БАСТЫ БЕТ Жамбыл жаңалықтары

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға атүсті қарауға болмайды

Written by Aray2005

Кеше облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осы мәселені баса айтты 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев киелі Әулиеата өңіріне жасаған сапары барысында алдымен Тараз қаласындағы халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысып, атаулы әлеуметтік көмектің берілу барысына қанықты.
Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бауыржан Төлегенов осыдан екі жыл бұрын ашылған мекеменің ғимаратын көрсетіп, атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады.
Орталық басшысы бүгінгі күні жұмыспен қамту орталығының өкілдері 1 008 отбасыны тексергенін, оның ішінде 271 отбасының жасырын табысы бар екені анықталып, 11 іс сотқа беріліп, 2 отбасы алған қаражатын өз еркімен қайтарғанын тілге тиек етті. Бердібек Машбекұлы атаулы әлеуметтік көмекті алуда кейбір облыстардан азаматтардың заңбұзушылық фактілері анықталғанын, оларға заңсыз төленген қаражатты өз еріктерімен қайтарудан бас тартқан жағдайда құқық қорғау органдарымен жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Бұдан кейін министр облыс орталығындағы «Barbershop» ерлер салонына барды. Салон жетекшісі Аида Батырбекова осыдан 1 жыл бұрын «ДАМУ» қорынан «Еңбек» бағдарламасы аясында 6 пайыздық үстемемен 5 миллион теңге қаржы алған. Бұл қаржыға кәсіпкер қала орталығынан ерлер шаштаразын ашып, тұтынушылардың талғамына сай қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі таңда салонда 6 адам жұмыс істейді. Ашылғанына жыл толмаса да шаштараздың жұмысы жүйеленіп, кәсіпкердің мемлекеттен алған берешегі де бітуге шақ қалған. Көпбалалы ана алдағы уақытта кәсібін кеңейткісі келетінін жасырмады. Министр өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың өңірге жұмыс сапары облыстық әкімдікте өткен жиынмен жалғасты. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау ісінің жай-жапсары жан-жақты қаралған басқосуға жергілікті атқарушы органдардың басшылары, мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық емес ұйымдардың жетекшілері қатысты. Басқосуда алғы сөзді алған облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмысының барысы туралы баяндама жасады.
– Облыста 162,5 мың адам немесе 32,5 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Атаулы әлеуметтік көмекке 21,2 миллиард теңге қарастырылса, оның 1,2 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінеді. Көмек алушылардың 16,5 пайызы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. 12 отбасы бірреттік атаулы әлеуметтік көмек алып, жеке қосалқы шаруашылық пен кәсіпкерлікті дамытуда. Сол секілді Тараз, Жаңатас, Қаратау қалаларында баспанаға мұқтаж 612 отбасыны тұрғын үй кезегі келгенше жатақханалармен қамту жоспарлануда, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Облыс әкімінің міндетін атқарушы өз баяндамасында өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту шаралары, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы да сөз қозғады.
Ал министр Бердібек Сапарбаев өңірлерде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда жіберілген кемшіліктерді жіпке тізіп, оларға мүдделі мекемелердің назарын аударды.
– Қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуы, сол арқылы әлеуметтік жағдайын жақсарту Үкіметтің жіті назарында. Соның арқасында соңғы жылдары әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарына қарастырылатын қаржы көлемі екі есеге дейін ұлғайды. Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек 291,1 мың қазақстандық отбасыға тағайындалды. Бұл 1 миллион 446 мың отандасымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. Алайда өңірлерде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың түпкі мақсатын дұрыс түсінбеу фактілері байқалады. Ең әуелі, біз көмектің бұл түрін тағайындау елдегі кедейшілікті азайтуға бағытталғанына назар аударғымыз келеді. Ал Жамбыл облысында кедейшілік шегі төмендемеген. Ескерте кететін тағы бір жайт, атаулы әлеуметтік көмек 3 айға ғана тағайындалады. Одан кейін көмек алып келген отбасыға оны тағайындау ісі қайта зерделенеді, – деді Бердібек Машбекұлы.
Министр өз сөзінде облыста атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудағы бірқатар олқылықтарға жол берілгенін де атап өтті. Мәселен, көмек алу туралы 296 жамбылдықтан түскен арызға АӘК тағайындау туралы шешімді сол күні шығарыпты. Бұл жағдайда учаскелік комиссиямен арыз білдірушінің материалдық жағдайын анықтау жұмыстарының атүсті жүргізілгенін аңғару қиын емес. Сондай-ақ 1 216 арыз тиісті тарапынан қаралмаған. Тіпті атаулы әлеуметтік көмек алуға ешқандай өтініш қалдырмаған 2 отбасыға қаржылай аударымдар жасалып келген.
– Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда отбасы мүшелерінің бір шаңырақ астында өмір сүруіне де баса назар аударылады. Мысалы, көмек алған кей отбасылардың басқа қаладағы жоғары немесе арнаулы оқу орындарында оқитын студент балалары бар. Демек, бұл студенттер өз отбасымен бірге тұрмайтын болғандықтан әлеуметтік көмек тағайындалмауы керек. Ал бізде көмек алу үшін осы студенттерді жергілікті оқу орындарында оқитындығы туралы жалған анықтама ұсыну фактілері бар. Жамбыл облысында балалары өзге қалада оқитын 741 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып келген, – деді министр.
Көмек алу үшін жеке кәсіпкерлігін жауып, некесін бұзу сынды сорақы әрекеттерге барып жатқандардың бар екенін айтқан Б.Сапарбаев ендігі кезекте ағымдағы жылдың 1 сәуірінен кейін әлгіндей амал жасағандарға АӘК тағайындалмайтынын жеткізді. Министрдің өңірдегі әлеуметтік көмек тағайындау ісіндегі сынына қатысты облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Тимуржан Нұрымбетов түсініктеме берді. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, күні бүгінге дейін жамбылдықтарға жалпы көлемі 6,7 миллиард теңге болатын атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Сондай-ақ қайта зерделеу жұмыстарының нәтижесінде көмек ретінде негізсіз берілген 3,9 миллион теңге қайтарылып, жалпы сомасы 110 миллион теңге үнемделген.
Қорытынды сөзінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмекті шын мұқтаж жандарға тағайындау жұмыстарының ақсауына мемлекеттік органдар арасындағы байланыстың өз деңгейінде болмауы себеп екенін алға тартты. Сонымен бірге өңірде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау ісін әлі де ширатып, оның төңірегінде қалыптасқан мәселелерді мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, уақыт оздырмай шешуді тапсырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің облысқа жасаған жұмыс сапарының соңы Т.Рысқұлов ауданындағы халықты жұмыспен қамту орталығының тынысымен танысуы арқылы түйінделді.

Айжан ӨЗБЕКОВА,
Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР