"Алтын бесік"

Ат әбзелдерімен айналысатын Аят

Тұяғымен жер тарпып, теңселе билеп тұрған тұлпарды көргенде кім-кімнің де тұла бойының тулап қоя беретіні жасырын емес. Расында да, Ұлы дала елінде ұлағатты ғұмыр кешкен бабаларымыз төрт түліктің ішінде қылқұйрыққа ерекше ықыласпен қараған. Өз кезегінде жылқы да тектілігін танытып, иесіне сенімді серік бола білгені әмбеге аян. Әсіресе, жаугершілік замандардағы жан алысып, жан беріскен шайқастарда баһадүр батырлардың жеңіске жетуіне арғымақтардың қосқан үлесі орасан зор. Бұл орайда «Ер қанаты — ат» деген тәмсіл де тегін айтылмаса керек. Міне, қанға сіңген қасиет болғандықтан, қанша ұрпақ алмасса да Қамбар ата тұқымына деген құрмет ортайған емес.

Ал, осы жылқының әбзелдерінің өзі тұнып тұрған тағылым. Бағзыдан келе жатқан жүген, ноқта, қайыс шылбыр, ер-тұрман, таралғы сынды дүниелердің әрбірінің атқаратын қызметі бар. Яғни, атты басқару үшін тиісті құрал-жабдықтарының, ер-тұрман бөлшектерінің қаншалықты маңызды екенін мұқым қазақ жақсы біледі. Десек те, күнделікті пайдаланылған заттардың тозбай тұрмайтыны тағы белгілі. Осы ретте, елімізде жылқы малының әбзелдерін арнайы зауыттар емес, он саусағынан өнері тамған ісмер ұсталар жасап жатқанын айта кеткен орынды. Ал, бұл кәсіп екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұсталық балаға көбіне атадан дариды. Тым болмағанда, тұрманшы болу үшін де ұстаздың алдын көру керек. Себебі, қайыстарды қайыстырып, терілерді тесу, ағаш пен темірді икемге келтіріп, одан бұйым жасау оңай шаруа емес. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Аят Әбілдаев осындай қарапайым кәсібінің арқасында көптің алғысына бөленіп жүрген жандардың бірі.

Байзақ ауданындағы Кеңес ауылының тұрғыны Аят Ақжолтайұлы бүгінде алпысты алқымдаған азамат. Қаршадайынан еңбекке араласқан ол кеңшар тараған соң ата кәсіп — тұрманшылыққа бет бұрады. Ағаш июді, темірден түйін түюді жетік меңгерген шебер әр аптаның жексенбісінде мал базарына шығып, өзінің қолынан шыққан дүниелерін саудалайды. Кейіпкерімізді ең алғаш біз де сол базардан кездестірдік.

– Мен үйдің тұңғышы болғандықтан, ата-әжемнің қолында өстім. Атам жарықтық ағаш пен темірден түрлі дүниелер жасайтын. Ол кезде баламыз ғой. Дегенмен, соның өзінде көп болмаса да, біраз нәрсені көкейіме түйіппін. Мал баға жүріп, арғымағыма қажетті жабдықтарды өз қолыммен жасап алатынмын. Әкеме де, менен кейінгі 5 бауырыма да бұл өнер дарымады. Барлығы басқа саладан нәпақасын тауып жүр, – дейді ұста.

Аят Ақжолтайұлы бұл іске тек 2000 жылдары шындап ден қойыпты. Бүгінде шебер ат әбзелдерін әрлеп, тұлпардың тұяқжабарынан бастап, тоқым, айыл, желдік, өмілдірік пен жүген, қамшы мен жабуға дейін жасайды. Оған жан жары әрдайым қол ұшын созып, көмектесіп отырады екен.

Тұрманшы өз бұйымдарын саудалай отырып, бізге қолынан шыққан тауарларын таныстырды. Сөреде арғымақтың асай-мүсейлері, тіпті көкпарға киетін етікке дейін тізіліп тұр. Ер-тоқымның бірнеше түрі бар мұнда.

