"Кәсіпкерлік"

«Атамекен Тараздан» несие алып, шаруасы шалқыған шаруашылықтар

Written by Aray2005

Қазір баяғы келмеске кеткен кеңестік кезең емес. Ендігі бесжылдықтың жоспары қалай болар екен деп, мал бақсаң да, жұмыртқа сатсаң да жоғары жақтан пәрмен күтіп отыратын заман жоқ. Жақсы өмірге, бақуатты тұрмысқа талпынсаң, нәпақа тапсам деген ниетің болса болғаны, Үкімет бар жағдайыңды жасаудай-ақ жасап келеді. Солардың бірі – шағын және орта бизнеске арналған несие саясатының тоңы жібіп, түрлі жеңілдіктердің қолданысқа енгізілгендігі. Ал осы санаттағы кәсіпкерлік субъектілеріне бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп жүрген кәсіпкерлер палатасының пайдасын бүгінде ел де, Үкімет те көре бастады.

Бизнеске ақыл емес, ақша керек

«Атамекен Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шағын несиелеу ұйымының ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Бұл ұйым кәсіптің көзін тапқандарға несие беру арқылы облыстың кәсіпкерлік саласының дамуына әжептәуір-ақ үлес қосып келеді. Яғни бұл қаржы ұйымының жақсылығын көрген жамбылдық шаруалар аз емес.
Аграрлы өлке саналатын Байзақ ауданында бақша шаруашылығы жақсы дамыған. Николай Рахметілдаев жетекшілік етіп келе жатқан «Бірлік» шаруа қожалығы осы кәсіптен нәсібін теріп жүргеніне жиырма жылға жуықтапты. Маусымдық дақылдар мен көкөніс өсіру бойынша «бірліктік» агрономдарға ендігі ақыл айтудың қажеті жоқ. Бірақ бір кездері ары қарай дамып, қанатын кеңейту үшін қаржыға қарап қалғаны бар екен.
– «Жамбыл монолит строй» ТРЕСТ-і банкротқа ұшырағаннан кейін 1998 жылы осы «Бірлік» шаруа қожалығын ұйымдастырдым. Бастапқы қадамды пияз, көпжылдық шөп, жүгері өсіруден бастадық. Алғашқы егіс алқабымыз небәрі 10-ақ гектарды құраған. Жылдар өте алқап аумағын кеңейтіп, 70 гектарға дейін жеткіздік. Әрине, алғашында ақшадан аздап қысылдық. Кейін де қаржы жетіспеушілігі сезіліп жүрді. Дегенмен қол қусырып қарап отыра бергеннен түк шықпасын біліп, белді бекем буып банктің есігін қақтым. Бірақ бір себептермен несиеге қол жеткізе алмай, банктен тауым шағылып шықтым. Осы аралықта таныстарым «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аясындағы «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінің курсын оқу арқылы несие алуға болатынын айтып, үміт отын жандырды. Осылайша тиісті курстан өтіп, «Атамекен Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 3 500 000 теңге көлемінде несие алдым. Қаржы ұйымының талабы көңілден шықты. Ешқандай бюрократиясыз, сабыла күтпей-ақ 4 пайыздық ставкамен қаржы алып, сол мүмкіндіктің арқасында биыл тамшылатып суару әдісімен қант қызылшасы мен пияз ектім. Сондай-ақ тамшылату технологиясынсыз да қара топыраққа қарапайым әдіспен жүгері, пияз, жоңышқаны сеуіп тастадым. Енді міне, осы еңбектің жемісін көріп, көңілім марқайып отыр, – дейді Н.Рахметілдаев.
Бизнесті қолдау шараларының шапағатын сезініп келе жатқан «Бірлік» шаруа қожалығы бүгінде өнімдерін Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласына өткеріп жүр. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен табыстың арқасында сенімді серіктестер де қожалық маңына топтасқан. Қызылша, пияз, жоңышқаны диқаншылығының жылдағы дәстүріне айналдырған «Бірлік» шаруа қожалығы осылайша несиенің арқасында кәсіпкерлік өрісін кеңейтіп отыр.
«Атамекен Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Самат Қосалиев те бұл шаруашылықтың аяқ алысына тәнті.
– Экономикалық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, бұл ұжымның аграрлық бизнесті ұтымды ұйымдастырып, аймақтың өңірлік өнімін еселеуге, облыс бюджетіне салық түріндегі түсімдерді көбейтуге мүмкіндігі мол. Сондай-ақ нағыз сұраныс артып тұрған қант өндірісіне шындап көңіл бөліп, қант қызылшасы шаруашылығымен түбегейлі айналысса, 2 жұмыс орны мен маусым кезінде екеуден де көп адамды жұмыспен қамти алады. Ең бастысы «Бірлік» шаруа қожалығына алдағы уақытта қант қызылшасымен облысты ғана емес, еліміздің барлық аймағын қамтитындай табыс тілейміз, – дейді серіктестік директоры С.Қосалиев.

Бәрі балықшылар үшін…

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы бұл шағын несие беру ұйымы өзінің өміршеңдігін көрсете алған кез келген тірлікке ақша құюға дайын. Тек тірлігіңнің түзу болғаны жөн. Мәселен, осы ұйымның арқасында Тараз төңірегінде балыққа құмар қармақшыларға арналған демалыс аумағы мен үндік шаруашылығы жұмысын жолға қойып алды. Демалыс аумағы Жамбыл ауданының Жасөркен ауылының маңында орналасқаны болмаса, Таразға тиіп тұр. Ал үндік бағып байығысы келген кәсіпкер соңғы жылдары облыс орталығы құрамына кірген Шөлдала елді мекенінде тұрады.
«Арнұр» жеке кәсіпкерлігінің қожайыны Руслан Саурамбаев кәсібінің баянды болашағы үшін батыл қадамға барып, «Атамекен Тараз» ұйымынан 4 пайызбен
5 жылға 20 миллион теңге несие рәсімдеген. Сол арқылы иелігіндегі шағын көлде тұқы мен алабалық өсіруді көздепті.
Мұндай мүмкіндіктің көмегімен кәсіпкер тараздықтар мен іргелес аудандардың балық аулаушыларына жайлы жағдай жасап, балық шаруашылығының дамуына үлес қосқысы келеді. Ол алған қаржыға алабалық ұстауға арналған үлкен бассейн салыпты және демалушылар үшін футбол алаңшасын да төсеп қойған. Әзірге демалыс аумағы уақытша жабық тұр екен. Өйткені онда қонақүй құрылысы мен аумақты көгалдандыру жұмыстары қолға алынған.
Балық қоры молайтылған көлге жаз бойы балықшылар бір толастамай ағылыпты. Кәсіпкер шабақтарды көрші Қырғызстан мен Түркістан облысындағы Шардара су айдынынан жеткізеді. Осында өсіріп, содан кейін көлге жібереді. Ол енді шаруашылық қуатын арттыруды, яғни тұқы балықтарын жылына 120 тонна, алабалықты 70 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде Руслан Саурамбаевқа жан-жақтан, оның ішінде Алматы облысынан тапсырыстар түсіп отыр.

Үндік бағып та баюға болады

Біле білсек, бүгінде үндік бағып та байып жатқандар бар. Сала мамандары бұл құс түрін бағуды ауыл шаруашылығының табысты да тиімді секторына жатқызады. Олар аз шығынмен көп табыс табуға болатын жобаны саралау барысында осындай қорытындыға келіп отыр.
Үндік өсірудің артықшылығын қазақ мамандарсыз-ақ жақсы білген. Бұл бизнестің аз ғана уақыттың ішінде жемісін көруге болады. Оның үстіне үндік еті диеталық ет түрлеріне жатады. Тек қатаң қадаға мен күтім керек.
Әулиеата өңірінде үндіктен жұмыртқа, ет өнімдерін алып отырған шаруалар баршылық. Тіпті әр ауданнан табылады. Бірақ мақсатты түрде кәсіпкерлік көзіне айналдырып, жемісін көріп отырғандарды көп деп айта алмаймыз. Өйткені көбісі тәуекелден қашады. Ал «Меркурий» шаруа қожалығының жетекшсі Гүлнара Сыздықова «Атамекен Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен алған 10 миллион теңге несие қаржысына біраз жоспар құрып үлгеріпті.
– Бұл құс түрін дұрыс таңдамасаң да кейін өнім көрсеткішін төмендетіп, бастаған ісіңнің берекесін кетіріп жібереді. Асықпай зерттей келе, мен еті дәмді әрі тез өсетін «БИГ-6» деген үндік түрін таңдадым. Бұлардың аталығы 25 келіге дейін салмақ тартса, аналығы 11 келіге дейін барады. Ал одан шығатын өнімнің таза салмағының 80-85 пайызға дейін жетуі – рекордтық көрсеткіш. Бұл көрсеткішпен ешқандай үй жануарын салыстыруға келмейді. Дегенмен үндіктің бұл түрін көбейтуде бір келеңсіздік бар. Ол – өздігінен, яғни табиғи жолмен баяу көбейетіндігі. Сол себепті қолмен жұмыртқа бастырып, көбірек балапан шығармасаң кәсібіңнің өнімділігі түсіп кетеді. Міне, біз осы мақсатта палата жанындағы қаржы ұйымынан қомақты несие алып, инкубатор және өзге де керек-жарақтарды сатып алдық, – деген Гүлнара Сыздықованың да палата өкілдеріне және серіктестік ұжымына айтар алғысы шексіз.
«Меркурий» шаруа қожалығы алдағы қазан айында 3 мың тоннаға жуық ет алуға дайындалып отыр.
Тізбелей берсек, «Атамекен Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы несие рәсімдеп, болашаққа деген сенімін нығайтқан бизнес субъектілері осы үшеуімен шектеліп қалған жоқ. Қаржысы қолына тиісімен ойға алған жоспарын жүйелі жүзеге асырып отырған жамбылдық шаруалар аз емес екенін жоғарыда айтып өттік.
Қалай болғанда да тоқсаныншы жылдардың басында кәсіпкерлікпен айналысамын деген кез келген адамның алдында таудай тәуекелдер кесе-көлденең шықса, бүгінде түрлі таңдау тұр. Тек ниетің, икемің, іс бастауға деген құлшынысың болса жетіп жатыр. Елбасы айтқандай, несие рәсімде де, тірлік ет. Оған палатаның көмек қолы әрқашан дайын.

Ж.БАҚЫТБЕКҰЛЫ

ПІКІР