Астанаға 20 жыл

«Асырып Алашымның бар айбынын, Астана аспан-көкпен таласып тұр»

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Шу ауда­нында «Асқақтай бер, Астана!» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Шу ауданы әкімдігі және облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйыт­қы болуымен өткен сөз додасына 24 айтыскер ақын қатысты.

Бас қаланың 20 жылдық мерейлі мерекесіне арналған айтысты аудан әкімі Қайрат Досаев құттықтау сөзімен ашып, шашасына шаң жұқпаған жүйріктерге сәттілік тіледі.
– Ардақты айтыссүйер ағайын! Ең алдымен елдігіміз бен теңдігіміздің бедерлі белгісі болған Астана қаласының 20 жылдығымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Осындай дүбірлі мерекеге орай ауданымызда өңіріміздің маңдайалды ақындарының басын қосып, аламан айтыс өткізіп отырмыз. Бұл еңселі Елордамыздың мәртебесін биіктетіп, абыройын асқақтататын, ажарын жырға қосатын, озық ой мен сұлу сөз кестеленетін жыр додасы болатынына сенімдімін.

Расымен де, ширек ғасырға жуық уақытта арқа төсіне ажарлы Астанамыз бой көтеріп, ел жүрегіне айналып отыр. Бұған астананы Ақмолаға көшіруге бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен нартәуекел деген халықтың ықыласы зор себеп болды. Сүйінбай, Құлмамбет, Жамбыл мен Кенен секілді жыр алыптарынан үзілмей жеткен құндылығымыз тәуелсіз Қазақстанмен қайта түлеп, үлкен қолдау мен қошеметтерге ие болды. От ауызды, орақ тілді ақындардың ірі шоғыры Жамбыл облысынан шыққаны өздеріңізге белгілі. Яғни, өзіндік орны бар, келешегі зор мектеп қалыптасқан десек қателеспейміз. Еліміздегі мерейтойлық шаралар, ұлы тұлғаларды ұлықтаулар айтыс өнерінсіз өткен емес. Енді міне, бүгінгі облыстық айтысымыз да бас қаланың 20 жылдығына арналып отыр. Бүгінгі айтыста ақындардың көмейінен төгілген көркем сөздерге мейір қандырып, шөл басып, айшықты айтыс кешінің куәсі болуларыңызға тілектеспін! Ата-бабамыздың асыл мұрасы болған айтыс өнері ұзақ жасап, тақырыпқа арқау болған Астанамыз асқақтай берсін! – деді аудан басшысы.

Айта кету керек, аудандық мәдениет үйі көрер­мен­дерге лық толы болды. Біз мұны төл өнерімізге деген үлкен баға, биік құрмет деп түйсіндік. Тоғыз жолдың торабындағы Шу шаһарына жиналған айтыскерлердің шешендігі мен тапқырлығын саралау үшін өңіріміздің зиялы қауым өкілдері де арнайы келді. Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі, ақын Ахметжан Өзбеков, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, күйші-сазгер, Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің директоры-Бас редакторы, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, облыстық «ARAI» жастар газетінің директор-Бас редакторы Дәулет Төленді және «Ұлттық журналистік зерттеу орталығы» қоғамдық қорының президенті Дәрмен Смайыл сияқты марқасқалардың айтыскерлер өнеріне қазылық етіп, кіл жүйріктің ішінен шын жүйрікті тануға, сондай-ақ, айтыстың әділ өтуіне атсалысуы кештің ажарын аша түсті.

Айтыстың жүргізушісі Сәнтай Пірман көрермендерді айтыскерлермен таныс­ты­рып, барлық он екі жұп жеребе тарту арқылы анықталғанын айтты. Бұдан кейін, тосын сұрақ, астарлы жұмбақтарға дәлдікпен, тапқырлықпен жауап беру басталып та кетті. Сахна төріне алғашқы бо­лып шыққан бірін­ші жұп Меркі ауданының ақыны Мұқағали Балтабай мен шулық Әділет Медетқұл сайысқа түсті. Жалындаған жас ақындар айтысы жиылған жұртшылықты ә дегеннен өздерінің ұтқыр сөздерімен тамсантты. Алғашқы жұпты жарты сағат бойы қыбыр етпестен тыңдаған көрермен қауым келесі кезекте шулық Бақытбек Жұмабеков мен Тұрар Рысқұлов ауданынан келген Асхат Қылышбектің өнерін тамашалады. Көрерменнің делебесін қоздырған қос саңлақ ойларын аса бір дәлдікпен, тапқырлықпен жеткізе білді. Өз кезегінде жергілікті Бақытбек ақын тақырыптан ауытқымай, Астана туралы толғап, бас қаланың мерейін тасытты.

Бақытбек Жұмабеков:
Біз мақтан тұтқанменен Астананы,
Астана Орынбордан басталады,
Одан кейінгі Астана – Қызылорда
Тарихы мұрағатқа тасталады.
Алматы – алтын көпір, әсем қала,
Қазақтың қасиетті қас-қабағы.
Астана Ақмолаға ауысқанмен,
Су ағады, орнында тас қалады.
Ақсай менен Кеңсайдың ортасында
Қазақтың қалды небір қасқалары.
Елбасы иран баққа айналдырып,
Бүкіл әлем таныды жас қаланы.
Бұл күнде Астананың бағы асып тұр,
Көрген жан көзін сүзіп адасып тұр.
Асырып Алашымның бар айбынын,
Астана аспан-көкпен таласып тұр.
Қаланың ортасынан орын алған,
Қасқайып Ханшатыры жарасып тұр.
Әлемдегі алпауыт мемлекеттер,
Мына менің еліммен санасып тұр, – десе, оған қарымта ретінде Асхат Қылышбек:
Елорданың тойын міне, тойлаудамыз,
Ажары күннен күнге абаттанған.
Ол тойды Шу тойламай, кім тойлайды?!
Хандықтың қазығын мұнда қадапты Аллам, – деп қарсыласының сөзін жалғай түсті.

Мұнан соң, қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен Байзақ ауданының ақыны Әсет Дүйсебаев айтысты. Ана мен бала болып сөз сайыстырған қос ақын айтыстың керемет келбетін көрсетті деуге болады. Әдемі әзіл-қалжыңмен бірін-бірі қағытқан олар арасында жұртшылықты ду күлдіріп те алады. Жақында ғана шаңырақ көтерген Әсет қарсыласының беташарына келмегенін айтып, өкпесін жеткізсе, Күміскүл Сәрсенбаева «Беташар деген салт-дәстүр, қоя тұршы оныңды, әкең екеуіміз жасаймыз, сендердің үлкен тойыңды» деп, айыбын жуатынын алға тартып, Конституция күнінде той жасап беретіндігін жеткізді. Осындай ой өрнегімен басталған сөз сайысы салиқалы аяқталды. Одан кейін халық алдына шыққан Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов пен Жуалының жүйрігі Қанат Мырзахан әдемі әзілдесіп, бір-бірін қалжыңмен тұқыртып қана қоймай, елдің әлеуметтік мәселелеріне де тоқталды. Қанат ақын: «Астанада жайқалған Бәйтеректің, тамыры Шу жерінде жатқан жоқ па» деп, Қазақ хандығының қазығы Шуда қағылғанын айтып, киелі топырақты құрмет тұтатынын тілге тиек етті.

Байзақтан келген жас ақын Рай Дөңбай мен шулық Нұрлан Жұмабаев мәдениет үйінің ішіндегі дүйім жұртқа Шудан шыққан зиялы қауым өкілдері мен батырларын, өнер адамдарын өлеңмен өре келе, «Талай-талай қырандар қанат қаққан, Шу жері де қазақтың бас қаласы» деп әуелетті. Ал, таластық Нұржан Манатбек пен болашағынан зор үміт күттіретін шулық Айым Көшербай жігіт пен қыз айтысының өзгеше үлгісін көрсетті деуге болады. Одан кейінгі тараздық арқалы ақын Есет Досалы мен сарысулық Алик Бекмұсаевтың айтысы да жиылған жұртшылыққа ерекше әсер етті. Астананың 20 жылдығын тойлауды аламан айтыс өткізуден бастағаны үшін аудан әкімі Қайрат Досаевқа алғысын айтқан ақындар тапқыр тіркестерімен көрермендерді күлдіріп те отырды. Мұнан соң, Байзақтың ақыны Дархан Әбдіманатұлы мен тараздық Дидар Аббасов және меркілік Мейіржан Жекебаев пен Жамбыл ауданынан келген Бақнұр Ерманның сөз тартыстары да тартымды шықты. Сахна төріне оныншы болып көтерілген белгілі айтыскер, Мұхамеджан Тазабековтың ұстазы, жамбылдық Айтмұханбет Исақов пен Байзақ ауданының жүйрігі Алтынкүл Қасымбекова бірін-бірі зілсіз қалжыңмен қағытып, көрерменнің де, қазылар алқасының да оң бағасын алды. Жамбыл ауданының атынан шыққан Шапағат Сәбитқызы мен Байзақтың ақыны Дидар Басығараев және тараздық Медеу Мырзатай мен Байзақ ауданынан келген Ернұр Бейсенов те өз деңгейінде өнер көрсетті.

Алғашқы кезеңде өнер көрсеткен айтыскерлердің әділ бағасын берген қазылар алқасы келесі кезеңге, яғни, мәрелік айтысқа төрт жұпты іріктеп алды. Олардың қатарында Айтмұханбет Исақов, Нұрлан Жұмабеков, Қанат Мырзахан, Айым Көшербай, Асхат Қылышбек, Алтынкүл Қасымбекова, Рай Дөңбай және Нұрлыбек Құрманов бар. Осылайша, екінші кезеңде үзеңгі қағысқан сегіз ақын озық ой мен тартымды тұжырымды кестелі тілдерімен көпшілікке жеткізуге тырысып бақты. Тиісінше, бас қаланың әсемдігі мен Шудан шыққан мықтыларды әр ақын өлең шумақтарымен шымыр өре білді.

Қазылар алқасы ақылдаса келе, екінші кезеңде өнер көрсеткен сегіз ақынның ішінен Айтмұханбет Исақов пен Асхат Қылышбекті үздік деп танып, қос дүлдүлді бас бәйгенің жүлдесі үшін айтыстырды. Қазылардың талабы бойынша ақындар қайымдаса айтысу керек болатын. Тарының қауызындай төрт жолға толғамды ойды сыйдырудың оңай емес екені белгілі ғой. Алайда, ақынның ақындығы көрінер сәтте екеуі де бұл сыннан сүрінген жоқ. Айтмұханбет ақын осы айтыстағы уытты ойын ұтымды әзілдермен әрлендіріп, сыпайы сөзбен көпшіліктің көңілінен шыға білді. Ал, өз кезегінде дарынды ақын Асхат Қылышбек:

Ағамды жағадан алып не қылайын,
Мен де енді өлеңімді тыймақ болдым.
Бас жүлдені беріңіздер Айтекеме,
Жолымды мен де сізге сыйлап бердім, – деп, өнердегі ағасына ізет көрсетіп, жолын берді.

Осылайша, ойы орамды, сөзі семсер кіл мықтылардың ішінен Жамбыл ауданының ақыны Айтмұханбет Исақов оза шауып, бас бәйгені және 500 теңгенің сертификатын қанжығасына байлап қайтты. Бірінші орынды еншілеген Т.Рысқұлов ауданының үкілеген үміті Асхат Қылышбек 300 мың теңге қаржылай сыйлыққа қол жеткізді. Сонымен қатар, әділқазы алқасының мүшелері өзара ақылдаса келе, екінші кезеңде өнер көрсеткен ақындардың ұпай санын есептеп, жуалылық Қанат Мырзахан мен Шу ауданының тумасы Нұрлан Жұмабековты екінші орынға лайық деп таныды. Қос ақынға ұйымдастырушылар 200 мың теңгеден үлестіріп берсе, жүлделі үштікті Жамбыл ауданынан Нұрлыбек Құрманов пен Байзақтан келген Алтынкүл Қасымбекова 100 мың теңге сыйлықпен қорытындылады. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев арнайы жүлде тағайындап, тараздық ақын Есет Досалыға, сарысулық Алик Бекмұсаевқа және байзақтық Әсет Дүйсебаевқа қаржылай сыйлық табыс етті. Айтысқа қатысқан ақындардың арасында Байзақ ауданынан келген Рай Дөңбай және шулық қос ақын Бақытбек Жұмабеков пен Айым Көшербай 50 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына ие болды.

 

Шынболат Сейдуалиев,
Шу ауданы.

ПІКІР