Sport

Ат үстінде атой салған Ұландар!..

Астана қаласының 20 жылдығына орай Жамбыл ауданында жастар арасында ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыс мәресіне жетті.

Облыстық деңгейде өткен бәсекеде өңір жастары аударыспақ, көкпар мен қазақ күресінен өзара кіл мықтыны анықтады. Аймақтың кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін тақымы тастай жігіттері аламанның көрігін қыздырды. Әуелі жастар алаңда аударыспақ ойынында атой салды. Нәтижесінде Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылынан келген Еркебұлан Тауасар жүлделі 3 орынды қанағат тұтты. Ал, тартысты бәсекенің ақтық кезеңінде осы аудандағы Еңбек ауылының балуаны Дәулет Ережепбаев тағы бір айшабибілік жас өрен Ерсұлтан Әзімбаевқа есе жіберіп алды. Айта кетерлігі, финалда өнер көрсеткен қос шабандоз да «Әулие Ата» спорт клубының белді мүшелері. Аударыспақтан қарсыластарына дес бермеген жүлдегерлер Елорда төрінде Астана қаласының 20 жылдығына орай өтетін жамбы ату, теңге ілу және аударыспақтан республикалық жарыста облыс намысын қорғайтын болады.

Ат үстіндегі арпалыстан соң жастар боз кілемде барын салды. Қазақ күресінен өткен бұл сында да жігіттер жасындай жарқылдады. Аударыспақтан қарсыластарына есе жіберген Еркебұлан Тауасар күресте алдына жан салмады. Ақтық кезеңде жолы болмаған Рауан Баеш тұғырдың екінші сатысынан көрінсе, Нұрдәулет Ораз жүлделі үшінші орынды місе тұтты.

Сондай-ақ, бас қаламыздың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды шара барысында үміткерлер асық ату, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, арқан тартыс, үстел теннисінен де сынға түсті. Аталған бәсекелер де тартысқа толы болды. Жүлдегерлер қатарынан көрінген спортты серікеткен жастардың бар­лы­ғына ұйымдастырушылар тарапы­­нан бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді.

Жамбыл ауданы

ПІКІР