Атаулы көмектен бас тартып, кәсіпке бет бұрған Гүлхан

0 7

Мемлекет ұстанған әлеуметтік саясаттың басты негізі – халықты кедейшіліктен арылту. Мемлекетіміз жұмыссыз жүрген азаматтарды, көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларды, жастарды, мүмкіндігі шектеулілерді айрықша қамқорлыққа алған. Оларға қаржылай немесе материалдық тұрғыда көмек көрсету заңмен бекітілген.

Десе де аталған азаматтардың арасында еңбекке жарамды бола тұра мемлекетке қол жайып отырғандар бар екенін мойындауымыз керек. Ал оларға мемлекет жағдайы жоқ екен деп қаржылай көмек берумен ғана шектелсе, елде кедейшілік кемімейтіні анық. Сондықтан мемлекеттің халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған осындай осал топтарына жұмыс тауып беру немесе өз бетінше кәсіп ашып, іс бастауына жағдай жасауы – басты парыз. Осы бағытта бүгінде өңірімізде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бастау бизнес» жобасы секілді айтулы бағдарламалар іске асып, соның арқасында бағдарлама рақатын көріп отырған азаматтар аз емес. Етінің тірілігіне орай елге кәсіп ашу арқылы қызмет етіп немесе белгілі бір кәсіп игеріп, еңбек дүбіріне араласа бастаған азаматтар Байзақ ауданында да бар. Аталған аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіпкерлікті дамыту және кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы Бахытжан Қияшев ауданда мемлекет есебінен қайтарымсыз қаржы мен несие алушылар саны жыл санап артып келе жатқанын айтады.
– Биыл ауданда 38 азамат өз кәсібін бастау үшін мемлекет есебінен жеңілдетілген пайызбен несие алды. Олардың әрқайсысына берілген қаржы көлемі шамамен 3 жарым миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ 250 тұрғынның әрқайсысына 583 мың теңгеден қайтарымсыз қаржы берілді. Оның ішінде 55-і жастар болса, 67-ісі көпбалалы ана, қалғаны – аз қамтылған отбасы. Несие мен грант алғандардың дені мал шаруашылығымен айналысуға бет бұрса, кейбірі халыққа техника жөндеу орталығы, шаштараз іспетті кәсіпкерлік нысан ашу арқылы секторлық қызмет ұсынып жатыр. Тағы бірі үйде отырып табыс табудың амалына көшті. Соның бірі – Бәйтерек ауылының тұрғыны Гүлхан Бурибаева. Ол өзінің сүйікті ісін табысқа айналдырып отырған кәсіпкер, – дейді Бахытжан Владимирұлы.
Гүлхан Садуахасқызының негізгі мамандығы – қаржыгер. Жоғары оқу орнын бітіргенімен, кезінде аталған мамандық бойынша еңбек етудің сәті түспепті. Дегенмен ол аудандағы «Теремок» балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек еткен. Мардымсыз табыс жақсы тұрмыс кешуге қолбайлау болғаннан кейін кәсіппен айналысуға бел буыпты. Осылайша ол аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына барып, мамандардың кеңесін алған. «Бастау бизнес» жобасы арқылы қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өтіп, қайтарымсыз грантқа қол жеткізіпті. Қазір тапсырыспен кондитерлік өнімдер, тәтті тағамдар пісіріп, өнімді ауылдастарына сату арқылы пайда тауып отырған жайы бар. Кейіпкеріміз күйеуі екеуі екі қыз, бір ұлдың болашағы үшін осындай қадамға барғандарын айтады.
– Адам өз мақсат-мұратына жетуі үшін тек арманға ғана иек артпай, әрекет ете білуі де керек. Бұған дейін әйел заты болған соң үйдегілер мен жақындарыма, балаларға арнап түрлі тәттілер мен тағамдар пісіретінмін. Кәсіп ашқанға осы қабілетім басты себеп болды. Өйткені бірінен-бірі естіген жақындарым мен ауылдастарым қолымнан шыққан тәтті тағамдарды жоғары бағалап, тапсырыс бере бастады. Ойлана келе «Бастау бизнес» жобасына қатысуды жөн санап, жоба ұсынған мүмкіндіктер мен артықшылықтарды мүлт жібермеуге тырыстым. Нәтижесінде қолыма 583 мың теңге қайтарымсыз қаржы тиді. 2019 жылдан бері аз қамтылған отбасы ретінде балаларыма атаулы әлеуметтік көмек алатынмын. Бүгінде кәсіп бастап, табыс тауып жатқандықтан атаулы әлеуметтік көмек алудан өз еркіммен бас тарттым, – дейді жеке кәсіпкер.
Гүлхан Бурибаева алған қаражатты кондитерлік өнімдерді пісіруге арналған кәсіби газ плитасын, электр пешін, микротолқынды пеш, мультиварка, электронды таразы және тағы басқа кәсіби кондитерлерге арналған заттар мен жабдықтар сатып алуға жұмсапты. Өнімді пісіргенге жұмсалатын азық-түлікті (шикізатты) өз қаражатына сатып алып іс бастап, табысты жаратпастан айналымға салып отырған. Бүгінде ол түскен табыс есебінен асүйді заманауи типте толығымен жабдықтап алыпты. Өйткені тапсырыс берушілердің көңілінен шығу үшін оның жұмыс орны таза әрі санитарлық талапқа сай болуы керек. Гүлханның бастаған ісінің оңға басуына осы талап үдесінен шыға білуі де әсер етсе керек.
Айтуынша, тұрғындар тарапынан тапсырыс күнде, кем дегенде күнара түсетін көрінеді. Ол әртүрлі бейнеде безендірілген торттар, бәліштер, тоқаш, құймақ, чак-чак, пахлава, кекс сынды кондитерлік тәттілермен қатар, самса, бауырсақ, пельмен, манты, қаттама нан секілді барлық тағам түрлерін жедел дайындайды. Пісірген тағамдарын жарнамалау мақсатында ашқан әлеуметтік желідегі «Instagram» парақшасында да тіркелушілердің қатары өскен. Осы арқылы ол тағам түрлерінің ассортименті мен бағалары көрсетілген прайс-парақшасын сәтті жүргізіп отыр.

Аталған кәсіп иесінің болашақтағы арманы –
бизнес аясын кеңейтіп, кондитерлік цех ашу арқылы ауылдас қыз-келіншектерді жұмыспен қамту. Қазір ол өз өнімін жергілікті дүкендер мен мейрамхана, тойханаларға өткеру жағын ойластырып жүр. Ел ішіндегі «Еңбек еткеннің ерні қимылдайды» деген нақылдың мәні осы.

Нұрым Сырғабаев
Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.