"Алтын бесік" "Кәсіпкерлік"

Атакәсіптен нәсіп тапқан Асхат

Written by Aray2005

Мемлекет қамқорлығынан қолдау тауып, ісін кәсіп көзіне айналдырған Байзақ ауданы Мәдімар ауылының тұрғыны Асхат Шарипбаевтың тірлігі көпке үлгі.

Жас кәсіпкер М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Ақпараттық технологиялар» мамандығын бітіре сала «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсына қатысып, бизнестің қыр-сырына қанығады. Бизнес-жобасын сәтті қорғаған ол 7 жылға 6 пайызбен 3,5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, Кеңес ауылындағы «Құмбел» шаруа қожалығынан 7 бас аналық жылқы сатып алып, қалған қаражатты жем-шөпке жұмсайды.
– Төрт түліктің ішінде жылқы малын күтіп-баптауға құмармын. Берекелі кәсіпті таңдап алғаныма өкінбеймін. Мал шаруашылығын дамытуға мемлекет басымдық беріп отырған кезде мүмкіндікті тиімді пайдалана білу – өнер. Тек кәсіптің тетігін тауып, ерінбей еңбек етуге әрекет жасасаң болғаны. Атакәсіпті арқау етіп, жылқы малын баптап, төлі есебінен көбейтуді жөн көрдім, – дейді жас кәсіпкер.
Маңдай терін төгіп, адал еңбек етудің арқасында Асхаттың ісі алға басып келеді. Жылқылары төлдеп, көбеюде. «Мал — баққанға бітеді» деген аталы сөзді өмірлік ұстанымға айналдырған кәсіпкер алдағы уақытта саумал және қымыз өнімдерін тұтынушыға ұсынуды көздеп отыр.

Гүлжан ТҰРСЫНХОДЖАЕВА,
Байзақ ауданы

ПІКІР