайрабаев диқандар қауымының жанайқайын жеткізді.
Осы ретте аймақ басшысы да қызылшаға қатысты екі мәселенің бар екенін айтып, тығырықтан шығудың жолын нұсқады.
– Біріншіден, азық-түлік қауіпсіздігін ескере отырып, бұған мемлекеттік тұрғыдан қарауымыз керек. Екіншіден, қант зауыты басшыларымен пікірлескенімізде, мәселелерді батырып тұрып айтқанымыз рас. Олар шикізат ретінде қызылшаны алғысы-ақ келеді. Бірақ, сіздердің игіліктеріңіз үшін бағаны көтере алмайды. Оның басты себебі – қант зауытының миллиондаған қарыздарының болуы. Осы шығынды біле тұра бағаны 1 теңгеге болсын көтерттік. Егерде тәтті түбір бағасы бізге тиімсіз болса, шаруаларды қинап қайтеміз? Қайсысында пайда бар, соны ексін.
Мұнда тағы бір мәселе бар. Қант зауыты биыл 2 мың гектар жерге артық тұқым алды. Алайда, ол егілген жоқ. Былтыр 3 мың гектарға тұқым себілмеді. Франциядан әкелінген тұқымға алдын ала ақша төлейді. Демек, зауыт тағы да шығынға батып отыр. Сондықтан, бұл мәселеде арбаны да сындырмауға, өгізді де өлтірмеуге тырысудамыз. Биыл біз үшін 8 мың гектар аз емес. Жақында ғана отандық инвестормен келіссөз жүргіздік. Бүгінгі таңда соның нәтижесі көріне бастады. Яғни, Шу ауданынан үлкен қант зауытын салуды көздеп отырмыз, – деді А.Мырзахметов.
Жиын барысында «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-нің директоры Бақыт Сауранбаев облысымызда тұқым шаруашылығына сұраныс жоқ екенін, бар болған күннің өзінде сырттан алатынын жеткізді. Ал, «Kaz-Ir-Agro» ЖШС бас директорының орынбасары Марина Фетисова мақсары дақылын өсіру үшін Шу ауданынан 10 мың гектар жер берілуін сұрады.
Басқосуды қорытындылаған Асқар Мырзахметов саладағы түйткілдерді шешу үшін кем дегенде айына бір рет басқосу керектігін тілге тиек етті. Сонда ғана түрлі кедергілерді еңсеріп, жоғары көрсеткішке қол жеткізуге болатынын жеткізді.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР