"Тарих. Таным. Тағылым."

Атаулар астарында көп сыр бар

Written by Aray2005

Наурыз мерекесін қазақ елі ертеден атап өтіп, тойлап келеді. Оның бір дәлелі сөздік қорымыздағы осы мерекеге қатысты түрлі атаулар мен түсініктердің көп болуы. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің тұтас ұлттың бейнесін айқындаудағы мәні де, маңызы да зор.

Наурызкөже – Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Оны халық арасында «тілеу көже», «көп көже» деп те атай береді. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылады. Түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан тоқшылық, береке болсын деген ниетпен наурызкөжеге жеті түрлі дәм қосылады. Наурызкөжені қазір әркім әр түрлі дайындайды. Бірақ, міндетті түрде бидай, тары, ет, тұз, қазы және ағарған қосылуы керек.
Наурызнама – Мәшһүр Жүсіп: «қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама», – деп жазып кеткеніндей, наурыз айында өтетін үлкен ойын-сауық мереке. Онда көкпар, қыз қуу, алтыбақан, арқан тартыс, күрес секілді ойындар өткізіледі. «Наурызнама» бір емес, бақандай сегіз күн қатарынан тойланған екен. Ел ішінде мал сойып, наурызнама жасауға шамасы келмегендер болса, жалғыз қой сойса да наурыз күні «ауылға дәм таттырамын» деп басын сақтап қоятын болған.
Наурызшешек – көктемнің алғашқы айында гүлдейтін, жапырақты, түрлі гүлді, қауашақты әсем, майының емдік қасиеті бар шөп. Оны үйде өсіруге де болады. Қазір «Қызыл кітапқа» енген бағалы өсімдік ретінде саналады.
Наурызжыр – Наурыз мерекесінде айтылатын халық, ауыз әдебиетінің бір түрі. Жыр-өлең осы күнге лайықталып, мадақтау, тілек, бата, әзіл түрлерінде айтылады. Оның түрлері халық арасында өте көп тараған. Бұл күні кәрі-жас бата-тілектерін өлең, жыр арқылы айтқан. Басқосуларда үлкендер жағы жас балаларға Наурызға, көктемге қатысты әртүрлі жыр-дастандар оқыған.
Наурыз бата. Халқымызда батаның түрлері сан-алуан. Соның бірі – осы Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге, осы күнге арнап наурызкөжеге шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға тағы да басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді.
Наурыз төл – Наурыз жыл басы болып есептелгендіктен осы айда туылған малды «Наурыз төл» деп атайды. Ол төлбасы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төлбасы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.
Наурызек – көктемнің хабаршы құсы, наурыз айында келетін ерекше торғай. Халық көктемнің келгенін осы құстың келуімен білген. Денесі жеңіл кіп-кішкентай құстың құйрығы ұзын, түсі көк болады. Наным бойынша, наурызек келгеннен кейін күн жылынып, айтарлықтай боран, суық болмайды.

Айжан Өзбекова

ПІКІР