– Бұл ер-тоқымдар бір-бірінен өзгешелеу. Мәселен, бұрынғы ата-бабаларымыз отырған құранды ерді қазіргілер «науқанды ер» деп атайды. Мұны көбінесе көкпармен айналысатындар алып жатады. Бағасы 45 мың теңге. Ал, орыс ер өте ыңғайлы болғандықтан, мұны көкпардан бөлек, күнделікті тіршілікке де пайдаланатындар көп. Орыс ерлерді бұрынғысына қарағанда алды-артын биіктетіп, қолайлы етіп жасаймын. Құны 25 мың теңге көлемінде. Қазіргі уақытта ердің бұл түрі өтімді. Мен аптасына оның бес данасын жасаймын. Ал, құранды ерді көбіне тапсырыспен әзірлеп беремін. Ер-тұрманға көкағаш, яғни сопақ жапырақты қаратал мен бақа теректі қолданамын. Үйімде шеберханам бар. Тоқым, тартпа, ер-тоқымның қабын әйелім тігіп беріп отырады. Яғни, бұл тірлігімізді шағын кәсіпкерлікке жатқызуға болады, – дейді тұрманшы.

«Кәсіп түбі – нәсіп» дейді дана қазақ. Қол қусырып қарап жатпай, істің көзін таба білген ілкімді азаматтың тірлігіне амалсыз сүйсінесің. Есесіне, сол арқылы кіріске кенеліп, отбасын бағып-қағып отыр. Мысалы, құр ердің ең төменгі бағасы 15 мың теңгеден басталады. Ал, барлық жабдығымен қоса, күміспен күптеп берсе кемі 100 мың теңгеден жоғары саудаласатын көрінеді.
«Жасаған дүниемнің барлығының өз тұтынушысы бар. Ешқайсысы өтпей, керексіз болып қалған емес» дейді Аят Әбілдаев. Тұрманшы қамшы да жасайтын болып шықты. Бұл тұрғыда ол 6 және 8 өрімге басымдық береді екен. Сабына тобылғы ағашын пайдаланады.

Аят Әбілдаевтың үш ұл, бір қызы бар. Дегенмен, олардың ешқайсысы әке жолын қумапты. «Қазіргі жастардың көбі қолөнерді кәсіп санамайды. Оларға салса бел ауыртпай, білек шаршатпай ақша табатын оңай жұмыс керек. Сол секілді менің ұлдарым да анда-санда қолғабыс еткені болмаса, үшеуі үш түрлі саланың маманы» дейді шебер. Бірақ, қолөнер шебері жиенін ер-тоқым жасаудың машығына үйретіп, тәрбиелепті.

– Уақыт өте ер-тұрманға қызығушылардың қатары көбейіп келеді. Яғни, сұраныс артпаса кемімейді. Бірақ, ер-тоқымды түйенің терісімен қаптау өнері ұмытылып бара жатқандай. Мен мұны үлкен атамнан үйренген едім. Түйенің терісі мен мойнағын көршілес ауылдағы түйе бағушылардан аламын. Олар күзде түйе сояды. Сол кезде терісін алып кептіріп, оны майда шегемен ұрғылап отырып қаптаймын. Шәкіртіме ер-тұрман жасаудың әліпбиінен бастап, терімен қаптаудың қыр-сырына дейін үйреттім, – дейді шебер.

…Екі тізгін жоқ болса,
Ат басын адам бұра алмас.
Екі тартпа жоқ болса,
Ат үстінде тұра алмас.
Екі үзеңгі жоқ болса,
Атқа адам міне алмас.
Бәрі бірдей сай болса, Шайтан түгіл жын алмас… — деген қазақтың мына өлеңіндегі ат әбзелдерінің барлығын жасап, кәсібіне айналдырған шебердің есімі көпке таныс болмаса да, өнерін бағалайтын, шеберлігін мойындайтын ауыл тұрғындары жетерлік. Тіпті тұрманшыға Астана, Алматы қалаларынан келіп арнайы тапсырыс берушілер де баршылық. «Шебердің қолы — ортақ» деген осы болса керек.

Айжан Өзбекова

ПІКІР