«Атадан мал қалғанша, тал қалсын»

0 0

Өткен сенбіде Жамбыл жұртшылығы бір күнін тал егуге арнады. Ықылам заманнан бері дәстүрге айналып кеткен бұл үрдіс ұрпақ тәрбиесінің үлкен құралы. Сондықтан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзі бас болып саябаққа тал егіп, сонда жиналған жұртшылықпен тазалық, табиғатты аялау төңірегінде әсерлі әңгіме өрбітті.

Жалпы, сол күні облыста қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша көктемгі екі айлықтың тал егу шаралары бастау алып, ол жер-жерлерде, аудандарда да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Алдымен облыс әкімі Б.Сапарбаев таңертең Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына келіп, арнайы аллеяға ағаш көшетін отырғызды. Бұл сенбілікке аймақ басшысымен бірге Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев, облыстық және қалалық ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері, жастар және волонтерлік ұйымдардың өкілдері қатысты.
– Біз әрқайсымыз өз ауламызды, көшені, қаланы, ауданды таза ұстауға тырысуымыз керек. Абаттандыру бойынша сенбіліктер дәстүрге айналса игі. Тек аумақты тазалау және ағаш отырғызумен шектелмей, сол отырғызылған жасыл желектерді күтіп ұстау жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізіп отырған дұрыс. Мұндай сенбіліктердің өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор. Тұрғындардың өз балаларын осынау игі іске тартып, тәртіп пен тазалыққа баулып жатқандары қуантады. Жайлылық пен тәртіпті бірге орнатайық, – деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ, бұл күнгі ағаш отырғызу жұмыстары Тараз қаласындағы облыс әкімдігі ғимараты мен «Қазақ хандығы» монументінің жанында, халықаралық «Әулие-Ата» әуежайы аумағында, Ниетқалиев, Сүлейменов және басқа да көшелер бойындағы аллея, скверлерде өтті.
Естеріңізге сала кетсек, наурыздың 1-інен басталған екі айлық тазалық жұмыстары 1 мамырға дейін жалғасады. Сенбіліктерге қаланың орталық бөліктері, үлкен көшелер мен саябақтар, облыс орталығының шағын аудандары түрлі мекемелерге, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандарына бекітілген. Осындай игі мақсаттағы тазалық жұмыстары Тараздың төңірегінде ғана емес, облыстың барлық аудандарында қызу жүргізілуде.

Жасұлан Сейілханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.