Рухани жаңғыру

Атакәсіпті ардақ тұтқан Туғанай ана

Written by Aray2005

Киіз үй жасау ертеден келе жатқан ата кәсібіміз. Дегенмен оны Наурыз сияқты ұлық мерекелерде ғана іздейтініміз ешкімнен жасырын емес. Бірақ, осы өнердің тектілігін сақтап, ұл-қыздарына ұлағаттап, кәсібіне айналдырып отырған жандар киелі Әулиеата өңірінде баршылық. Солардың бірі «Би-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Туғанай Жолақова.

Туғанай Жолақованың негізгі мамандығы инженер-құрылысшы. Ата кәсіпке келуіне тоқсаныншы жылдардың тоқырауы себеп болыпты.
– Біз негізі Ақтөбе облысының тумасымыз. Жолдасым екеуміз Алматыдағы политехникалық институтты 1980 жылы тәмамдап, осы Жамбыл жеріне жолдамамен келдік. Мұнда еңбек етіп жүріп, 1991 жылғы дағдарыста жұмыссыз қалдық. Десе де кезінде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлары болған Қалма Мақажанова мен Күләш Назарбековалардың ақылымен сол уақытта «Ақ отау» тігін фирмасының тізгінін қолға алдым. Бірден ешкімге ұқсамайтын, ерекше бұйымдар жасағым келді. «Тұлпар», «Жібек жолы» деген атаумен шапандар тіге бастадым. Кейін келе киіз үй жасауға ауыстық,-дейді Туғанай Жалмұратқызы.
Қандай кәсіпті болмасын бірден игеріп әкету оңай емес. Кәсіпкер өз ісін жүргізуде көптеген қиындықтар кездескенін де жасырмады.
– Әр жасалған киіз үйге ықыласым ерекше. Құрылымы қарапайым киіз үй жасаудың бейнеті көп. Бұл жұмыс тек өз ісін сүйетін адамның қолынан келеді. Мен тіпті қанша уақыт өтсе де өзімнің қолымнан шыққан дүниені бірден танып қоямын. Әрқайсысында өз қолтаңбам бар, себебі. Қазақтың киіз үйін тігу үшін бірде-бір шеге пайдаланылмайды. Оның орнына түйенің терісі қолданылады. Құрылыс нысаны тек табиғи материалдардан жасалады, – дейді кәсіпкер.
Серіктестіктің есігі үйренемін деушілерге әрқашан ашық. «Үйренгенің өзіңе жақсы, жасағаның бізге жақсы» деген қағиданы ұстанған кәсіп иелері оқу орынан тәжірибеден өткісі келетін әрбір жасты қуана қарсы алып, білгенін үйретуден шаршаған емес.
– Бізге М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, ТИГУ, Тараз сервис және технология колледжі сынды оқу орындарынан студенттер тәжірибеден өтуге келеді. Бірақ, бұл кәсіпке қызығып, ынтасымен істейтіндер көп емес. Бір күн келсе, бір күн келмейді. Керісінше басқа облыстан келіп, үйреніп кететін де жастар бар. Олар үйреніп қана қоймай, жақсы идеялармен жұмыс жасап, жастарға берілетін грантты ұтып алып, шаруаларын дөңгелетіп жатады. Оған біз де қуанамыз, – дейді кәсіпкер.
Әңгіме арасында кәсіп иесі «Қазақы ұлттық құндылықтарымызды жастайынан үйретудің маңызы зор. Осы орайда балабақшалар мен мектептерде арнайы сабақ берілсе, болмаса киіз үйдің жабдықтарын үйретіп, киіз үйді тез құрастырып жинаудан байқаулар ұйымдастырсақ» деген ой тастады. Расында құптарлық идея. Қазақ үшін қара шаңырақтың киелі ұғым жоқ. Сондықтан кәсіп иесіне қолдау білдіру сіз бен біз үшін парыз.

А.Орынбасарқызы

ПІКІР